Диагноз

МАЗАНЫ ҚАШЫРҒАН МЕНИНГОКОКК

Cоңғы бірнеше айдың ішінде менингококк инфекциясын жұқтырғандар қатарының күн санап артуы қазақстандықтардың үрейін алып тұр. Себебі, осы уақытқа дейін аты көп атала бермеген инфекцияны жұқтырғандардың арасында өлім құшқандары да аз емес. Мәселен, ағымдағы жылы елімізде менингококк жұқпасына 59 адам шалдығып, 13-і көз жұмса, 2017 жылы 11 адам қаза болған. Еліміздің басқа аймақтарына қарағанда әсіресе Алматы қаласында аталмыш дерттің дендеп тұрған жайы бар. Ал, облысымызда бүгінде қоғамда қызу талқыға түсіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қатаң бақылауға алынған инфекциядан әзірге ешқандай қауіп жоқ.

Мамандардың айтуынша, менингококк – бұл бактерия. Менингококк бак­те­рия­сының он екі түрі бар. Олардың алтауы (A, B, C, W135, Y, X) адам өміріне қауіпті. Бұл бактериялар мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне жеке тығыз байланыс кезінде жұғады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғам­дық денсаулық сақтау комитетінің облыс бойынша қоғамдық денсаулық сақтау депар­таменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахымовтың ай­туын­­ша, биылғы 4 айда облысымызда менин­гококк инфек­ция­сының эпи­де­мио­ло­­гиялық жағ­да­йы тұрақты екен.
– Өткен жылы аймақта менингококк инфекциясына бір азамат шалдықты. Бірақ, дер кезінде ем қабылдап, қазіргі уақытта құлантаза айықты. Яғни, аурудың алғашқы белгілері біліне бастағанда, медициналық көмекке уақытылы жүгінсе ешқандай қауіп жоқ. Негізгі белгілеріне дене тем­пе­ра­тура­сының 39 градусқа дейін және одан жоғары көтерілуі, лоқ­сып, кенеттен басы қатты ауырып, гем­морагиялық бөртпе, желке бұлшық етінің тартылуы, тыныс алудың, сананың тежелуі, бұзылуы жатады. Әлсіреп, белі, аяқ-қолы ауырады. Науқас шөлдеп, тамаққа тәбеті төмендейді. Бір айта кетерлігі, аурудың бұл түрі ангина, тұмау, тонзиллит сияқты болып көрініп, жеңіл түрде өтеді. Сырқаттану, әсіресе, қыс және ерте көктемде жоғары болады. Бұл адамның иммундық жүйесінің жылдың осы кезеңінде белсенді болатын ЖРВИ, тұмау және басқа да көптеген вирустармен әлсіз бола­тын­ды­ғына бай­ла­нысты. Баршамызды алаңдатып отырған еліміздегі ахуалға қатысты облыс көлемінде сырқаттанушылық көрсеткіштеріне, эпидемиялық маңызды нысандардың санитарлық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілуде, – деген Күмісбек Рахымұлы жоғарыда аталған аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақыт созбай дәрігерге тезірек көріну керектігін баса айтты.
«Бірінші байлық – денсаулық» дейді халық даналығы. Адам үшін жаны мен тәнінің амандығынан артық нәрсе жоқ. Сондықтан, өз денсаулығымызға жүрдім-бардым қарауға болмайтынын айтып жатудың өзі артық. Әсіресе, бүгінгі таңда экологиялық ахуал жыл санап нашарлап және одан өзге де денсаулыққа кері әсерін тигізер факторлардың көбейгенін ескерсек, жайбасарлыққа басудың тіпті реті жоқ. Сол себепті, «Сақтансаң-сақтайды» демекші, кез келген ауру­дың алғашқы белгілері байқалса маман­дар­дың көмегіне жүгінген абзал. Әрі спорт­пен тұрақты түрде шұғылдануды да әдетке айналдырсақ, ауру атаулының бойымыздан алшақ болары анық.

Аурудың алдын алуға айрықша назар

Еліміздің аймақтарында менингококк жұқпасының тіркелуіне байланысты өңірде инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі штаб құрылып, жұмысқа кірісті. Кеше облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалық етуімен аталмыш штабтың алғашқы отырысы өтті.
Күн тәртібінде облыста менингококк инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал және атқарылған іс-шаралар талқыланды. Бұл мәселе төңірегінде облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың баян­да­ма­сы тыңдалды.
Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, облыс аймағында менингококк инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Ағымдағы жылдың бес айында аталған дертпен 1 оқиға тіркеліпті. Статистика бойынша соңғы бес жылда өңірімізде менингококк жұқпасына шалынушылық 5 оқиғадан 3 оқиғаға азайған. Ал, менингококк инфекциясын емдеу үшін облыстың барлық ауруханаларында инфекциялық аурулар бөлмелері жасақталып, инфекционист дәрігерлер 95 пайызға қамтылған.
Келесі кезек­те сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай ітдетке қарсы ақпараттандыру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда, Еркебұлан Әбілханұлы облыстағы аурушаңдық жағдайды зерделеу кезінде халқы тығыз орналасқан Тараз қаласы инфекцияның ошағы екенін, сондықтан алдын алу шараларын мықтап қолға алып, жедел түрде арнайы штаб құрылуын тапсырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР