Қоғам

Мазасыз маусым

Written by Aray2005

Суға шомылу сақтықты қажет етеді

Жаймашуақ жазбен бірге аңқаны кептірер аптап ыстықтың да қатар келетіні рас. Мұндайда жұрт көлеңкеден сая іздеп қана қоймай, салқын судың да рахатын сезінгісі келіп, шомылуға асығып тұрады.

Бүгінде Тараз қаласында үлкенді-кішілі бассейндердің саны көбейе түскен. Осындай орталықтар қатарына жақында ғана қосылған Талас өзені жағасында орналасқан «Aqua Madina» демалыс орны да жатады. Бұл демалыс орнының бір ерекшелігі, онда қаламыздағы ең алғашқы тау жотасынан сумен сырғанау жолы ашылып отыр. Талас өзенінің жағасындағы биіктен басталатын сырғанау жолының ұзындығы 140 метрді құрайды. Демалыс орны қожайындарының сөзіне сенсек, қазірше Қазақстандағы ең ұзын су жолы – осы демалыс орнында екен. Бұдан бөлек балаларға арналған 40 метрлік су жолы да өз жұмысын атқарып, жазғы демалысты асыға күткен ойын балаларының нағыз асыр салатын жеріне айналып шыға келді.

– Демалыс орнын ашудағы басты мақсатымыз – халыққа қолжетімді бағада сапалы әрі пайдалы қызмет көрсету. Су жолы жастардың нағыз адреналинді сезінетін ошағына айналды. Жақын арада тағы да жөндеу жұмыстарын жүргізіп, су жолын қазіргі кезінен әлдеқайда қызықты әрі қауіпсіз етуді көздеп отырмыз. Шүкір, ашылғалы бізде оқыс жағдай бола қоймады. Басты жауапкершілік – келушілердің амандығы, олардың өмірі. Біз ең бірінші кезекте қауіпсіздік шараларына баса мән беріп отырмыз, – дейді демалыс орнының иесі Уәлихан Абибулла.
Тараз қаласында мұндай орындардың ашылуы қуанышты-ақ жаңалық. Десек те осы шомылу маусымының қауіпсіздік шараларына қаншалықты мән береміз? Құзырлы органдар алдын алу жұмыстарын күшейтіп жатыр ма?
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, аймақта жыл басынан бері суға кету оқиғалары тіркелмепті. Жалпы, 2018 жылдың шомылу кезеңінде жүргізілген профилактикалық жұмыстар нәтижесінде суға кету көрсеткіші 37,5 пайызға төмендепті. Олай дейтініміз, 2017 жылы суға түсемін деп 32 адам ажал құшқан екен. Ал былтыр жиырма адам суға кеткен.
Қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Жедел-құтқару жасағының» күштері мен құралдары облыс су айдындарындағы оқиғаларда жедел әрекет ету үшін толық дайын тұр. Одан бөлек 15 техника, 10 жүзу құралы (резеңке және темір қайықтар) және 93 инженерлік жабдық дайындалып қойыпты.
Әрине, құтқарушылар қанша жерден өз жұмысына сақадай сай әзір болғанымен көп жағдайда әркімнің өмірі өз қолында. Себебі судағы келеңсіз оқиғалар адамдардың өзіне-өзі тым сенімділігі, өз күші мен мүмкіндіктерін асыра бағалауы, судағы қарапайым жүріс-тұрыс қағидаларын сақтамауы салдарынан орын алып жатады.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ең алдымен, алкоголь мен есірткіден мас болған күйінде суға түсуге болмайды. Себебі есі кіресілі-шығасылы масаң күйдегі адам не істеп жүргенінен өзіне есеп бере алмайды екен. Сонымен қатар суға қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, суда жүзуге арналмаған жарақтардан секіруге, тексерілмеген және жабдықталмаған орындарда сүңгуге, жүзу шегінен аспау үшін қойылған белгілерден асып кетуге, жүзуге арналмаған заттарды суда пайдалануға, техникалық және ескерту белгілерінен асып жүзуге, балалардың ересек адамдарсыз суға шомылуына тыйым салады.
Сондай-ақ мамандар суға батқан адамның өмірін сақтап қалу жолындағы бұлжымас әрі жедел шараларды да қаперде ұстау керектігін ескертеді.
Ең бірінші, уақыт жоғалтпай зардап шегушінің демалуына жағдай жасап, қолдан тыныс алу шараларын бірінші кезекте атқарған жөн.
Екіншіден, зардап шегуші адамды судан алып шыққаннан кейін оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кірісу керек. Содан кейін барып зардап шеккен адамның аузын азу тістерінің ар жағынан саусақпен қармай немесе қол орамалмен ашу керек.
Міне, құтқарушылардың қарапайым ғана осы қағидаларын есте ұстап жүргеннің еш артықтығы болмайды. Өйткені төтенше жағдай немесе жедел жәрдем қызметкерлері келгенше талай жанның демі үзіліп кеткенін жаңалықтардан көріп жүрміз.
Жаратқанның «Сақтансаң, сақтаймын» деген ескертпесі де қай тілсіз жаудан болсын қорғанудың алғашқы қадамы екені үнемі жадыңызда жүрсін.

Жанерке ҮКІБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Журналистика» мамандығының
2-курс студенті

ПІКІР