Мазмұны терең, мәні зор мақала

0 16

Бүгінде біз дамыған елдердің қатарына қосылған дамушы елміз. Алға қойған мақсатымыз – әлемдегі дамыған озық отыз елдің қатарына қосылу. Бұл үдеден шығу жолындағы мақсатымыз – айқын, бағытымыз – тура. Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріміз де, көрген қиыншылықтарымыз да аз емес. Құдайға шүкір. Бұған да тәубе.
Қазіргі өскелең ұрпақ бақытты. Тәуелсіз, егемен елде емін-еркін алаңсыз өмір сүріп жатыр. Құп. Жақсы дерміз. Алайда, сол жастарымыз бұл күннің қадірін біле ме? Түсіне ме? Тәуелсіздік қалай келді? Ел болуымыз үшін не істелді деп ойланама өзі? Бұл сауалдар еліне жанашыр азаматтарды бейжай қалдырмайтыны анық.
Ең әуелі, жастарымыз қазақтың кім болғанын, осы күнге жету үшін не істегенін, тарихты, туған жердің, елдің сырын,Тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін білсе, сезінсе екен деймін. Қазақ көрмеген нәубет жоқ. Жаушылық заманды да, отаршылдықты да, ашаршылықты да, зұлмат соғысты да бастан өткерді. Ділінен, тілінен, дінінен айырылып қала жаздады. Тар жол, тайғақ кешкен ата-бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің, іні-қарындастарымыздың төгілген қаны, ақ жаулықты әжелеріміздің, асыл аналарымыздың көз жасы Тәуелсіздігіміздің өтеуі болды.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап тарағаннан кейін біздің ел Тәуелсіздігін алды. Өзін тәуелсіз, егемен ел деп жариялады. Семей полигоны жабылып, ел аумағы ядролық қарудан тазартылды. Бүкіл әлем бізді бейбітсүйгіш мемлекет ретінде таныды, мойындады. Ата заңымыз қабылданып, мемлекетіміздің нышандары белгіленді. Төл теңгеміз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Шекарамыз шегенделді. Көпвекторлы саясаттың аясында шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Ел игілігіне бағытталған мемлекеттік стратегиялық маңызы бар ауқымды бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылды. Ел азаматтарының қолайлы ортада өмір сүруіне, жастардың шетелде сапалы білім алуына, озық технологияларды меңгеруіне жағдай жасалды. Дамудың даңғыл жолына түстік. Бұның барлығы Елбасының басшылығымен іске асты. Ел бірлігі мен ынтымағының арқасында мүмкін болды.
Апта басында «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы өткенге үңіліп, сан ғасырлық тарихымызды түгендеп, Тәуелсіздіктің қадірін білуге, түсінуге арналған. Көлемді мақалада Тәуелсіздіктің отыз жылы шартты түрде үш онжылдыққа бөлініп қарастырылған. Жеткен жетістіктеріміз бен алға қойылған міндеттер сараланған. Елге ортақ өзекті мәселелер де назардан тыс қалмаған. Әсіресе, жер мәселесі кеңінен қозғалған. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайтыны нақты айтылған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз азаматтарымыздың қоршаған ортаны ластап жүргеніне алаңдаушылық білдірген.
Бұл мақаланың мазмұны терең, мәні зор. Неге десеңіз, мақалада шешімін күткен бірқатар түйткілді мәселенің түйіні тарқатылып көрсетілді. Құзырлы органдарға тереңнен тамыр тартатын төл тарихымызды, ұлт шежіресін түгендеу, өткенімізге негізделген тарихи фильмдер түсіру тапсырылды. Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аудару арқылы шынайы тарихымызды әлемге таныту ұсынылды. Бұның – стратегиялық маңызы зор. Астарында үлкен мән жатыр.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» десек, болашақта елдің тұтқасын ұстайтын солар. Жастарға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Олардың бөтен идеологияның жетегінде жүрмегені маңызды. Ең бастысы, жастар сенімді ақтап, жауапкершілікті сезініп, Тәуелсіздігіміздің қадірін түсініп, көздің қарашығындай қорғаса болғаны.

 

Бақыт Сырлыбаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.