Жамбыл жаңалықтары

Медиа саласының майталмандары меркіде бас қосты

Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс аймағында «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында семинар-тимбилдинг өтті. Аймақта бұрын-соңды ұйымдастырылмаған шараға облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары мен журналистер және блогерлер қатысты.

Бүгінгідей ақпарат ағыны қарқын алған уақытта кез келген хабар мен мәлімет бұқараға оңай әрі жылдам таралатындығы даусыз. Бірақ, әлеуметтік желіні қолданушы әлеумет оның анық-қанығын саралап жатпастан, әр алуан пікірлердің тиегін ағытуға бейім. Сондықтан, ақпарат саласында қызмет атқара­тын мамандар кез келген хабар мен мәліметті бұқараға таратуда қазіргі қоғамның сұранысына жауап бере алу қажет. Міне, семинарды өткізудегі басты мақсат та осы.
Жиынның ашылу салтанатында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали семинар-тимбилдингтің мақсаты аймақтың баспасөзіне қатысты мамандарды бір-бірімен жақындастыру екен­дігін жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде «тимбилдинг» деген сөздің мағынасы команда болып жұмыс істеу екендігін алға тартты.
– Бүгінгі уақыт – ақпарат заманы. Сол себептен облыстық Ішкі саясат басқармасы «Ақпарат ағыны және біз» деген семинар-тимбилдингті қолға алып отыр. Мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Мұндағы мақсатымыз – республикаға белгілі майталман мамандарды шақырып, тәжірибе алмасу.
Жақында облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтің «Интер­нет кеңістігінде ақпараттық жұмысты жүргізу туралы» өкімі жарияланған болатын. Оны жүзеге асыру облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына жүктелді. Біз бұл бағыттағы жұмысты бастап та кеттік. Екі апта бойы облысымызға белгілі блогерлер Ихтияр Мырзахметов пен Нұрлан Қанатов аудандарды аралап, ақпарат саласына жауапты мамандарға интернетте жұмыс жасаудың жолдарын үйретіп шықты. Мұндағы негізгі мақсат – қазіргі қоғаммен байланыс орнату, ақпаратты тез алмасу, қандай оқиға болмасын, дер кезінде жауап беру. Бастысы, халықты қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету. Аталмыш өкім бойынша арнайы нұсқаулық та бекітілді. Соған сәйкес жұмыс жаңаша қарқынмен алға басатын болады, – деді Берік Уәлиұлы. Мұнан соң сөз тізгіндеген Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым жиынның маңыздылығына тоқталып, оның жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, аталмыш шараға «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата-журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай және республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі Бэлла Орынбетова арнайы шақырылды.
Семинар-тимбилдингтің ашылу салтанатынан соң шараның негізгі бөлімі «Мені ұмытпа» атты таныстыру ойынымен басталды. Мұнда медиатренерлер жиынға қатысушыларды бір-бірлеріне жақынырақ таныстыру мақсатында тәтті кәмпиттерді сыйға тарту әдісін қолданды. Сондай-ақ, қатысушылар ақ параққа өздері туралы мәлімет жазып, өзара алмасты. Бұл ойын да үдеден шыға білді. Қатысушыларды сергітіп алған медиатренерлер сала мамандарын топ-топқа бөліп, ситуациялық жағдайдан өз-өздерін ақтауды тапсырды. Айта кетерлігі, бұл ойында топтар барынша тапқырлық танытуға тырысты. Соңында тиісті қорытынды шығарылып, жетістіктермен қатар кемшіліктер де сараланды.
Мұнан соң «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата-журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай тақырыпқа сай дәріс оқып, «Google»-ды тиімді пайдалану жолдарын көрсетті. Жалпы, оның сөзінше бүгінде ақпарат айдынында факт кейінге ысырылып, пікір алдыңғы орынға шығып кетеді екен. Сол себепті, ақпарат жариялауда дәлел мен дәйекке иек артқан абзал. Осы орайда, айғақ жинауда көмекке келетін негізгі құрал – интернет. Негізі, интернет арқылы мәлімет іздейтіндердің 70 пайызы «Google»-дың көмегіне жүгінеді екен. Өз сөзінде медиатренер аймақтағы 18-34 жас аралығындағы интернет қолданушылардың соңғы 30 күн ішінде «Google» арқылы қандай мәліметтерді көп іздегендері туралы қызықты мәліметті ұсынды. Мәселен, өңірде бір ай ішінде Ыстықкөл туралы мағлұмат қараушылардың қатары қалың болған. Мұнан соң «Instagram» әлеуметтік желісі туралы мәліметтер сұрастырылған. Ең сорақысы, көп ізделген дүниелердің ішінде жыныстық қарым-қатынас туралы деректер алғашқы үштікте тұр. Тағы бір ойландыратыны, мәлімет іздеушілердің басым көпшілігі сөзді енгізгенде орыс қарпін қолданады екен.
– Бүгінде технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Осы үдеріске медиа саласы тез бейімделуі керек. Олай болмаған жағдайда оқырман негізсіз ақпараттарға иек артады. Салдарынан қоғам зардап шегеді. Сондықтан, біз мұндай тренингтерде технологияның көмегімен ақпаратты сапалы дайындап, уақытылы беру мәселесін қамтып отырмыз, – дейді медиатренер Асхат Еркімбай.
Бұнан соң «El.kz» интернет жобасының жетекшісі Бэлла Орынбетова әлеуметтік желінің тиімді тұстары туралы дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде пост жазуда тақырыптың маңызды рөл атқаратынын алға тартып, оның 6 сөзден артық болмауы қажеттігін түсіндірді. Интернетте мәтін жазудың түрлі әдістері туралы айтқан ол «Telegram» әлеуметтік желісіндегі соңғы жаңалықтарды да жеткізді.
Күні бойы жалғасқан шара барысында ақпарат таратудағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Семинар-тимбилдинг соңында қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификаттар табыс етілді.

Тараз – Меркі – Тараз

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН

ПІКІР