Диагноз Сұхбат

«Медицина саласы қателікті кешірмейді»

Written by Aray2005

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша басымдық бергені белгілі. Әсіресе, медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болуы қажеттігін баса айтты. Ол үшін ең алдымен ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді етуді тапсырды. Бұдан бөлек, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ауруханалар мен емханалардағы құжаттарды цифрлық нұсқаға көшіруді міндеттеді. Әрине, бұл ең бірінші бюрократияны жойып, қызмет түрлерінің ашықтығын қамтамасыз ететіндігі айқын. Осы орайда, «Ашығын айтқанда» айдары аясында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловпен кездесіп, Жолдау жүктеген міндеттердің өңірде қалай орындалып жатқандығын білген едік.

–Марат Сейтбекұлы, денсаулық сақтау саласы адам өмірі мен ұлт саулығына тікелей жауапты үлкен құрылым болып саналады. Сондықтан Елбасы жаңа Жолдауында медици­на­лық қызметтің сапасын арттыру үшін көр­се­тіле­тін қызметтерді барынша қолжетімді етуді тапсырды. Айтыңызшы, бұл бағытта қазір облыс­та нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
–Киелі Әулиеата өңірінде бүгінгі таңда халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар өте көп. Облыста Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылуда. Соның нәтижесінде орташа өмір сүрудің көрсеткіші 5 жыл ішінде 71,1-ден 72,3 жасқа дейін өсті. Аналар өлімінің көрсеткіші 2014 жылы 100 мың адамға шаққанда 18,1 промиль болса, өткен жылы 12,2 промиль төмендеді. Ал ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 9,5 пайызға тұрақтап отыр. Яғни, 2014 жылдан бері 47,5 пайызға төмендеді. Бұл өте жақсы нәтиже. Себебі, бізге қойылған шектік меже 11,9 промиль болатын.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауында айтылғандай, саладағы ең маңызды мәселелердің бірі медицина мекемелерін цифрландыру болып табылады.Қазіргі уақытта денсаулық сақтау ұйымдары 100 пайызға медициналық ақпараттық жүйемен қамтылған. Компьютерлік техникамен жабдықтау ең жоғарғы межені діттеп тұрса, интернет желісіне қосылу 92 пайызды құрап отыр. Одан бөлек, денсаулық сақтау мекемелеріндегі 121 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының 111-і электрондық нұсқаға көшті. Сондай-ақ 11 медициналық ұйымға «Е-Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге қаралып, игерілуде. Тағы бір айта кетерлігі, 43 денсаулық сақтау мекемесінде 8 686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелерде жұмыс жасауда.Осы мамандардың күшімен ақпараттық жүйелерге 732 946 электрондық денсаулық паспорты енгізіліп, «Халықты тіркеу регистріне» облыс тұрғындарының 65,9 пайызы тіркелді. Келер жылдың 1 қаңтарына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл емханаларда қағазбастылықты жоюға, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні хақ. Бір сөзбен айтқанда, облыстың денсаулық сақтау саласы Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға білек сыбана кірісіп кетті.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жолдау жүктеген міндеттер аясында, 2020 жылға дейін елді мекендердегі медициналық нысандардың санын арттыруды тапсырғаны белгілі. Қазір осы межелі міндетті орындау барысында қандай жұмыстар жүзеге асуда?
– Бүгінгі таңда облыс көлемінде халық денсаулығының сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері қолданылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша инновациялық әдіс-тәсілдері енгізіліп, жаңа ғимараттар мен нысандардың құрылысы қолға алынуда.
Оның алғашқы легі ҚР Тұңғыш Президенті күні 32 нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ел игілігіне берілді. Оның 13-і ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттер. Олар Байзақ ауданындағы Шахан, Көкөзен, Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Сарыбарақ, Тегістік, Қордай ауданындағы Көкадыр, Меркі ауданындағы Екпінді, Сарысу ауданындағы Шағалалы, Қамқалы, Т.Рысқұлов ауданындағы Шолаққайыңды, Талас ауданындағы Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында орналасқан.
Сондай-ақ мереке күндері Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродеково, Пригородное, Ақбұлым, Түрксіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата,Меркі ауданындағы «Мыхан», Сарысу ауданындағы Игілік, Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.
Ал ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельд­шер­лік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат, Шу ауданындағы Тасөткел ауылдарында лентасы қиылды.
Айта кету керек, мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберіндегі бұл нысандардың құрылысын салу барысында өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыс­тыр­ғандағы құны төмен болып, 1,4 миллиард теңге үнемделді.
Аталмыш нысандардың ашылуы арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға жетіп отыр. Жалпы облысқа 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына ғимарат қажет болса, жоғарыда айтқанымдай оның 32-сі берілді. Енді 2019 жылы 40, 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда.
– Соңғы жылдары облыстағы бірқатар медициналық нысандар сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл шешімге қатысты қазір халық арасында түрлі пікірлер айтылуда. Ашығын айтыңызшы, осы медициналық мекемелерді сенімгерлік басқаруға беру дұрыс па?
– Кейінгі үш жылда облыста 10 нысан сенімгерлік басқаруға беріліп, 3 нысан жекешелендіріліп отыр. Жекелеп айтсақ, 2015-2016 жылдары облыстық офтальмологиялық орталық, өңірлік стоматологиялық емхана, облыстық тері-венерологиялық диспансері және №2, №6, №7 қалалық емханалар жеке азаматтардың басқаруына сеніп тапсырылды. Ал былтыр №1, №4, №9 қалалық емхана, облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығы бәсекелестік ортаға берілді. Олардың үшеуі жекешелендірілсе, біреуі сенімгерлік басқаруға өтті. Енді бұл бастаманың тиімді тұстарына келсек, жекешелендірудің нәтижесінде облыстық қазынаға 1,8 миллиард теңге түсім түсіп отыр. Және бәсекелестік ортаға берілген мекемелердің иелеріне нақты талаптар қойылуда. Мәселен, мекемені сенімгерлік басқаруға алған азамат ең бірінші жұмысшылардың орнын сақтауға міндеттеледі. Яғни, мұнда мекеме жеке қолға өтті екен деп, штаттық бірліктің қысқартылуына жол берілмейді. Екіншіден, мекеме иесі қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткізуі шарт. Осы арқылы ол медициналық қызмет пен көрсетілетін көмектердің нысаналы индикаторлары мен критерийлерін орындауы қажет. Үшіншіден, сенімгерлік басқарушы медициналық мекеменің инфрақұрылымын дамытып, нысанды жаңғырту мен ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізуі тиіс. Тағы бір талап, жеке тұлға ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтып, қажетті құрал-жабдықтарды алуға да міндетті. Байқап тұрсаңыздар, біз бұдан ұтпасақ, ұтылып тұрған жоқпыз. Оған қоса мекеме сенімгерлік басқаруға өткеннен соң, олардың арасында бәсекелестік туады. Сенімгерлік басқаруға алған тұлға халықты өз медициналық мекемесіне тіркету үшін көрсетілер қызмет сапасын арттырып, қажеттінің бәрін жасайды. Бұл жобаның көздеген түпкі мақсаты да осы.
– Иә, сенімгерлік басқаруға өткен медициналық мекемелердің тірлігі тіктеліп, материалдық базасы нығайып жатса құба-құп. Десе де бүгінде аудандық, ауылдық емдеу мекемелерінде қажетті құрал-жабдықтар жетіспейтіні жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қандай шаралар қолға алынуда?
– Қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға бар күшімізді жұмсаудамыз. Өткен жылы бұл бағытқа 2,760 миллиард теңге бөлінсе, биыл 2,184 миллиард теңге қаралды. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық базасы 74 пайызға нығайды. Тарқатып айтсам, дәл қазір облыстық және Тараз қалалық емдеу мекемелері 84,6, өзге қалалардағы емханалар 72, аудандық орталық ауруханалар 88,8, аудандық орталық емханалар 80,8, дәрігерлік амбулаториялар 65,7, фельдшерлік-акушерлік пункттер 60,2 және медициналық пункттер 66,1 пайызға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Келер жылы Шу қалалық ауруханасына компьютерлік тамограф және №1 қалалық ауруханасына ангиограф сатып алу жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз бір сәтке де назардан тыс қалдырмаймыз. Және 100 пайыздық межеге жету үшін жұмысты әлі де жүйелейміз.
– Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – медицина мамандарының тапшылығы. Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін бір жылдары облыстық бюджет есебінен мектеп түлектерін арнайы оқуға да жолдадық. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін «бауын тапса, байлауын таппай» келеді. Осы кадр тапшылығын қалай шешуге болады? Бұл бағытта не істемек керек?
– Облысқа жас мамандарды тарту үшін барлық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тиісті шараларды қолға алудамыз. Сондай-ақ С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қарағанды медицина университеті және Семей медицина университеті ұйымдастырған «бос орындар» жәрмеңкесіне қатысып, 35 студентпен шарт жасастық. Бұдан бөлек «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде биыл 115 жас маманды қабылдап, оның 100-ін аудандарға жолдадық. Және оларды елді мекендерде тұрақтандыру мақсатында 64-іне 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Нәтижесінде биыл 51 200 000 теңгені игеріп отырмыз. Қазір қалған мамандарға да қаржылай көмек көрсету мақсатында облыстық бюджетке өтінім берілуде.
Жастарды баспанамен қамту мәселесі де назарымыздан тыс қалмауда.
Осы таңға дейін Жаңатас қаласына барған 5 және Қаратау қаласына келген 2 маманға қызметтік пәтер берілді. Енді тағы 8 жасты тұрғын үймен қамту үшін құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 5 500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада Жуалы мен Жамбыл аудандарындағы бір-бір жас маман несие түріндегі әлеуметтік қолдауға қол жеткізді. Ал 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомадағы көтерме жәрдемақыны Байзақ пен Қордай аудандарынан бір-бір маманнан, Жамбылдан 3, Мойынқұмнан 5 және Т.Рысқұлов ауданынан 2 адам алды.
Енді келер жылы жергілікті бюджет есе­бі­нен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағ­дар­ла­ма­ла­рын іске асыратын мекемелерде 6 акушер-гинеколог, 6 анестезиолог-реанима­толог және 3 неонатолог дәрігерді резиден­ту­ра­дан өткізу жоспарлануда. Әрине, бұл бастамалар арқылы өңірдегі барлық медицина мекемелерін қажетті кадрлармен қамтып тастаймыз дей алмаймыз. Десе де бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда.
– Бірер жылдан бері елімізде міндетті медициналық сақтандыру жобасы жандануда. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып кетсеңіз?
– Жалпы, Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында міндетті медициналық сақтандыруға көшуді тапсырғаны белгілі. Бүгінде бұл бастама өз өміршеңдігін дәлелдеу үстінде. Міндетті медициналық сақтандыруды ел арасында түсіндіру және насихаттау мақсатында қазір Тараз қаласы мен аудандарда 94 сыртқы жарнама ілініп тұр. Және баннерлер мен билбордтардың санын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 14 қоғамдық сауда орындарында аудиороликтер таратылып, тұрғындарға 88 562 дана ақпараттық-жарнамалық материалдар таныстырылды. Халықпен 2 727 кездесу өткізіліп, 435 437 адамға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда 115 рет «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, кеңес беру кабинеттерінде 108 301 адам қабылданды. Халық, әсіресе жастар көп отыратын әлеуметтік желілерге 373 ақпарат орналастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 141 мақала жарияланды.Және облыстық телеарналардан 7 сюжет берілді.
Бұдан бөлек Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, қаладағы санаты анықталмаған азаматтарды үйме-үй аралап, 14 256 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жатақхана тұрғындары, ірі және орта кәсіпорын қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, олар міндетті медициналық сақтандырудың талап-міндеттерімен ақпараттандырылды.
Елбасы міндетті медициналық сақтандыруға кезең-кезеңімен өтуді тапсырғаннан соң бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Және межелі мерзім жеткен кезде жамбылдық жұртшылық бұл жаңашылдыққа толықтай дайын болады деп сенемін.
– Бүгінгі медицинаның қарыштап дамыған бір тұсы – телемедицина. Осы заманауи жүйенің тиімділігі мен өңірдегі аяқ алысын айтып өтсеңіз?
– «Цифрлық Қазақстан» жобасының бір жемісі – телемедицина десек қателеспейміз. Бұрындары бұл жүйені пилоттық жоба ретінде қолданып келсек, қазір бұл бағыттағы жұмыстарға мықтап кірістік. Нәтижесінде үстіміздегі жылы 675 телемедициналық сеанс жүргізілді. Сонда орта есеппен айына 60 рет телемедицина көмегіне жүгініп отырмыз.
Бұл жоба арқылы қазір «Дәрігерге – дәрігер» атты бастама да жанданды. Яғни, науқасқа бір дәрігер диагноз қоя алмай жатқанда ол арнайы қондырғы арқылы шетелдегі немесе өзге өңірдегі медицина мекемелеріне тікелей байланысқа шыға алады. Бұл жүйені соңғы кездері шалғай ауылдарда да кеңінен қолдануда. Мәселен, Мойынқұм ауданы сынды облыс орталығынан шалғай жатқан аймақтың дәрігерлері бізге тікелей шығып, кеңес ала алады. Бұл арадағы жол шығынынан бөлек, науқасқа дер кезінде диагноз қоюға көп демеу болуда.
– Медицина саласында талай жыл еңбек еткен маман ретінде осы салаға бет бұрып жатқан жастарға қандай ақыл-кеңесіңізді айтасыз?
– Медицина саласы – үлкен құрылым. Оның ауыртпалығы мен жауапкершілігі зіл батпан. Сенің әрбір шешіміңнің артында адам өмірі жатқандықтан, бұл салаға «жеті өлшеп, бір кесіп» барып ғана келу керек. «Әйтеуір, ақшаға болсын оқып шықсам болды» деген қателікті бұл сала кешірмейді. Сондықтан мен медицина бағытында білім алып жатқан және жаңадан оқуын тәмамдаған түлектерге айтарым, дәрігер болуды таңдадың ба, өз ісіңе берік бол. Қай кезде болмасын жұмысыңа жауапкершілікпен қарап, шаршадым дегенді білме. Өз жайыңнан бұрын, науқастың денінің саулығы мен өмірін ойла. Сонда ғана сен ел алғысына бөленесің. Бүгінгі жастарды мен осындай маман атануға шақырамын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР