Медициналық сақтандыру жүйесі

0 0

Тараз қаласында 1172 адам әлі емханаға тіркелмеген

Өткен сенбіде облыс әкімдігінің селекторлық жиынында әлеуметтік көмек беру жайы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев төрағалық еткен кеңесте алты мәселе қаралып, алғашқысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылу барысы сөз болды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстағы филиалының директоры Мавлюда Бокаева өңірімізде әлі де емханаларға тіркелмегендер барын жеткізді. Олардың басым көпшілігі Тараз қаласы мен Қордай ауданында көрінеді. Таразда 1172 тіркелмеген тұрғын болса, Қордай ауданында 431 адам. Бұдан басқа жеке сәйкестендіру нөмірлері ғана бар, өздері ешбір жерде тіркелмеген азаматтар да баршылық екен. Ержан Жұматұлы жауапты тұлғаларға мұндай жағдайда облыстық полиция және әділет департаменттерімен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
Бұл мәселеге қатысты сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов мәртебелері әлі анықталмаған азаматтармен жүргізілген жұмыс нәтижесін айтса, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Аманқұл Садыров жұмыс берушілердің тұрақты емес төлемдеріне талдау жасады. Ең төмен көрсеткіш Мойынқұмда анықталған. Аталған ауданда небәрі 200 мың теңге аударым жасалған.
Алдағы 1 сәуірден басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін толық көлемде алу үшін тұрғындар өз мәртебесін анықтауы керек. Облыс әкімінің орынбасары көрсетілген күннен кейін олқылықтар орын алса, жауапты қала және аудан әкімінің орынбасарларына шара қолданылатынын қадап айтты.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы жеткізу барысын баяндаған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Олжас Баққараев халықтың жекелеген санаттарын тамақпен, тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету және «Birgemiz» қоғамдық қорының көмегі жайын да қозғады. Олжас Елебекұлы 16 наурыз бен 15 сәуір аралығындағы елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ақпан, наурыз айларының кепілдендірілген әлеуметтік топтамасы сәуірде жеткізілетінін айтты.
– Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік шиеленіс пен наразылық жағдайларын болдырмау және қашықтықтан байланысу мақсатында бүгінгі таңда қағаз жүзінде көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек проактивті форматта жүзеге асырылмақ. І тоқсанда АӘК алушы болып тіркелген азаматтарға жұмыспен қамту орталықтарының мамандары өтінішсіз «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік органдарға сұрау салады. Сөйтіп отбасының орташа табыстары ІІ тоқсанға белгіленген кедейлік шегінен аспаған жағдайда АӘК тағайындалады. Жұмыспен қамту орталығы мамандары қосымша қандай да бір құжаттар қажет болғанда оларды ұялы телефон немесе электрондық пошта арқылы алады. Ал жаңадан атаулы әлеуметтік көмекке үміткерлер веб-портал арқылы өтініш береді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздағы атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына, жергілікті атқарушы органдардың айқындауымен құны 5647 теңгенің азық-түлігі, тұрмыстық жиынтығы беріледі. Немесе тұлғалардың шоттарына ақшалай аударылады. Қазіргі уақытта облысымызда аталмыш көмекті алуға тиісті 19 145 бала бар. Сондай-ақ «Birgemiz» қорының қаражатынан халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы 7 санаттың азаматтарына көмек көрсетіледі. Олар– аз қамтылған көпбалалы отбасылар, I топтағы мүгедектер, мүгедек баланы күтуді жүзеге асыратын тұлғалар, зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алушылар), жетім (тұл жетім және асыраушысынан айырылған), ҰОС ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлері, – деді Олжас Баққараев.
Кеңестің талқылауынан Ұлы Отан соғысының ардагерлері де тыс қалмады. Естеріңізде болса, жыл басында өңірімізде Ұлы Отан соғысының 60 ардагері мен мүгедегі бар болатын. Сол майдангерлердің екеуі қазір қатарымызда жоқ. Отан үшін от кешкендерге құрмет көрсету мақсатында биыл 9 мамыр Жеңіс күнінде майдангерлердің әрбіріне 1 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілетін болды. Әрине тыл еңбеккерлері де сый-құрметтен құр қалмайды. Сол сұрапыл жылдарда жан аямай еңбек еткен 4298 ардагерге 50 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Сонымен қатар майдангерлердің жесірлері мен соғыс мүгедектерінің әйелдері де 50 мың теңгеден алады. Және Ленинград блокадасының қоршауында болған 3 кісі мен концлагерь тұтқынында болған тағы 3 майдангерге де 60 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетіледі. Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагері мен мүгедектеріне теңестірілген 1989 азаматқа 100 мың теңгеден берілмек. Олжас Елебекұлы жалпы 6688 адамды біржолғы әлеуметтік көмекпен қамту үшін барлығы 513,21 миллион теңге қажеттігін жеткізді.
Осы жиында төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету мен мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдер жүргізу мәселелері де талқыланды.
Қазіргі төтенше жағдайда облыс тұрғындарына екі түрлі жәрдемақы тиесілі. Оның бірі ақысыз еңбек демалысына шыққандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500 теңге) беріледі. Ал, түбегейлі жұмыссыз қалғандарға айлығының 40 пайызы есебінде әлеуметтік төлем төленбек. Ескере кетейік бұл төлемдер жыл соңына дейін жалғаспайды. Тек қазіргі коронавирус індетінен сақтану шаралары кезінде ғана жасалып отыр.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.