Жамбыл адалдық алаңы

Мектеп директорлары кабинеттерін босатып жатыр

Written by Aray2005

Елбасы Жолдауында «Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс» деп халықтың қажеттіліктеріне қолжетімділікті қамтуды тапсырған еді. Жолдау жүктеген міндеттемелерді жүзеге асыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен облыс әкімшілігі «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасын іске қосқалы бері тиімді жұмыстар жүзеге асуда. Жобаның негізгі көздегені барша азаматтардың мемлекеттік қызмет пен билікке сенімін нығайту. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, жұмыс тиімділігін арттыру да басты назарда.

Осы орайда басшылардың кең сарайдай кабинеттерін, кейбір мекемелердегі демалыс бөлмелерін орын жетпей жатқан қызметтерге босатып беруі – құптарлық қадам.
Аталған департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаровтың айтуынша, бұл іс өңірімізде білім саласынан басталып жатыр.
– Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мен облыс әкімі қол қойып, бірлесе ұйымдастырған жоба үш бағытпен жұмыс істейді. Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, үшіншісі қоғамдық бақылау. Негізінен жоба 7 саланы қамтиды. Олар – білім, денсаулық, халықты әлеуметтік қолдау, сәулет және жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік кірістер, сот және құқық қорғау органдары. Ал қоғамдық бақылау бойынша карта дайындалды және интерактивті түрде бақылауды енгізуді бастамақпыз. Сосын мемлекеттік сатып алуға талдау жасалатын болады. Осындай мақсатпен білім беру мекемелерінің жұмысына да талдау жүргіздік. Әзірге 61 мектепке мониторинг жасап, 11-іне директор кабинетін шағын бөлмеге ауыстыруға ұсыныс жасалды. Басшылар қолдап, кең кабинеттерін оқушылардың білім алатын сыныптарына босатып берді. Ол кабинеттердің көлемі 35-50 шаршы метрді құраған. Ондай ауқымды бөлмелер балалардың сабақ алуына қолайлы. Бұл жұмыс алдымен мониторинг жасау арқылы жүзеге асады. Мекеме жұмысшыларына қаншалықты кабинет жетіспейді, басшының бөлмесінің көлемі қандай, оны алмастыратын қолайлы кабинет бар ма? Міне, алдымен осы жағдайларды анықтаймыз. Егер басшының қызмет бөлмесін ауыстыруға қолайлы шағын бөлме бар болса ғана көшіріледі. Қазір барлық мемлекеттік мекемелерге осындай шолу жасап жатырмыз, – дейді Дәурен Даниярбекұлы.
Медицина саласындағы сыбайластықты жою үшін пилоттық режимде Тараз қалалық №2 емханасын WhatsApp мессенджеріне қосыпты. Мамандар енді аталмыш емханаға барған науқастың ұялы байланыс нөмірін өзінің келісімімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тіркетеді. Олар емханаға қаралушы азаматтың нөмірі агенттіктің WhatsApp желісіне қосылғаны туралы хабарлайды. Азамат ем алу барысында тиісінше қызмет ала алмаса немесе кедергілерге кездессе, бірден аталмыш агенттікке мессенджер арқылы мәлімет бере алады.
Айта кетейік, еліміздің кез келген азаматы мемлекеттік қызметтің дұрыс атқарылмағанына әлде сыбайластық әрекетке кездессе, 1424 саll-орталығына немесе 8 747 149 2525 қоғамдық бақылау картасы жобасының байланыс нөміріне хабарласуына болады.
Алдағы уақытта қалалық қызмет көрсету орталығы немесе сервистік әкімдік жобасын іске қосу жоспарланып отыр екен. Мұнда тұрғындарға қажетті коммуналдық төлемдер секілді қызметтердің бәрі бір жерге топтастырылады. Сол секілді сәулет, жер қатынастары саласының мамандары арқылы реттейтін жұмыстарды да бір терезеге біріктіру арқылы жүзеге асырылмақ. Көптің мүддесін көздеген жаңа жоба өзінің діттеген мақсатына жетіп, ел игілігіне қызмет ететініне сенеміз.

Қамар Қарасаева

ПІКІР