Мектеп медицинасы: оқушы денсаулығына қаншалықты көңіл бөлінуде?

0 14

Мектептегі оқушылардың денсаулығы мемлекеттің жіті қадағалауында. Анығын айтқанда, қазіргідей пандемия жағдайында балалардың денсаулығы сыр беріп, мазасызданса немесе оқушы жазатайым оқыс жағдайға ұшыраса, оларға әр мектепте жұмыс істеп тұрған медициналық кабинеттер арқылы алғашқы көмек көрсетіледі. Алайда мектептегі медициналық қызметтің сапасы біз ойлаған талапқа сай ма? Оқушы денсаулығына қаншалықты көңіл бөлінуде?

Жұртшылық арасында мектеп медбикелерінің кейбірі жұмысқа сағат күндізгі 10.00-де не одан өте асықпай, ұйқысын қандырып келетіні, тағы бірінің жұмыстан ерте қайтып кететіні жөнінде тараған қауесет бар. Негізінен мектеп медбикелері мектеп әкімшілігіне емес, жергілікті жердегі емханаға бағынатын болғандықтан, директорлар оларды қадағалауға келгенде қауқарсыздық танытатын көрінеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы бір жиында өңір тұрғындарының мектеп медицинасына онша көңілі тола бермейтінін ашып айтқан еді. Аймақ басшысы өз сөзінде: «Ата-аналардың айтуынша, мектептегі баланың жазатайым жарақат алуына байланысты оған алғашқы медициналық көмек көрсетерде қарапайым бинт таппай қалған кездер болған екен. Медбике табан астында медициналық дәке таппай қалып, жай матаны пайдалануға мәжбүр болған. Мына заманда медициналық дәкенің орнына қарапайым матаны пайдалану ақылға сыймайды. Бірақ бұл болған жайт», – дей келе, сол кезде мектептегі медициналық кабинеттердің жұмысы талапқа сай болуын және ондағы тиісті дәрі-дәрмектер бойынша мәселе туындамауы жөнінде жауаптыларға арнайы тапсырма берген болатын.
Содан бері арада аз уақыт өткен жоқ. Десе де біз өңірдегі мектеп медицинасының қазіргі ахуалы қаншалықты жақсарғанын білуге тырысқан едік. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан осы мәселеге қатысты мәлімет сұратқанымызда, олар мектептегі медициналық бөлмелерде тұруы тиіс құрал-саймандар мен жиһаз түрлерінің тізімін бергенімен, дәрі-дәрмектер жайлы ләм-мим демеді. Біз үшін мектеп медбикесінің жедел жәрдем көлігі келгенше науқасқа қандай дәрі ұсынып, қандай көмек көрсететіні таңсық болғандықтан №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның медбикесі Рита Миралиевадан мектеп медбикесінің міндетіне не жататынын сұрап көрдік.
– Біздің мектеп-гимназияда 2 медбике жұмыс істейді. Оқушылардың сабағы 08.00-де басталатын болғандықтан жұмысқа таңғы 07.30-да келіп, ғимаратқа кірген оқушылардың дене қызуын өлшейміз. Балалардың бірі болмаса бірінен әлсіздік не басқа да жағдай байқалса, дереу оқшаулау бөлмесіне жайғастыруға міндеттіміз. Оқушыларға арақашықтықты сақтау, үнемі антисептик пайдалану, медициналық маска тағып жүру секілді сақтық шараларын тұрақты түрде түсіндіріп тұрамыз. Егер бала оқыс жағдайдан жарақат алса, жедел жәрдем көлігін шақырту, ата-ана мен мектеп әкімшілігін хабардар ету, жедел жәрдем көлігі жеткенше қан тоқтату, жарасын таңу сынды алғашқы көмек көрсету – біз үшін бұлжымас парыз. Дәрігердің рұқсатынсыз балаларға өз бетімізше ем-дом жасауға болмайды. Тек баланың жағдайына қарай рұқсат етілген препараттарды, яғни ауырсынғанды, шошынғанды басатын, дене қызуын түсіретін дәрілерді ғана бере аламыз. Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде пайдаланылатын дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бір айта кетер жайт, мектебімізде қазір 2 400 оқушы бар. Балалардың бірқатары онлайн оқып жүргендіктен әзірге біліне бермейді. Ал оқушылар жаппай мектепке келсе, мұндағы екі медицина қызметкеріне жұмыс істеу қиынға соғады. Анығын айтқанда, екі жарым мыңға жуық баланың барлығының денсаулығын екі адам қадағалап үлгермейді. Негізінде ереже бойынша 500 балаға
1 медицина қызметкері бекітілуі тиіс. Ал біз жүктемемен жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан тағы бір штаттық бірлік ашуды немесе жүктемемен жұмыс істегеніміз үшін қосымша ақы төлеуді басшылық ойластырса жөн болар еді, – деді Рита Майлыбайқызы.
Облыста барлығы 442 мектеп бар болса, осы білім мекемелеріне 505 медицина қызметкері бекітілген екен. Орта мектептегі 500 оқушы үшін 1 медицина қызметкері, ал құлағының мүкісі бар немесе зағип балалар білім алатын арнайы мектептерде 300 оқушыға, шалғай елді мекендерде орналасқан бастауыш немесе негізгі мектептерде 50 бала үшін 1 медицина қызметкері бекітілуі тиіс. Аталған мөлшерден бала саны едәуір асса, тағы бір медицина қызметкері үшін қосымша штат ашылуы шарт. Бірақ мәселе біз ойлағандай емес.
– Мектеп медбикелері осыдан 3-4 жыл бұрын денсаулық сақтау саласының қарамағына өтті. Бұрын олар жергілікті жердегі бөліміне қараса, қазір сол мекенжайдағы емханаларға бекітіліп берілген. Олардың күніне 8 сағат жұмыс орнында болуы міндетті. Осы күнге дейін мектептегі медицина қызметкерлерінің жұмыс орнында болмауы немесе қызмет ұсыну сапасына қатысты шағым түсіп, не басшылық тарапынан ескерту, жаза қолдану секілді жайттар болған жоқ. Ал кімде-кім жұмысына кеш барып немесе ерте қайтып кетіп жүрген медицина қызметкерін байқаса, ол бойынша нақты дәлелмен шағым түсіруге болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Алия Шатаева.
Облыстық мәслихаттың депутаты, Жамбыл ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Самал Байкеева да тура осы мәселені «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жуырда өткен бір жиынында қозғаған еді. Аталған халық қалаулысы да мектеп медицинасында мәселе көп екенін растап отыр.
– Осыдан бірер жыл бұрын өзім жұмыс істеп жүрген мектепте есінен танған бір оқушы үшін медбикенің нашатыр спиртін таппай дал болғанына куә болғанмын. Жақында мектептің медициналық кабинетінде тұруы тиіс дәрілердің тізімімен танысып шықтым. Қазір бұл олқылықтың орны толтырылыпты. Әйтсе де мектепте медицина қызметкерінің жетіспейтіні шындық. Мәселен біздің білім мекемесінде 865 оқушы бар. Таңертең балалар сабаққа келгенде бір жерде шоғырлануын болдырмас үшін нысанға екі есіктен кіргізіледі. Сол кезде мектеп медбикесі бірінші есікте балалардың дене қызуын өлшесе, екінші есіктен енген оқушылардың дене қызуын өлшеу кезекші мұғалімге немесе басқа қызметкерге жүктеледі. Балалардың мектепке келгендегі жағдайын барынша бақылауда ұстап отырмыз дегенмен кезекші мұғалім медицина маманы емес қой. Сондықтан оқушы саны 500-ден асатын мектептерде бала санына қарай қосымша штат ашылуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар мектеп медбикесі
8 сағат жұмыста болғаннан кейін оның заңды түрде үйіне қайтуына толық құқы бар. Алайда кейбір мектепте оқушылар кешкі 19.00-ге дейін сабақ оқиды. Демек, бұл қай мектепте бір ғана медицина қызметкері бар болса, сол мектептің оқушылары кешке екі-үш сағат медицина қызметкерінің бақылауынан тыс қалады деген сөз, – деді Самал Оңғарбайқызы.
Біз анықтаған жайт, мектеп медбикелерінің жұмыстан сағат кешкі 17.00-де қайтып бара жатуының бір себебі мынада секілді. Мәселен № 12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияда екі медбике жұмыс істесе, оның бірі таңғы 08-00-де жұмысқа келіп, кешкі 17.00-де үйіне қайтады. Екіншісі одан кештеу келіп, мектептен оқушылар тарағанда шығады. Аталған мектеп медбикелері заңды түрде 8 сағат толық жұмыс істей отырып, екеуі бірін-бірі алмастыру арқылы мектепте таңертеңнен кешке дейін медицина қызметкерінің жұмыста болуына өз үлестерін қосып-ақ жатыр. Алайда олардың сырт көзге біресе жұмысқа кеш келіп, біресе ерте қайтып бара жатқандай көрінуінің мәні осы. Десе де таңертең оқушылар жаппай мектепке келгенде әріптесінен бір-екі сағат ерте келген жалғыз медицина қызметкері балалардың дене қызуын өлшеуге үлгере ала ма? Мәселе осында. Кейбір мектепке бір ғана медицина қызметкері бекітілгенін ескерсек, олардың жұмыста он сағат отырмайтыны белгілі. Ол таңғы сағат 08-00-де жұмысқа келіп,
8 сағаттан кейін, яғни кешкі 17.00-де үйіне қайтып кеткенде мектеп оқушысы жазатайым оқиғаға тап болса, оған кім қол ұшын созады?
Жалпы білім ұяларындағы медицина қызметіне қатысты біз зерделеген мәселенің бірі осы. Облыстағы оқушыларға мектебінде медициналық қызмет көрсететін 505 маманды өңірдегі 234 мыңнан аса оқушыға шақсақ, әр медицина қызметкеріне 470-ке жуық баладан айналады екен. Бір қарағанда денсаулық сақтау басқармасы 500 балаға бір медицина қызметкерін бекітіп беру бойынша талапты орындап отырғандай көрінеді. Ал бастауыш немесе негізгі мектептер мен арнайы мектептерге қойылатын талаптарды қоса есептесек, бұл цифр өзгеретіні хақ. Сол үшін салаға жауапты мамандар мектептерді тиісті медицина қызметкерімен толық қамтып, түстен кейін оқитын балалардың да қауіпсіздігі үшін жөні түзу амал ойластырмаса, бір күні бармақ тістеп қалуымыз мүмкін. Бұл көптің базынасы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.