"Шамшырақ"

Мектеп мерейі

Written by Aray2005

Елбасы Н.Назарбаев «Жан-жақты дамыған, білімді, елжанды, еңбекқор, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы деп санайтын ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз» деп, ұстаздар алдына нақты мақсат қойған болатын. Тұңғыш Президенттің бұл сөзі барлығымыздың белсене еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу ісіне өзге қырынан қарауға жетелегені жасырын емес. Нәтижесінде жұмыс жемістілігі артып, оқушылардың ой ұшқырлығы мен білімді бойларына сіңіру көрсеткіші ұлғайып келеді. Оған Жамбыл ауданына қарасты Ерназар ауылындағы Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің өткен оқу жылындағы жетістіктері мен жеңістерін мысал етсек болады.

Тағы бір оқу жылын артқа тастаған аталмыш білім ордасының ойы озық, ізденісі ілгері ұстаздары білім беру ісінде ғана емес, спорттық шаралар мен қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытудан танған емес. Оны 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша ұстаздар арасында жасалып, үздіктерді анықтаған мектепішілік рейтингтің нәтижесінен көрсек болады. Аталмыш талдау бойынша мектеп мұғалімдері – Жазира Мейірбекова «Жыл мұғалімі», Гүлсім Жаңабаева «Үздік бірлестік жетекшісі», Сағыныш Дәулетбақова «Үздік сынып жетекшісі» коминацияларының иесі атанды. Ал мектепішілік үздік ұстаздар деп танылған Ақбаян Әбдікерім, Гүлназ Абдрасилова, Гүлнұр Жаманқұловалар арнайы мектеп директорының сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, жас та болса терең танымымен, тынымсыз тірлігімен тың серпіліс танытып үлгерген жас маман Ақбаян Әбдікерім облыстық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты байқауда І орынды иеленіп, ұстаздар сайсының республикалық кезеңіне жолдама алды.
Б.Кейкиев атындағы орта мектептің оқушылары да білім мен өнерлерін қатар дамытып келеді десек, артық айтқанымыз болмас. Мысалы, ақындық қабілетімен облыстық, республикалық жарыстарда көзге түсіп жүрген түлек Айгүлім Жайлыбек «Озат оқушы» төс белгісімен марапатталып, мектепті үздік аяқтап шықты. Ал Балжан Оңласынбек, Дамира Оңғар, Сағыныш Қалдыбек есімді оқушылар республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» байқауында бейнелеу өнері бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Осы байқауда тағы бір шәкіртіміз Балжан Бейсенбек вокал жанры бойынша бас жүлде иегері атанса, Әли-Асқар Тілепберген, Аружан Сатымхан, Аруна Оразбай І орын иегерлері атанып, диплом және кубоктармен марапатталды. Хореография жанры бойынша Ботакөз Жарылқасын мен Дамира Оңғар үздік деп танылды.

Ақбаян ӘБДІКЕРІМ,
Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің мұғалімі,
Жамбыл ауданы

ПІКІР