"Шамшырақ"

Мектеп оқушылары алғашқы тоқсанды қашықтықтан оқиды

Written by Aray2005

Қатаң карантин режимі елімізде екі аптаға ұзартылды. Осыған орай Үкімет тиісті шешімдер легін қабылдап отыр. Оның ең өзектісі мектеп оқушылары жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтықтан оқуы болды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл қадамға Үкімет балалардың денсаулығын ойлап, барып отырғанын айтты.
– Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, күз айларында тұмау күшейе түседі. Барлық мәселені қарастыра отырып, тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшеді, – деді министр.
Білім және ғылым министрінің бұл мәлімдемесі көпшілік арасында түрлі пікірлер туғызды. Олардың дені: «Мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы үйде отырып, қалай әріп таниды?» дегенге сайды. Алайда еліміздің бас ұстазы бұл тығырықтан шығудың да жолын ұсынды.
– Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушыларна арнап, ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді министр.
Студенттер де әзірге үйден шықпай білім алатын болады. Бұл қаладағы колледждерге қатысты. Ал ауылдағы техникалық және кәсіптік оқу орындары қажеттілігіне қарай дәстүрлі білім беруді жалғастыра бермек. Бұл орайда балабақша мәселесіне қатысты нақты шешім шығарылмады. Ведомство басшысы бөбекжайлардың жұмыс істеу тәртібі эпидемиологиялық ахуалға байланысты алдағы уақытта шешілетінін айтады.

Саян Тілеужан

ПІКІР