"Дін"

«Мектеп сөмкесі» балаларды қуантты

Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шара ұйымдастырылды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облысымыздағы өкілдігі мен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Мектеп сөмкесі» атты акция барысында 400-ден аса аз қамтылған отбасының балаларына мектеп сөмкелері тарту етілді. Оқушыға қажетті барлық оқу құралдары толтырылған сөмкелерді таратқан мешіт қызметкерлері барша жамағатты қасиетті Құрбан айт мерекесімен де құттықтады.
– Қасиетті Құрбан айт мерекесі аясында бүлдіршіндерге сый-сияпат жасап, шаттыққа кенелтіп жатырмыз. Бір кездері жалғыз қалам, қағазбен сабақ оқыған ата-әжелеріміз сол біліммен-ақ үлкен биіктерге жетті. Қазір, шүкір, адамға қажеттінің бәрі бар. Қолдың қысқалығынан барлық баласын қажетті құралдармен қамти алмайтын отбасылар үшін «Мектепке жол» акциясы республикалық деңгейде ұйымдастырылып жүр. Міне, осындай мүмкіндіктерді жасаған ел ағаларына мың алғыс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана қазақ. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу – сауапты іс. Сондықтан, мүмкіндігінше аянып қалмағанымыз абзал, – деді шара барысында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев.
Сондай-ақ, бас имам биыл мектеп табалдырығын аттайтын жеткіншектерге ізгі тілегін білдірді.

Қ.Рахметуллина

ПІКІР