Жастар.kz

Мектеп туризмінің мәні тереңде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасын көтеріп, «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деген тағылымдық мәні терең талап қойды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірде жасөспірімдер туризмін жандандыру жұмысы басталып кетті.

Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген қағидалы сөз бар. Расында, тал бесіктен берілген тәрбиенің тағылымы адам өмірінің рухани қуатты нәріне айналып, патриоттықтың да, отансүйгіштіктің де қазыналы қайнар бұлағы болары сөзсіз. Осы орайда, мектеп туризмінің оқушылардың саламатты өмір салтына, туған өлкені танып-білуіне, алған білімін, таным көкжиегін кеңейтуге тигізер ықпалы мол. Бұл тұрғыда Елбасының бойскаут қозғалысы іспетті «Өз жеріңді танып біл» атты ізгілігі зор игі жобаны жүзеге асыруды тапсыруы орынды қадам. Мемлекет басшысы өлкетанудың өзектілігі туралы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да жан-жақты тоқталған болатын. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша облыста 3 базалық бағыттағы 19 кіші жоба жүзеге асырылуда.
– «Өлкетану» базалық бағыты бойынша мектеп оқушылары арасында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралар, факультативтік курстар, өлке мәдениеті мен тарихымен таныстыру мақсатында интерактивті жарыстар, виртуалды турлар, онлайн сабақтар, туристік экскурсиялар ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Жыл ішінде базалық бағыттың 4 кіші жобасы аясында жоспарланған 14 іс-шараның 12-сі өткізіліп, оған 96 191 мектеп оқушысы мен колледж студенттері қатысты. «Өлкетану» бағыты аясында жаңа оқу жылында 5-7-сыныптардағы «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», 6-сыныптағы «Қазақ әдебиеті», 5-7-сыныптардағы «Қазақ тілі және әдебиеті», 6, 7-сыныптардағы «География» пәндері бойынша «Алтын адам» сағаттарын мұражайлар мен тарихи ғимараттарда өткізу үрдісі жалғасуда. Сондай-ақ, оқу үдерісіне енгізілген жалпы орта білім беретін мектептердің 7, 8-сыныптарына «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің
1,2-курс студенттеріне «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары жүргізілуде. Облыста балалар мен жасөспірімдер арасында өлкені тарихи, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда тану, зерттеу, оқып-үйрену үшін «Сен өз өлкеңді танисың ба?» тақырыбында аудандық, қалалық, облыстық деңгейде онлайн сабақтар, туристік экскурсиялар өткізілді. Бұл бағыттағы шаралар Елбасының жаңа Жолдауы аясында жандана түсетін болады, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Сондай-ақ, Талғат Салқанұлының айтуынша, «Қазақстанның киелі объектілеріне, соның ішінде Астана қаласына баруы жөнінде республикалық өлкетану акциясы» аясында облыстан Солтүстік Қазақстан облысының киелі орындарын аралауға 70 мектеп оқушысы мен колледж студенттері жол тартқан. Ал, Солтүстік Қазақстан облысынан біздің өңірдің киелі жерлерін тамашалауға 70 мектеп оқушысы келсе, Астана қаласының 20 жылдығына орай Елордаға 412 бала экскурсияға барып қайтқан. Және ағымдағы жылдың 20-23 қыркүйек күндері аралығында Ақтау қаласында өткен жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің «Табиғатты аяла» атты республикалық форумында Жамбыл облысының командасы бірінші орынды иеленіп, арнайы номинациялармен марапатталыпты.
– Ағымдағы жылдың қазанында Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің 16 тәрбиеленушісі Жамбыл облысы жастары ұйымдастырған «Знай и люби свой край!» жобасы аясында бір күндік экскурсияға аттанды. Туристік экскурсияға қатысушылар «Ақыртас» кешенін аралап, ескерткіш құрылысының таңғажайып тарихы туралы толық мәлімет алды. Мұнан әрі балалар «Қараарша» шатқалында саяхаттың негізгі дағдыларын меңгерді. Жыл ішінде туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие үрдісіне енгізу, оқушылар мен студенттерді жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында «Виртуалды мектеп мұражайы», «#BestвидеоТуған Өлке» бірегей жобалары облыстың мектептері мен колледждерінде іске асырылды. Бүгінгі күнге «#BestвидеоТуған Өлке» бірегей жобасы бойынша Youtube каналында 38 бейнеролик орналастырылды. Жобаның екінші кезеңі алдағы желтоқсан айында аяқталмақ. Сондай-ақ, «Менің туған өлкем» электронды энциклопедиясына фото, бейне материалдар жинақталуда, – деп түйіндеді өз сөзін Талғат Салқанұлы.
Мектеп оқушылары арасындағы бұл игі істен шалғай аудан, ауылдардағы жасөспірімдер де қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, жуырда ғана Меркі ауданындағы Владимир Савва атындағы №9 жалпы білім мектеп-лицейінің 42 оқушысы, 6 жетекшісімен Тараз қаласының тарихи жерлерін аралап, үлкен әсерге бөленіп қайтыпты.
– Оқушыларымыз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде Тараз қаласының көрнекті жерлеріне саяхат жасап, көз тоймайтын керемет тарихи орындармен таныс болды. Сапарымыз ең алдымен Көне Тараз қаласынан бастау алып, мұражайда жалғасты. Шынында өте керемет! Жеткіншектер жауһар жәдігерлерді көзбен көріп, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеді. Одан кейін Тектұрмас бабаның басына барып, тарихта есімі белгілі Қарахан кесенесін тамашалады. Барлығы дерлік тарихи күйінде сақталған. Және де сол жерде оқушылар Елбасымыздың жас ұрпаққа арнап қалдырған капсуладағы хатына ерекше қызығушылық танытты. Осыдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты монументке барып, Ұлы даланың ұлағатының тым тереңде жатқанын түйсінді. Тараз жерінен 45 шақырым қашықтықта орналасқан Ақыртас сарай кешенінің де құпиясы балаларды қайран қалдырды. Сондағы жер кіндігіне тағзым етіп, елінің мақтанышына айналар азамат болуға ниет-тілектерін төкті, – дейді аталмыш мектептің директоры Болатбек Қыстауов.
Елбасының жаңа Жолдауында атап өткен мектеп туризмін жүзеге асыру бағытында бұл күнде Т.Рысқұлов аудандық білім бөліміне қарасты «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы» жұмыс жасауда. 2016 жылдың 31 қазанында құрылған орталықтың мақсаты айқын, жоспары жұмыр.
– Орталықтың негізгі міндеттері – туризм, өлкетану және қоршаған ортаны қорғау, балалардың бос уақытын қамтамасыз ету. Қосымша білім беру процесін ұйымдастыру барысында «Шағын туризм», «Жаяу жүру туризмі», «Су туризмі», «Жас өлкетанушылар», «Географ — өлкетанушылар», «Эколог – өлкетанушылар», «Жас туристер», «Жас турист экологтар», «Экологиялық туризм», «Жас бағбан», «Жас турист биологтар», «Вело туризм» және бірнеше спорттық бағыттағы үйірмелер жұмыс жасайды. Алдағы уақытта су туризмін жан-жақты жетілдіру жоспарымызда бар. Орталықта 40 жоғарғы білімді педагог еңбек етеді. Бүгінгі таңда орталықта аудан мектептерінен 1460 оқушы туризм және өлкетану бағытында қосымша білім берумен қамтылып отыр. Мекеменің ашылғанына 2 жыл уақыт болса да, сол уақыттың ішінде тәрбиеленушілер мен педагогтар облыс, республика көлеміндегі біршама жетістіктерге қол жеткізді. Бұдан бөлек 2017-2018 оқу жылында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынған «Туған жер» жобасы аясында орталық тәрбиеленушілері арасында Жамбыл және Түркістан облыстарының киелі жерлеріне туристік саяхаттар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жаңа қарқынмен жалғасатын болады, – дейді орталық директоры Садат Бисембаев.
Расында, облысымызда Елбасының жаңа Жолдауында айқындалған мектеп туризмін дамытуға берік негіз бар. Талапты ұрпағы тарихын тануға ұмтылған мемлекетіміздің келешегі кемел, болашағы баянды боларына күмән жоқ. Өңірдің өнегелі тарихын тануды өзінен бастауды құп көрген өскелең ұрпақтың өрімтал бастамасына өміршеңдік пен сәруәр сәттілік тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР