Қоғам

Мектепте сақшы неге тапшы?

Written by Aray2005

Жасөспірімдер қылмысының алдын алу қоғамда қашанда өзекті. Себебі жас ұрпақ еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Егеменді еліміздің тізгінін ұстайды деген өскіндер қылмыс жасаудан қымсынбай, бұзақылыққа бүгіннен бой алдырып жатса, бұл орны толмас өкініш, ұлт үшін үлкен қасірет.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек те, қазақ «Қызым үйде, қылығы түзде» деген нақылды бекер айтпаған. Бұдан баланың үйдегі болмысымен түздегі қылығы қабыса бермейтінін аңғаруға болады. Бала мінезі құбылмалы болатынын ел жақсы біледі. Сондай сәтте оларға «тәйт» дейтін қоғам болмаса, қолды кеш сермеудің өкініші көп. Жалпы мектеп білім мен тәрбиенің ордасы болғанымен, баланың тәрбиесі араласатын ортасына да байланысты болатынын ескеруіміз қажет. Әсіресе мектеп жасындағы бала тәрбиесіне тек ата-ана мен ұстаздар ғана жауапты болмауы керек. Бұл тұрғыда мектеп инспекторларының алар орны айрықша. Себебі олар оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңға томпақ әрекеттерді болдырмау істерімен кәсіби маман ретінде айналысатыны анық.
Өткен жылмен салыстырғанда облыста жасөспірімдер қылмысы 12-ден 6 дерекке азайған. Оларға қарсы жасалған қылмыс та 25-тен 19-ға кеміген, сірә, өткен жылы жасөспірімдерге қатысты қылмыс түрлері қоғамда дүркін-дүркін орын алғанымен, олқылықтың орнын толтырумен ювеналды полиция қызметкерлерінің нәтижелі жұмыс жасағанын көрсетеді. Бұған бұрнағы жылға қарағанда былтыр жасөспірімдер қылмысының өсу дерегі 149-бен 153-ті көрсетуі, жалпы көрсеткіш 9 айда 10 пайызға артуы, ал биыл ол 2 пайызға, оның ішінде қаңтар айларын жеке салыстырғанда жасөспірімдер қылмысының 50 пайызға дейін төмендеуі дәлел бола алады. Бірақ бір айта кетер негізгі жайт – облыстағы мектеп саны мен оларға бекітілген мектеп инспекторлар бірлігінің сәйкес келмейтіндігі.

Мәселен облыс бойынша 442 орта мектеп пен 49 колледж бар болса, ал оларға бекітілген ювеналды полиция қызметкерлерінің саны небәрі 202-ні құрайды.

Тараз қаласында тек орта білім беретін 62 мекеме бар болса, соның барлығында мектеп инспекторы бар. Ал облыс аудандардағы 380 орта білім беретін мекеменің кемі 4-5-еуі бір инспекторға бекітіп берілген. Мәселен Талас ауданындағы 35 мектепке бар болғаны 5 инспектор ғана бөлінген. Сол секілді Сарысудағы 27 мектепке 5, Шу ауданындағы 47 және Байзақтағы 43 мектепке 12 инспектордан, Мерке ауданындағы 36 мектепке 14, Қордай ауданындағы 48 мектептегі бала тәртібіне 16 мектеп инспектор жауапты. Облыс орталығына қарағанда ауыл балаларының мінезі биязы, тәрбиелі болатынын жоққа шығара алмаймыз. Тиісті орындар осыны ескеріп 5 мектепке бір инспектордан бекіткен болар. Алайда ауылдық жердегі жасөспірімдер арасында да құқық бұзушылық болып тұратынын осы жылдың қаңтар айында Шу ауданындағы Төле би ауылында болған оқиғадан-ақ аңғаруға болады. Ол кикілжің аудандағы №13 колледждің студенті мен Тараз қаласындағы колледж студенті арасында орын алған. Балалардың біріне-бірі пышақ сілтеуінен жарақат алған студенттің бірі дәрігерлердің көмегімен аман қалды. Сол секілді «топтық төбелес» деп танылған келеңсіздіктің арасында аудандағы бірді-екілі орта мектеп оқушыларының болуы ойланатын жағдай. Сол кезде мектеп оқушыларының оқиға орын алатын жерге лезде жиналуына «WhatsApp» әлеуметтік желісі сеп болғанын облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналды полиция тобының қызметкерлері айтып отыр. Осы орайда біз Төле би ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп директоры Жасұлан Әбеновпен тілдесіп көрдік.
– Негізінен бала тәрбиесімен бірінші ата-ана айналысуы керек. Екінші – мұғалім. Бірақ, мұғалімнің әр оқушының қасында күндіз-түні жүрмейтіні анық. Сол оқиға шамамен кешкі уақытта болғанын ескерсек, бұған ата-ана тікелей жауапты.
Әу баста сол төбелестің бел ортасында біздің мектептің оқушылары да жүрді деген сыбыс тарағаны рас. Уақытында сол іске қатысы бар деген оқушылардан, олардың ата-анасынан түсініктеме алынды. Бірақ жағдайды зерделеу барысында ол оқиғада мектебімізде оқитын балалардың болмағаны расталды. Сонда да өз пікірімді қоса кетейін. Егер әр мектептің өзінің арнайы бекітілген инспекторы болса, жасөспірімдер қылмысы азаяр еді. Себебі, мектепте оқушылардың тәртібін күнделікті мектеп инспекторы қадағалап жүрсе, оқушылар да, сырттан келетін басбұзарлар да аяғын тартады. Біздің мекемеде мектеп инспекторы үшін арнайы бір кабинет берілген. Ол компьютермен жабдықталған. Десе де мұндай маманның ауданда тапшы болуы есебінен 4-5 мектепке бір инспектор бекітілген. Ол білім ошағына аптасына бір-екі күнге ғана келіп кетеді. Мұны білетін кейбір балалардың басқа уақытта еркінсуі мүмкін. Осы мәселені шешіп беру жөнінде бұрыннан бері тиісті орынға хат жолдаумен келеміз. Бірақ мәселе шешімін таппауда, – дейді Жалғас Әлкенұлы.
Ал Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының құқықтық-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балдырған Мұраханның айтуынша, колледждерде тәртібі нашар оқушы бар болғанымен, олар бұзақылыққа мектеп жасында бой алдыратын көрінеді.
– Біздің колледж студенттерінің ішінде былтыр ішкі істер органдарының есебінде тұрғандар саны 14-ке жетті. Олар тәртіп бұзбағанымен, аты-жөні тізімде болуы оқу орнымыз үшін ыңғайсыз. Жалпы, бұзықтыққа бейім балалардан мектеп ұстаздары құтылуға асығып, 9-сыныптан кейін колледжге оқуға түскенін қалайды. Олар орта білім ошақтарынан кетіп бара жатқанда мектеп әкімшілігі жақсы мінездеме жазып береді. Олар колледжге оқуға қабылданғаннан кейін, жағдай басқаша болып шыға келеді. Сондықтан олардың тәрбиесімен ата-ана, ұстаздар мен мектеп инспекторы мектепте оқып жүргенінде айналысуы қажет. Сондықтан әрбір мектепте өзінің жеке бекітілген мектеп инспекторы болуы қажет деп есептеймін, – дейді Балдырған Мұраханұлы.
Облыстық полиция департаменті­нің жергілікті полиция басқармасы ювеналды полиция тобының аға жетекшісі, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов облыста 101 мектеп инспекторы жетіспейтінін айтады.
– Өңірімізде мектеп сақшы­ларының тапшылығы олардың қызметте тұрақтамауынан немесе басқа да жағдайға байланысты емес. Мәселе штаттық бірліктің жоқтығынан туындап отыр. Облыстағы 202 мектеп инспекторы өз жұмыстарын қажетті деңгейде атқаруда. Таңертеңнен кешке дейін олар мектепте болады. Барлық қызметкер GPS-ке қосылған, оларға орталықтандырылған байланыс құралы берілген. Түскі үзіліс кезінде сақшылар бейнебақылау құрылғыларын қарап, мектеп ауласын аралап, бөгде адамдардың жүрмеуін жіті қадағалайды. Жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көшеде жүруін, 21 жасқа толмағандардың ойын-сауық орнына баруын, ішімдік-темекі тұтынуын, оларға сатылуын болдырмау мақсатында түрлі деңгейдегі ұйымдастырылатын рейдтік шараларға қоғамдағы белсенді азаматтар және жас сарбаз­дар тобымен бірге шығып тұрамыз.
Ал ауыл мектептеріне келетін болсақ, кейбір ауданда бір мектеп инспекторына 5-6 мектеп жүктелген. Олар көбіне аудан орталығынан қатынап жұмыс істейді. Бір ауыл мен келесі ауылдың ара қашықтығы 60-90 шақырымды құрайды. Сондықтан олар өздеріне тиесілі мектепке екі-үш күнде бір баруға мәжбүр. Осыны ескере келе былтыр облыс әкімінен 101 штаттық бірлік сұрап хат жолдадық. Ішкі істер министрлігіне де қосымша хат жібергенбіз. Бірақ өтініш қанағаттандырылмады. Бұл бізге жасөспірімдердің қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажет, – дейді Қ.Қалжанов.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР