Қоғам

Мектептегі ақша жинау «дәстүрі»

Мамыр айының келуімен мектептерде мазасыз маусымның басталатындығы бесенеден белгілі. «Соңғы қоңырау» салтанаты мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, мектеп бітірушілер кешін ұйымдастыру сынды шаралар мұғалімдермен қатар ата-аналарды да мезі ететіндігі жасырын емес. Міне, бұл міндеттерге қабаттаса мектептің жөндеу жұмыстары күтіп тұрады. Осы бағытта ата-аналар жиналысы шақырылып, ақша жинау мәселесі төңірегінде қызылкеңірдек әңгіме өрши түседі. «Мемлекеттік мекеменің жөнделуіне ата-аналардан ақша жиналмасын!» деп құзырлы орындардан қаншалықты айтылып жатса да, бұл «үрдіс» үзілер емес. Жақында редакциямызға хабарласқан көп балалы ана «Мектепте ақша жинау қашан тоқтайды?» деп, ішкі өкпе-ренішін бізбен бөлісті.

– Басшылар бас қосқан жиындарда «Мектепте ата-аналардан ақша жиналмасын» деген сыңайдағы сөздер айтылып жатады. Естігенде қуанып қаламыз. Бірақ, ата-аналар жиналысында сынып жетекшілеріміз берілген қаржының барлық қажеттілікке жетпейтінін айтып, көмектесуімізді сұрайды. Жағдайы бар кісілер қолдап, ақша жинауға келіседі. Көп ішінен бөлініп, қарсы шығуға тағы ыңғайсыз. «Баламыз өз ортасынан шеттеп қалмасын» деп үндемейміз. Сосын амал жоқ, сұраған ақшаны қарыздансақ та тауып беруге тырысамыз, – дейді аты-жөнін атамауымызды өтінген ана.

Расында да, айлығы шайлығына әзер жетіп отырған ата-ана үшін бала-шағасының аузынан жырып, ақша шығару оңай соқпайды. Оның үстіне бір емес, бірнеше перзент тәрбиелеп отырған жандар үшін тіптен қиын. Осы орайда біз мәселенің мәнісін білмек болып облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатыроваға хабарластық.

– Білім беру мекемелерінде оқушылардан, тәрбиеленушілер­ден, ата-аналардан ақша жинау заңсыздық болып табылады. Біз бұл туралы, яғни ақша жинауға қатаң тыйым салу жөнінде арнайы хат жазып, облыстағы барлық білім бөлімдеріне, білім беру мекемелерінің басшыларына жібердік. Білім бөлімдерінің алқа мәжілістерінде, басшылардың бас қосқан жиындарында ерекше назардағы мәселе ретінде ата-аналардан ақша жиналмауын ескертеміз. Қазір мектептерде қамқоршылық кеңес деген бар. Міне, осы кеңес те бұл мәселені назарда ұстайды. Директорлар сол кеңестің алдында есеп беріп, әрбір қаржының қайда жұмсалғанын айтып отырады. Сол секілді облыс әкімдігі білім басқармасының 8 (7262) 43-88-81 нөмірлі сенім телефоны да жұмыс істейді. Егер ата-аналардан мәжбүрлі түрде ақша жиналып жатқан жағдайда кез келген облыс тұрғынының осы сенім телефонына қоңырау шалуына болады. Ата-аналар қай мектептің қандай қызметкерінің қаржы талап еткенін нақты айтса, заңсыздықтың жолын кесер едік. Білім беру мекемелерінің жөнделуі үшін мемлекеттен арнайы қаржы биыл да бөлініп отыр. Ағымдағы жылғы жөндеу жұмыстарына облыс бойынша 2 миллиард 821 миллион 323 мың теңге қаралды, -дейді Ж.Бекбатырова.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, аталған қаражаттың 2 мил­лиард 553 миллион 673 мың теңгесіне 13 мектеп, 3 балабақша, 1 колледжге күрделі жөндеу жүргізілмекші екен. Ал, 153 мектеп, 54 балабақша мен 13 мектептен тыс мекемені ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 267 миллион 650 мың теңге қарастырылыпты. Расында да, қыруар қаражат. Дегенмен, облыста 450 жалпы білім беретін мектептің бар екенін ескерсек, бұл соманың толықтай жетпейтіндігі тағы түсінікті.

Бұл жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаевтың да пікірін білген едік.
– «Білім алушылар тарапынан қаржы жинау тоқтатылсын» дегенмен, осы мәселе жылда қайталанады. Әлбетте, рухани азық берген алтын ұясына жәрдемдескен жақсы. Алайда, оған барлық ата-аналардың мүмкіндігі бола бермейді. Осы бойынша біз облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірге үлкен жиын өткізбекшіміз. Оған облыс әкімдігіндегі Әдеп кеңесі, барлық орта оқу орындарының басшылары, ата-аналар комитетінің төрағалары секілді аталған мәселеге қатысты құзырлы органдар өкілдерінің басын қосамыз. Біз мектептегі іс-шараларға байланысты ата-аналарға салмақ түсірмеуді басты назарға алмақшымыз. Мұның негізгі мақсаты – ата-аналардан ақша жинауды тоқтату. Тек жөндеу жұмыстарына емес, «Соңғы қоңырау» салтанаты, мектеп бітіру кеші секілді шараларға да ешқандай ақша жинамауды ерекше назарда ұстаймыз. Бұдан бұрын да осындай жиын өткізгенбіз. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен басқосуға 800-ден аса адам қатысқан болатын. Енді тағы да нағыз осындай науқан жүретін уақытта жиын ұйымдастырғалы отырмыз, – деді Мақсұт Ыбрайханұлы.

Дегенмен, біз көптеген ата-аналармен сөйлесе келе білгеніміз – жөндеуге қажетті құрылыс материалдары алынғанымен, жұмысын жүргізу мұғалімдерге жүктелетін көрінеді. Мұғалім берілген материалды жеткізіп, сынып бөлмесін әктеп, сырлауы тиіс. Кейде кең дәліздерге бөлініп берілген әк пен сыр жетпей, қосымша сатып алуға тура келетін кездер де кездесетін көрінеді. Бұл әрине, ұлағатты ұстаздар қауымына едәуір салмақ түсіретін тірлік екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да мұғалімдер көптің көмегіне жүгініп жатады. Ал, оған қолдау көрсету ата-аналардың ақыл-парасаты мен ар-намысына байланысты дүние.

Қамар Қарасаева

ПІКІР