"Шамшырақ"

Мектептен тыс тәлімнің шырақшылары

Written by Aray2005

Кез келген елдің болашағының баяндылығы балаларына берген тәрбиесіне, санасына сіңірген біліміне байланысты екені бесенеден белгілі. Бұл жөнінде көрікті ой айтқандардың бірі Жүсіпбек Аймауытов «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деген екен. Расында, адам баласы ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Сондықтан да мемлекетіміз баланы балабақша, мектептен тыс та тәрбиелеп, өнерге баулитын мекемемен қамтыған. Мектептің жүрегі саналатын ұстаздар күнінде мектептен тыс тәлімнің шырақшылары жайында сөз қозғағанды жөн көрдік.

Іргесі сонау 1938 жылдың сәуірінде Қазақстанның РКЛКСМ-ның шешімімен «Пионерлер үйі» болып қаланған «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта» қазір барлығы 50 педагог қызмет етеді. Олардың 15-ке жуығы жоғары санатты, 10-ы 1-санаттағылар. Мұндағы ұстаздардың бәрі де жасөспірімдерді өнерге баулитын хас шеберлер. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде мекеме шәкірттерінің жетістіктерін айта аламыз. Осындағы «Балапан», «Алау», «Жас ұландар», «Салтанат» топтары, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі, «Таң арайы» дуэті және басқа да өнерпаз өрендер халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан бас жүлдені олжалап,
І, ІІ орындардың биігін бағындырып келеді. Әрине, ұстаз еңбегінің жемісі – шәкіртінің жетістігінде.
Сексен жылдан аса тарихы бар мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың ұжымын бүгінде Шариякүл Кашкинова басқаруда. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу ісінде үлгілі еңбек көрсетіп келе жатқан Шариякүл Көпжасарқызы осы салаға 30 жылдан бері қызметін сіңіріп келеді.
– Жас өспірім жеткіншектерді мұнда мектепте беретін білімге қоса қазақ, орыс, ағылшын тілдерін және ІТ білімін жетік меңгеруге, көшбасшылыққа, музыкалық аспаптарда ойнап, сымбаттылық пен әсемдікке жетелейтін биге баулиды. Сонымен қатар баланың бойындағы бар қабілетін шыңдап, өнер әлеміне жетелеуді мақсат етеміз. Және «Полиция академиясы», «Жас сарбаз» клубы, «Жас тілші», каратэ-до үйірмелері мен «Қызықты математика» мектебі балаларды тәртіп сақшылығына, жауынгерлік қимылға, журналистік қызметке, спортқа, есепке жүйрік болуға тәрбиелейміз. Бүгінде орталықтың 21 бағыты бойынша 1 516 бала тәрбиеленуде, – дейді Ш.Көпжасарқызы.
Осыдан 80 жыл бұрын кішігірім ғана «Пионерлер үйі» болып ашылып, бүгінде үлкен орталыққа айналған өнер-білім ошағында 2011 жылдан бері «Жамбыл облысы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі де жұмыс істейді.
Ел ішінде «Халық педагогы» атанған Абай Құнанбаевтың «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дегені бар. Осыдан-ақ мұғалімнің әрбір жас баланың болашақ тағдырына тигізер ықпалының қаншалықты зор екенін аңғару қиын емес. Бүгін біздің сөзімізге арқау болып отырған орталықта тек балаларды тәрбиелеп, оқытумен шектелмей, педагогтарының біліктілігін шыңдауды да жолға қойған. Мұнда мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасып, білімі мен өнерін дамытуға жетекші болып отырған «Ақпараттық-әдістемелік», «Дарынды балалармен жұмыс», «Кәсіби бағдар беру», «Бұқаралық ұйымдастыру», «Қосымша білім беру» бөлімдері бар. Ұжымдағы мұғалімдердің, жас мамандардың басын қосып, шеберліктерін шыңдап, озық тәжірибелерді тарататын «Табыс» педагогикалық шеберлік мектебінің де еңбегі елеулі.
Үнемі ізденіс үстінде жүріп, бала болашағын бәрінен биік қоятын орталықтың ұстаздары кәсіби мерекелерін де интеллектуалды ойындармен, қызықты білім беру сабақтарымен өткізгенді жөн санапты. Бұл да ұстаздық ұлағаттылықты танытса керек.

Қамар Қарасаева

ПІКІР