Мектептің мақтанышына айналған Ілияс

0 10

Еліміздің болашағы баянды болуы үшін ұлт ұрпағы саналы, тәрбиелі, білімді болуы шарт. Өйткені тəуелсіз еліміздің негізгі тірегі саналатын балалардың бүгін игерген білімінің жемісін ертеңгі күні ел көреді. Сондықтан да баланың озық ойлы, білімді, тәрбиелі болуы – қоғам қай уақытта да қажет ететін басты талап.

Бүгінгідей халықаралық бәсекелестік алға шыққан заманда еліміздің оқыту жүйесі де әлемдік білім беру кеңістігіне енуге талпыну үстінде. Осыған орай еліміздің білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріліп, оқушыларға қойылатын талап та ерекшелене түсті. Турасын айтқанда, мектеп жасындағы баладан талап етілетін білім-білік бұрынғы мектеп оқушыларына қарағанда айтарлықтай күшейді. Бұған еліміздегі кез келген орта білім беретін мектептердің білім сапасын Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу мақсат етілуі де себеп болғанын айта кеткен жөн жөн. Қазіргі таңда әр баланың алған білімі сәт сайын сыналып, баланың алған білімін пайдаға асыруы, жаңалықты меңгеруі, ақпаратпен жұмыс істей алуы таразыланып, осы қасиеттер бала бойына тарыдай кезінен сіңіріліп жатыр. Болашақ ұрпақ бесаспап болуы керек деген қағиданың арқасында бүгінде пәнді де, тілді де меңгерген зерек әрі белсенді, шығармашылық тұрғыда озық ойлы оқушылар өсіп келеді. Қоғам олардың бойынан өз бетінше әрекет жасай алатын, уақыт талабына сай әр нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын, ұлттық, зияткерлік, адамгершілік секілді құндылықтарды көргісі келеді. Қорыта айтқанда, ертеңгі күні ел мен жерге ие болып қалады деп сенім артқан бүгінгі жас ұрпаққа жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Қарым-қабілеті мен зеректігінің, алғырлығының арқасында бүгінгі білім беру жүйесі талап еткен үдеден шығып жүрген оқушылар біздің өңірде де жетерлік. Соның бірі – Меркі ауданындағы №39 Темірбек Қожакеев атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы Ілияс Қанат.
– Ілияс біздің мектеп-гимназияға 1-сыныптан бастап қабылданып, содан бері алғыр оқушылар қатарында келеді.
Ол биыл облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіз елімнің еркіндігі» шығармашылық байқауының жеңімпазы атанды. Өткен жылы математика пәнінен облыстан
І орын, республикадан ІІ орын алып, мектебіміздің мерейін асырды. 2017-2018 жылдары «Қазақстандық интернет олимпиадасының» математика, орыс тілі, қазақ тілі пәндерінің облыстық және республикалық турнирінің жеңімпазы болды. Былтыр ақпан айында Болгария мемлекетінде өткен «Халықаралық шексіз математика» турнирінің алтын медалін иеленді.
Ол пәндік олимпиадалардан бөлек, түрлі спорт үйірмесіне де қатысып жүр. Халықаралық бірнеше жарыстан да жүлделі орындар иленген. Болашағынан үміт күттіретін маңдайалды шәкіртімізден күтеріміз көп, – дейді Ілиястың мақтауын асырған сынып жетекшісі Елена Ковешко.
Ілиястың шынында да спорттық жарыста жеткен жетістігі мақтауға тұрарлық. Нақты айтқанда, ол спорттың Киокушинкай каратэ-до түрімен айналысып, жақсы нәтиже көрсетіп үлгеріпті. 2018-2020 жылдары «Киокушинкай каратэ-до Қазақстан федерациясының» облыстық және халықаралық турнирінің І, ІІ орын жүлдесін иеленген екен.
– Киокушинкай каратэ-до денсаулықты шынықтырумен қатар, денені де, сананы да дұрыс бағытта тәрбиелейді. Десе де мен спортшыға қарағанда атақты математик болуды армандаймын. Футбол ойнағанды да жақсы көремін. Ең басты міндетім – ата-анам мен ұстаздардың айтқанын орындап, сабағымды жақсы оқу, – дейді ол.
Ілияс Нұрболұлы бүгінде ата-анасы мен ата-әжесінің берген ақылын, мейірімді тәрбиесін көріп өсіп келеді. Болашақта атасы Қанат Шайхиев секілді «Ауыл шаруашылығы ісінің үздігі», еңбекқор кәсіпкер болғысы да келеді. Қазірден бастап інілері Диас, Олжас, Заңғар және қарындастары Інжумаржан мен Мединаға қамқоршы, бағыт беруші аға болып жүр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.