Жамбыл жаңалықтары Экономика

Мемлекет басшысы облыс әкімі Асқар Мырзахметовті қабылдады

Written by Aray2005

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Кездесуде Асқар Исабекұлы Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында әділ әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуына басымдық беру керек екенін атап өтті.
– Облыс басшылығынан аталған мақсаттарға жету бағытында бастамалар мен нақты шаралар қабылдау талап етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жамбыл облысын одан әрі дамыту туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдардағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Әсіресе өңір басшысының тікелей бастамасымен өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық саласындағы ірі нысандар мен ауқымды жобалардың картасы түзілді. Осылайша облыс бюджетін қалыптастырушы оның экономикалық әлеуетін танытушы салаларға серпін берілді. Бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеудің барысы қайта қаралып, салада оңтайландыру жүргізілді.
Ресми статистикалық деректер де облыс экономика­сы­ның барлық салаларында оң динамика қалыптасып отырғанын растайды. Алдын ала мәлімет бойынша 2018 жылдағы аймақтар дамуының басты индикаторы саналатын жалпы өңірлік өнімнің өсімі 3,7 пайызды құраған. Өсімнің негізгі үлесі өнеркәсіп, ауыл шаруа­шы­лы­ғы, құрылыс, сауда, көлік салаларындағы салымның артуына тиесілі.
Ал ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытын­дысында өнеркәсіп салаларында 154 миллиард 95 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы саласында алынған өнім көлемі 32 миллиард 50 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ жыл басынан бері облыста 125 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірдегі орташа айлық жалақы көлемі де 4,6 пайызға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ең бастысы, мамыр айының басындағы облыс бюджетінің кірісі 76 миллиард 294 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар өңірдегі меншікті кірістер жоспары 4 миллиард 423 миллион теңгеге артық орындалған. Мұнан бөлек облыс аумағында құрылысы бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құнын қайта қарау есебінен 21 миллиард теңге қаржы үнемделген. Бұл – сөз жоқ, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жасалып жатқан жұмыстардың жүйелілігі мен жемісті екендігінің айғағы.

ПІКІР