Мемлекет бюджеті «майшелпек» емес

0 2

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен аппараттық кеңесте «Ауыл – Ел бесігі» жобасының, «Дипломмен – ауылға!» және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысы қаралды.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында облыстың 3 аудан орталығында 3 миллиард теңгеге 108 жоба іске асырылған. Ал ағымдағы жылы 7 аудандағы 29 елді мекенде 110 жобаны іске асыруға 7,4 миллиард теңге бөлінген. Қаралған қаржы есебінен 15 әлеуметтік нысан құрылысы, 11 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеу және 138,9 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 54 тұрақты және 1110 уақытша жұмыс орындары ашылған. Есепті кезеңге жоспардың 99,9 пайызы орындалып, 77 нысанда жұмыстар аяқталған.
Бірқатар аудандарда жоспарлы жұмыстар кешеуілдеп, салдарынан мақсатты меже орындалмаған. Мәселен Байзақ ауданында 1, Меркіде 6 көшенің орташа жөндеу жұмыстары басталғанымен қаражат артқы айларға жылжытылып, бүгінгі күнге дейін игерілмеген.
Ал 2010-2020 жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 2025 маманға 6 миллиард теңге несие беріліп, елді мекендерге 1 789 маман тартылған.
– Ағымдағы жылы 260 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бюджеттік несие қарастырылып, 9 айда 211 маманға 839,5 миллион теңгеге несие берілді. Аудандық бюджет есебінен 624 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 175,6 миллион теңге бөлініп, есепті кезеңде 374 маманға 103,8 миллион теңге берілді.
Сонымен қатар бірқатар мәселелерге айрықша назар аударуымыз қажет. Біріншіден несие бойынша қарызын мерзімінде өтемейтін борышкерлер. Ең үлкен борыш сомасы Талас, Сарысу аудандарында болса, борышкерлердің ең көп саны Мойынқұм ауданында 83 адам болып отыр.
Екіншіден тұрғын үй алуға өтініш берушілердің саны өсіп, бөлінген қаржының жетіспеуі байқалып отыр, – деді Гүлдана Жауынбекова.
Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарда шикілік көп екенін айтып, нақты деректер келтірді.
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша көшелерді жөндеу, жол, әлеуметтік нысандарды салуға бөлінген қаржы әр ауданда әртүрлі. Осы мәселеге байланысты тапсырма да берілген болатын. Мәселен Жамбыл ауданы Еңбек ауылындағы ұзындығы 900 метр жолды жөндеуге 13 миллион теңге, Рахат ауылындағы 500 метр көшеге 10 миллион теңге бөлінеді. Сарысу ауданы Ұйым ауылындағы ұзындығы 800 метр көшеге 13 миллион, Меркі ауданында ұзындығы 4 шақырымды құрайтын екі көшеге 72 миллион теңге бөлінген. Сол секілді Шу ауданындағы Алға ауылында ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын көшеге 80 миллион теңге қаралған. Сонда Алғаның көшелері алтынмен апталып, күміспен қапталып жатыр ма?
Сонымен қатар Сарыкемерде спорт кешені 318 миллион теңгеге салынса, Меркі ауылында дәл осындай нысан 510 миллион теңгеге салынады. Егер айырмашылық 10-20 миллион болса, түсінер едім. Айырмашылықтың 200 миллион болуы ақылға симайды.
Одан кейін әлеуметтік нысандарды салғанда да көптеген олқылыққа жол беріліп жатыр. Барлық аудан орталықтарында жабық спорт нысандары, мәдениет үйлері болуы керек. Байзақ ауданында бүгінде үш бірдей спорт нысаны салынып жатыр. Ал 10 мыңнан аса тұрғыны бар Отар ауылында әлі күнге дейін мәдениет үйі жоқ. Жобаны пайдаланып жоғымызды түгендеуіміз керек. Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында болдым. Ауылда 90 орындық мәдениет үйі бой көтеріп жатыр. Ауылда 6-7 мың халық тұрады. Халықтың санына қарай есептеуге болады ғой.
Сондай-ақ әрбір аудан, ауыл әкімі өңірлерінен шыққан кәсіпкерлердің тізімін жасау қажет. Демеушілермен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мүлдем көңіл көншітпейді. Әрбір мектепте түлеп ұшқан түлектеріне арналған арнайы сайт болу керек. Алайда мұндай платформа бірде-бір мектепте жоқ. Сайттың жұмысын жолға қойып, жастарымыз үшін тәрбие құралына айналдыру керек, – деді Б.Машбекұлы.
Мұнан кейін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің баяндамасы тыңдалды. Жорабек Нұрмергенұлының айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 48 мың 220 адам қамтылып, жоспар 98,4 пайызға орындалған.
Бағдарлама бойынша барлығы 6852 адамға қайтарымсыз грант беруге 3 миллиард 738 миллион теңге қаралса, бүгінге дейін 5927 адам 3 миллиард 261 миллион теңгеге грант алып, қаржының 87,2 пайызы игерілген.
Аппараттық кеңес барысында Бердібек Сапарбаев бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, кемшілікке жол берген Тараз қаласы Меркі ауданы әкімдеріне тез арада олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.