Жастар.kz Сұхбат

«Мемлекет жұмыссыздықпен күресудің бар амалын жасауда»

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды жастар мәселесіне арнап, тиісті тапсырмаларын, бағыт-бағдарын бергеннен кейін жастар арасында ерекше құлшыныстың пайда болғаны рас. Өйткені бұл салада әлі де атқарылар шаруа көп. Бұған дейін жастардың бар ерік-жігерін, энергиясын жаппай жиналыстар мен алаулатып-жалаулатқан мерекелік шараларға, флеш-моб пен түкке тұрғысыз акцияларға жұмсаумен босқа уақыт өткізіп келгені жасырын емес. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы бекітіп, салтанатты түрде ашып берген Жастар жылында әлеуметтік мәселелердің өзектілігі зерделеніп, жастар барынша мемлекеттік қолдаудан тыс қалмауы тиіс екені де сол салтанатты жиында айтылған.
Осы орайда Қордай ауданы жастары үшін нендей тірлік атқарылып жатқаны, алдағы жоспарлары жайлы аудандық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Мадияр Қарабаевпен аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

– Мадияр, жастар қанатының төрағалық тізгінін қолыңа алғаныңа көп уақыт өте қоймады. Жалпы, бұл белсенді ортаға қалай келдің? Қоғамдық жұмыстарға қай уақыттан бері араласып жүрсің?
– Мен мектепте озат оқушылардың қатарында болдым. Бірақ 6-7-сыныптан кейін сабақ үлгерімім сәл төмендеп кеткені болмаса оқушы кезімнен мектептегі шаралардың бел ортасынан табылатынмын. Кенен ақын туған жердің топырағына аунап өскендіктен бе, өлең жазудан да кенде емес едім. Сол кездері жас ақындардың байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Сондай-ақ Абай, Мұқағали оқуларында да бағымды сынап, жүлдесіз қайтқан емеспін. Өйткені әдебиет пәнін сүйіп оқыдым. Тарих пәніне де қатты қызықтым. Осы пән бойынша пән олимпиадаларына қатысып, көзге түсе бастадым. 9-сыныпты аяқтағаннан кейін аудан орталығындағы «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжіне «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түстім. Жаңа ортада жаңа достар таптым. Колледж қабырғасында жүріп, көп нәрсеге көзімнің ашылғанын байқадым. Яғни осы оқу ордасында белсенді жастардың қасында жүріп, өзім де қоғамдық жұмыстарға көп араластым. Спорттық жарыстарда колледж командасы құрамында өнер көрсеттім, әсіресе футболды жанымды салып ойнайтынмын. Не керек, колледж ішіндегі барлық іс-шараның, дебат, жайдарман ойындарының басы-қасында жүруге тырыстым. Колледжаралық білім бәсекелерінде де намысты қолдан бермеуге талпынып, басшылықтың алғысына бөлендім. Әсіресе жайдарман ойындары менің нағыз жаныма жақын өнер екенін ұқтым. Кейін колледж ішінен жастардың басын қосатын, білімін шыңдап, шешендік қабілетін қалыптастыратын бір орта болса деген ой келді. Көп ұзамай «Тапқыр» пікірсайыс клубының ашылуына үлес қостым. Өз ішімізде жиі дебат ойындарын өткізіп жүрдік, кейін өзге колледждерді қонаққа шақырдық. Осылайша аудандағы басқа білім ордаларынан да пікірсайыс клубтары жұмыс істей бастады.
Қысқасы, колледждегі оқуымды аяқтап, 2013 жылы Шымкент қаласына жоғары оқу орнына оқуға түстім. Ол жақта жүріп те талай қоғамдық жұмыстарға араласып тұрдым.
– «Jas Otan» жастар қанатына жетекшілік етуге қаншалықты дайындықпен келдің? Оны сұрап жатқаным, өзіңді аудандық газеттің тілшісі ретінде танитын едік… Ойда жоқта аудандағы басты жастар ұйымына төраға болып кеттің.
– Негізінен, Шымкентке барғанда журналистикаға түсу ойымда болған. Бірақ мен барған университетте ондай мамандық жоқ екен. Сөйтіп, бала күнімнен келе жатқан тарих пәнінің мұғалімі болсам деген арманымды орындайын деп шештім.
Шымкенттен кейін Алматыда колледжде тарих пәнінен алты айдай сабақ бердім. Ол жұмыстың айлығы аз болғандықтан, мұғалімдікті қойдым. Содан Қордайға келіп, аудандық газетті ашып отырсам, «Редакцияға тілші керек» деген хабарландыруды көзім шалып қалды. «Адамның басы – Алланың добы» деп жатады ғой. Осылайша тағдыр айдап, ойламаған жерден журналистикадан бір-ақ шықтым. Өзім жас болғандықтан мұндағы белсенді жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып, газет беттерінде көбінде жастар ұйымдастырған іс-шаралардың материалын жазып жүрдім. Былайша айтқанда олардың өзекті мәселелерін, жеткен жетістіктерін бір кісідей-ақ білемін. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» да қызметкерлерімен етене жақын болдым. Жалпы, жастар мәселесі менің жаныма жақын тақырып болды. Аудандағы жас белсенділердің қатарына осылай қосылғанмын. Мені «Jas Otan» жастар қанатының төрағалығына шақырғанда да осы ерекшеліктерім ескерілген шығар. Оның үстіне шығармашыл жас болғандықтан, ондай адамдар әркез халықтың көз алдында жүреді. Осы уақытқа дейін қарап жүрмей бірқатар іс-шаралар да ұйымдастырып үлгердім. Өлеңдерім де жинақтарға, газетке шығып тұрды. Жастар арасындағы аздап танымалдылығым да «плюс» болғандай. Өйткені ертең сені ешкім танымай жатса, жастар мойындамай жатса, қанша ышқынсаң да жұмысыңның өнімділігі түсіп кетеді.
Әрине, кез келген адам жаңа қадам басарда аздап қобалжиды ғой. Мен мұндай жауапкершілікке біраз уақыт іштей дайын жүрдім. Өйткені журналистикада жүре бермеуім мүмкін еді. Күндердің бір күнінде тосын ұсыныстың болып қалатыны да тәжірибеде бар нәрсе. Сондықтан қазір қобалжудан арылып, ойымды жинақтап, болашақ жоспар-сызбаларымды жүйелеп алдым. Ұсыныс түскен кезде мен қатты қуандым. Себебі жастардың белсенділігін арттырып, бос уақыттарын тиімді пайдалануына атсалыссам деп жүретінмін.
– Биылғы Жастар жылынан өзің не күтесің? Бұл бағытта нендей шараларды жоспарлап отырсыңдар? Жыл басталғанына апталар емес, айлар өтті. Атқа­рылған жұмыс бар ма?
– Әрине, жоспар көп. Соның ішінде жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға қайтарымсыз грант, төмен пайызды несиелер беріле бастады. Бұл шаруа төңірегінде де жастар әлі түсінбей, шеше алмай жүрген мәселелер баршылық. Менің ендігі міндетім, өз алдыма қойып отырған жоспарларымның бірі – жас кәсіпкерлерге жасалып жатқан қамқорлықты, сол төңіректегі жаңалықтарды жастарға жеткізу, үгіт жұмыстарын күшейту. Қазіргі таңда ауданда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында кәсіпкерлікке қызыққан 18 жас «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік курсын оқуда.
Жалпы, Жастар жылынан көп үміт күтемін. Оның үстіне Елбасымыздың жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайын оңалтуға қатысты тапсырмалары бар. Бірақ бар мәселені бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан биыл жастар мәселелерін шешудің алғышарттары қалыптасып, ол кейінгі жылдарға да біраз азық болады деп ойлаймын.
Енді қазір аудан әкімдігінің қолдауымен біраз жобаларды жоспарлап отырмын. Солардың бірі «Бастау Бизнеспен» білім алып, кәсібін ашқан адамдармен, өзге де аудандағы ірі бизнесмендермен жастарды жүздестіріп, сұхбат­тастырып, тәжірибесін тыңдап, олардың бизнес ашу жолындағы үрейінен, қорқыныш, сенімсіздігінен арылту. Бұл жолдағы жұмыстар басталып та кетті.
Ойда қолға алсам деген жоспар көп. Оның бәрі, әрине, қаржыға келіп тіреледі. Аудан емес, тіпті облыс, республика көлемінде нақты жұмыстар әлі бастала қоймады, зерделеніп жатқан болар. Дегенмен қол қусырып қарап отырмай, мүмкін болған жұмыстарды істеп жатырмыз. Ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй шаруасына көмектесіп, қора-жайын тазалап беруге жастарды тартып жүрміз.
–Жастарға үлкен көмек болған «Zhas projeсt» жобасына да қатысқаныңнан, сүт бағытындағы командаға жетекшілік еткеніңнен хабардармыз. Осы жобаға көңілің толды ма?
– Бұл жобаның бір-ақ жылмен тоқтап қалғанына кәдімгідей қынжылдық. Әйтпесе қайтарымсыз берілген қаржыға сауын сиырларын сатып алып, оның сүтін тиісті адамдарға таратып беріп, кәсіп етуге құлшынысымыз ашылып еді. Көңілім толғаны былай тұрсын, айтар алғысым шексіз. Өйткені мен осы жобамен алған азын-аулақ мал қоры арқылы шаруашылықты ары қарай дамытсам деймін. Ең бастысы, кәсіп бастауға болатынына көзім жетті. Қазір өзге өңірлерде жүзеге асып жатқан бұл жоба бізге қайта келсе, міндетті түрде аудан жастарын осыған тартып, бизнес жоспарына көмектесер едім. Менің бар мақсатым – жастар кәсіпкерлігін дамыту. Жастар қозғалыссыз отырмаса, уақытын босқа өткізбесе екен деймін. Жұмыс жоқ болса, өзін өзі жұмыспен қамтудың да амалдарын қарастыруға болады ғой…
Жалпы, мемлекет жұмыссыз­дықпен күресудің бар амалын қарастырып келе жатыр. Бірақ мемлекет қамқорлығынан тыс қалып қойған, оны құп көрмеген жастар Абай айтпақшы «Есектің артын жусаң да мал тап» деген қара сөздеріндегі өсиетті дұрыс түсінсе екен. Мұнда ұлы ақынымыз халқын шын жанашырлықпен, әрі қамшылап еңбекке ұмтылдырып отыр.
– Ал шығармашыл жастардың мәселелеріне қаншалықты алаңдап жүрсің?
– Бұл жұмысқа енді келіп жатқан соң қызығушылықпен көп жобаны бірден еңсеріп тастайтындай болып тұрасың. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Жалпы, «Біз іздеген таланттар» деген атпен ауылды жерлердегі қолынан іс келетін, он саусағынан өнер тамған жас дарын иелерін іздеп, оларды жұртқа танытсақ, мүмкін болса демеушілер арқылы қолдап жіберуге ұйытқы болсақ деп отырмыз. Жоқ дегенде газет арқылы көпшілікке танытуға болады. Алда бір концерттік шара ұйымдастырып, жас ақындар клубын ашуға да жоспар түзілуде.
– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР