Мемлекетке масылдық – жақсы қасиет емес

0 2

Бүгінде жағдайы жоқ азаматтардың ішінде еңбекке жарамдылары жұмысқа тартылып, кейбірі кәсіптік оқытудан өтіп немесе төмендетілген пайызбен шағын несие алып, өз кәсібін ашып жатқанын да көріп-біліп отырмыз. Мұның астарында жұмысқа жарамды азаматтарды еңбек дүбіріне араластыру арқылы елдегі кедейшілікті жою саясаты жатқаны белгілі. Дегенмен облыста аяқ-қолы балғадай, еңбек етуге қабілеті жететін, бірақ мемлекеттің көрсеткен көмегіне малданып, саналы түрде қоңырқай күй кешіп отырған азаматтардың арамызда бар екені де жасырын емес. Ал оларды жұмысқа тартып, еңбекпен қамтылуына жәрдемдеседі деген жұмыспен қамту орталықтары немесе әкімдіктің тиісті бөлімдері өз ісіне салғырт қарап, жатыпішерлердің ыңғайына жығылып отырған сыңайлы. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен атаулы әлеуметтік көмектің және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманың іске асырылу барысы қаузалған басқосуда айтылды.

– Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының ең басты мақсаты – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету. Биыл аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қазына қаржысынан 10 миллиард теңгеге жуық қаражат қаралды. Атаулы әлеуметтік көмекпен 95 430 адамды қамту жоспарланса, соның ішінде 8 280 отбасындағы 43 мыңнан астам адамға көмек берілді.
7 мыңға жуық еңбекке жарамды азамат жұмыспен қамтылды. Десе де өңірде кейбір міндеттемелерді орындауда белгіленген межеге қол жеткізе алмай, облыстық көрсеткіштен төмен болып тұрған аудандар бар. Сондай-ақ тұрғындар арасында балалар үшін берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің құрамындағы кейбір азық-түліктің сапасы сын көтермейтіні мәселе ретінде көтеріліп отыр, – деген Бердібек Машбекұлы осы салада атқарылып жатқан шаруалардың жай-жапсарын облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтен сұрады. Оның айтуынша, еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек (шартты ақшалай көмек) алушылардың арасында жұмыспен қамтылғандардың және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлес салмағы жылдық жоспар бойынша 75,5 пайыз болып белгіленіпті. Ал орындалуы әзірге 60,8 пайызды құраған. Ол бұл меже жыл соңына дейін орындалады деп күтілгенімен, осы бағытта жұмысты әлсіз орындаған, яғни еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтуда Тараз қаласы 49,1 пайызбен облыстық көрсеткіштен ең төменгі орынға жайғасқанын айтады.
– Өткен жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылардың
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтары енгізілді. Мұндағы басты мақсат – балалардың ағзасы анемия, рахит және басқа да жалпы аурулардың алдын алуға септігін тигізетін дәрумен мен қажетті заттарға бай болуын қамтамасыз ету. Кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан
6 жасқа дейінгі 26 720 бала қамтылады деп жоспарланған. Оған жалпы 1874,1 миллион теңге қарастырылды.
Бүгінде АӘК алушы отбасыларда 1 ден 6 жасқа дейінгі 10 329 бала бар болса, оның ішінде 7 мың 64 бала үшін аталған кепілдік берілген әлеуметтік топтама тапсырысы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы берілген. Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандары мен Тараз қаласының осы бағыттағы жұмысы облыстық көрсеткіштен төмен болып отыр. Осы жылғы 1 сәуірден бастап «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі пилоттық жоба іске қосылған болатын. Бұл бойынша да Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас аудандарының жұмысы көңіл көншітпей отыр, – деді Жорабек Нұрмергенұлы.
Өз кезегінде аймақ басшысы жұмысы сын көтермей отырған аудан басшыларынан жауап алып, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа әлеуметтік салаға қатысты барлық атқарылатын жұмыстарды ширату керектігін, мұндағы жұмыспен қамту бөлімі мен жұмыспен қамту орталығы басшыларының істі неліктен ұқсата алмай отырғанын зерделеуді тапсырды.
– Портал арқылы тапсырыс беруде үш аудан ғана өз ісін мінсіз атқарғанын көріп отырмыз. Сондықтан қалған аудандар уақыт оздырмай, олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Бір айта кетер жайт, балаларға берілетін пакет бізге өзге қалалардан жеткізіледі екен. Осыны неге өз жеріміздегі «Дәмді себет» секілді ірі сауда орталықтары арқылы ұйымдастырмасқа?! Себебі алыс қаладан азық-түлік біздің өңірге жетем дегенше біраз жатып қалатыны, мұнда жеткізілгеннен кейін тағы да біраз күн бөгелетіні, сол екі арада оның кейбірі сапасын жоғалтатыны, мерзімі өтіп кететіні, айран-сүттің ашып кетуі мүмкін екені бесенеден белгілі. Тараз қаласында екі отбасы тарапынан ашып кеткен айран-сүтті көрсетуі, азық-түлік сапасына қатысты сын айтылуы осындай мәселеден шығып отыр. Сол азық-түлікті аудандарға жеткізумен айналысатын 18 тауар тасушы бар екен. Одан ары қарай азық-түлікті алып кетудің ауыл әкімдеріне жүктелуі де дұрыс жүйе емес. Өйткені әкімдердің қолы бірде тиер, бірде мойны оған жар бермейді. Бұл тұрғыда «Қазпошта» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасап, басынан бастап әрбір үйге дейін азық-түлікті сол мекемеге тараттырудың жолын қарастыруымыз керек. Өйткені олардың әр ауданда, әр ауылда бір-бір филиалы, бөлімшесі жұмыс істейді. Газет-журналды әр елді мекенге уақытылы жеткізіп, ақша аударымын мүлтіксіз орындап отырған осы мекемеден бізге ыңғайлысы жоқ, – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан бөлек қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырғанын айта келе, мемлекет көмегіне малданып, жұмыс істеуден жалтарып жүрген, яғни еңбекке қабілетті бола тұра мемлекет тауып берген жұмыстан жалтарған адамдар арасында дұрыс үгіт-насихат жүргізуді, еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын, бір кезде жағдайы төмен адамның мемлекеттің қолдауы арқасында аяққа тұрғанын БАҚ арқылы насихаттау керектігін баса айтты. Сондай-ақ тұрмыс жағдайына қатысты арыз-шағыммен қалалық, аудандық, облыстық әкімдікті жағалайтын тұрғындардың мәселесі жергілікті жерде шешілуі керектігін, осындай мәселелермен былтыр жаңадан ашылған «Бақытты отбасы» секілді мекемелер айналысуы қажеттігін еске салды.

Н.Болатұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.