Рухани жаңғыру

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру – басты міндет

Written by Aray2005

Жамбылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы  жұмыстар облыс әкімі бекіткен арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.

– Осы мақсатта жыл басында «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылды. Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын іске асыру бойынша 2019 жылдың 21 қаңтарында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Нәтижесінде, 2019 жылдың І жартыжылдығында 926 млн теңгеге 278 мыңнан астам адам қамтылған 59 жоба, 720 іс-шараөткізілді.

Сондай-ақ, Латын әліпбиін және жаңа Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін үйрету бойынша тиісті сала мамандарын қайта даярлауды бір орталықтан жүргізу мақсатында  облыс  әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында кадрлық, материалдық техникалық базаларын күшейту бағытында жұмыстар  атқарылды.

Латыннегізді жаңа әліпбиді үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2018 жылдың 5 қыркүйегінде ашылған «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинетінде ұлттық әліпбиді насихаттау бойынша семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері өткізіліп отырады.

Ағымдағы жылдың мамыр айынан Жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін меңгеру бойынша 36 сағаттық оқу курсының бағдарламасы әзірленіп, 103 адам оқу курсынан өтіп, сертификаттар табысталды. Оқу курстарын Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 72 сағаттық оқу курсынан өткен тренер оқытушылар жүргізеді. Қазіргі таңда 8 қызметкер сертификатталған тренер.

Республикада алғашқылардың бірі болып  Елбасының №637 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқып, жазуға үйрету мақсатында Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді, – деді С. Құрманбекова.

Бұдан бөлек, облыста жаңа әліпбиді жеңіл  меңгеруге ықпал ету мақсатында барлық аудандар мен Тараз қаласында семинар-тренингтер де жиі ұйымдастырылуда. Жалпы жыл басынан бері латыннегізді әліпбиді өңір тұрғындарына түсіндіру мақсатында 96 іс-шара өткізіліп, оған 32 969 адам қамтылған.

ПІКІР