Қоғам

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Written by Aray2005

Бүгінде өңірде 255 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ержан Жұмабеков, Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Сабыр Түменбаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында баяндалды.

Спикерлердің айтуынша, қазіргі таңда облыста мемлекеттік қызметшілердің штаттық бірлігінің саны – 5 080. Бос лауазымдар үлесі 5,4 пайызды құрап отыр. Ал, мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 39,9 жас. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіргендер 16 адам болса, «Болашақ» бағдарламасының түлектері – 3 қызметкер.
Былтыр мемлекеттік органдарда үміткерлердің қатысуымен өткен конкурстарға байқаушылардың қатысуы 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ішкі конкурстар негізінде жоғары тұрған лауазымдарға тағайындау үлесі – 326, ал 1 орынға конкурсқа қатысушылар саны 2 адам болған. Есепті кезеңде 505 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалса, олардың 130-ы тиісті үдеден табылмаған.
«2018 жылдың 12 айында тестілеуден өтуге барлығы 6 042 азамат өтініш білдірді. Өтініш білдірген азаматтардың ішінен 2 520 адам немесе 41,7 пайызы тестілеудің шекті мәнінен өтті. Сонымен қатар 2 433 азамат құқық қорғау қызметіне тестілеуден өтуге ниет білдіріп, олардың ішінде 1 087 адам сынақты сәтті тапсырды», – деді басқарма басшысы Е.Жұмабеков.
Басқосуда журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Е.ХАНЖАНҰЛЫ

ПІКІР