Айна

Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс

Written by Aray2005

Осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын елімізде мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылған болатын. Ал 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Аталған заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады. Және Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастырады. Аталған уақыт ішінде атқарылған жұмыс орасан зор. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды.

Бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штат саны 4970 бірлікті құрайды. Есепті жылдың ішінде штат саны жергілікті атқарушы органдардың ветеринария бөлімдерінің 36 бірлігі қысқарып, аумақтық ветеринария инспекциясына берілді. Аталған кадрлық өзгерістер өңірлік ветеринария саласын одан әрі жетілдіру мен оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылған.
Білім деңгейі бойынша қызметшілерде бірнеше жыл бойы оң көрсеткіш байқалуда. Мемлекеттік қызметшілердің 90,7 пайызы жоғары білімді азаматтардан тұрады. Олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдірге 3 азамат және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 22 түлегі бар.
Мемлекеттік қызметке орналасудың алғашқы қадамы саналатын конкурстық іріктеу арқылы есепті кезеңде 307 адам қызметке қабылданса, олардың алтауы сайлау арқылы тағайындалған. Конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, барлық конкурстарға байқаушылардың толық құрамда қатысуы қамтамасыз етілді. Конкурстардың 44 пайызы ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыстық департаментінің өкілдерінің қатысуымен өтті.
Сондай-ақ еліміздегі пандемия жағдайын ескере отырып, қашықтықта жұмыс істеу режимін және қызметке орналасуда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында конкурстың әңгімелесу сатысына әлеуметтік желі арқылы онлайн бақылау жүргізілді.
Меритократия қағидатын нығайту шараларының нәтижесінде, ішкі конкурстар бойынша қызметшілердің жоғары лауазымдарға тағайындау үлесі 63 пайызды құрады. Бұл дегеніңіз есепті кезеңде 70 мемлекеттік қызметшінің қызметінің өскенін көрсетеді. Өз кезегінде бұл көрсеткішті сақтау бойынша департамент тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендірудің ажырамас бөлігіне айналды. 2020 жылға 1462 қызметшіні оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін олардың 40 пайыздан астамы оқытылды. Айта кету қажет төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметшілер ғаламтор желілері арқылы қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті.
Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары аясында облыс бойынша 305 спорт нысанында дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалды. Бұдан бөлек, Тараз қаласында мемлекеттік қызметшілерді медициналық тексеруден өтуіне мүмкіндік беретін арнайы «QYZMET» медициналық кабинеті жұмыс істеп жатыр.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.
Облыста есепті мерзім ішінде барлығы 2,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда баламалы тәсілмен көрсетілетін қызметтердің қағаз түрінде көрсетілу үлесі 0,2 пайызға, ал электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны 8,3 пайызға артты. Бұл ретте мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін барынша қолдану нәтижесінде мүмкін болғанын атап өту қажет.
Қызметтер сапасын бақылау аясында 4 рет профилактикалық және 1 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Жүргізілген тексерудің барысында 1274 заңбұзушылық фактісі анықталды. Тексеріс нәтижесімен 54 ұсыныс енгізіліп, 24 қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Әкімшілік жазаға 6 лауазымды тұлға тартылып, олардан 160 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді. Бұдан бөлек шағымдар бойынша 1 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша өткен кезеңде халықтың сауаттылығын арттыру мақсатында 50 500 адамды қамтыған 750 іс-шара өткізілді. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ мен бірлесіп, облыс орталығында және аудан орталықтарында орналасқан ірі сауда орындарында тұрғындарға электронды қызмет алудың артықшылықтарын насихаттайтын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шараларда «mGov» , «Telegram», «Цифрлы агент» мобилді қосымшаларымен жұмыс істеу тәсілдері үйретіліп, 50 мыңнан астам азаматқа қажетті әдістемелік-құқықтық көмектер көрсетілді.
Жалпы мемлекеттік қызмет жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым болып табылады. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу мәселесі көтерілуде. Олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет деген ұсыныстарда алға тартылды.
Бірнеше жыл бұрын мерекелік күнтізбенің қатарына 23 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілген болатын. Биылғы жылы мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы орайда барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, ел мүддесін еселеу жолындағы елеулі істеріңізге үлкен табыс және біліктілік шеберліктеріңізді арттыра берулеріңізді тілеймін!

Шәкір Асылханұлы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
Агенттігі облыстық департаментінің басшысы

ПІКІР