Жамбыл адалдық алаңы

Мемлекеттік қызмет – мінсіз міндет

Written by Aray2005

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл санап жаңа белестерді бағындырып келеді. Нәтижелі реформалардан бөлек, нақты қадамдарға бағытталған механизмі мен стратегиясы бар. Алғашқыда бұл мекеме мемлекеттік қызметкерлерді қорқытушы немесе жазалаушы орган сияқты көрінген. Бірақ уақыт өте келе, оң өзгерістер бастауына айналып отыр.

Мысалы, агенттік қазір жазалап, қорқытудан гөрі, алдын алу шараларына басымдық берді. Түсіндіру, жол көрсету, ескерту, яғни профилактика жұмыстары әлемдік тәжірибелерді ескере отырып жүзеге асуда. Бұл – демократиялық қоғамға сай үрдіс. Биыл осы агенттіктің Жамбыл облысындағы филиалының басшысы қызметіне келген Равиль Қуанышбайұлы Төлебаев жаңа жұмыс форматын қолға алғаны белгілі. Нақты бір мысал айтсақ, алқа мәжілісіндегі бұрынғыдай ұзын сонар баяндама, формальды есептер тоқтатылды. Үйреншікті есептердің орнына панельдік пікірталастар ұйымдастырылды. Оған қоғам белсенділері, блогерлер, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер қатысты. Мәжіліс барысында «Мемлекеттік қызметті қалай жетілдіру керек?», «Жемқорлықтың алдын алу үшін қандай шаралар жүргізу керек?» дегендей қоғамды толғандыратын көптеген сауалдарға жауап берілді. Осындай пікір­та­лас, сұрақ-жауап жаңа форматқа үйренбеген жұртқа ашық алаң құрып, тәуекелге барғаны –
үлкен қадам.
Бізде жоғарыдан тапсырма кел­мейін­ше, орындалмайтын шаруалар бар. Бай­қа­са­ңыз­дар, 1 000 орындық мектепте 1 500 оқушы оқып жатыр деген сипаттағы материалдар БАҚ беттерінде көптеп кездеседі. Құр дабыл қағып, «Неліктен?» деген сұраққа жауап іздемейміз. Оқушылардың мектепке сыймау себебі – мектептерде ғимараттардың тиімді пайдаланбауында. Кеңес үкіметінен қалған үрдістен ажырай алмай, атшаптырым каби­нет­терді алған басшылар бар. Ал Равиль мырза мәселенің үстінен дөп басып, дұрыс шешім шығарды. Нәтижесінде аймақта 11 мектеп басшысының жұмыс кабинеттері 40 және 50 шаршы метр аумақты алып жатқаны анықталып, мектеп директорлары шағын кабинеттерге көшірілді.
Мектептерден бөлек, мемлекеттік мекемелердің 20 мыңнан астамы осы уақытқа дейін ғимараттарды тиімсіз қолданып келген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті аймақтағы 497 мемлекеттік мекемеде арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, жоғарыдағы деректі нақтылай түскен. Қазір осы алаңдар қызметтік мақсатта пайдалануға беріліп жатыр. Бұл экономикаға да оң әсерін тигізіп, 40 миллион теңгеден астам қаржыны үнемдемек. Үшінші мәселе – кешкі сағат жетіден кейін мемлекеттік қызметкерлерді жұмыста қалдырмау. Кейбір мекемелерде «бірінші басшы кетпей, қалған қызметкерлер де жұмыстан қайтуға болмайды» деген жүйе қалып кеткен. Бұл қағиданы жеке басым қолдамаймын. Ешқашан жұмыс уақытынан кейін офис менеджерді немесе көмекшімді алып қалған емеспін. Егер жұмыстан соң қалып жатсам, өзімнің қателігімнен. Демек, күні бойғы жоспарымды дұрыс құрмай, жұмысымды берілген уақытта бітіре алмадым. Бұл – жұмысқа деген жауапсыздық. Агенттік осы жайтты ескеріп, түнге дейін жұмыста қалатын қызметкерлерді тәртіптік жазаға тартты. Тіпті арасында кабинеттерін ішінен бекітіп, жарықтарын өшіріп, тығылып отырған күлкілі жағдайлар да кездесті. Кешке үйіңе қайт, шаршама, отбасыңның жанында бол, ертеңгі жұмысқа күш жинап кел деген жақсы ниетті түсінбегеніне таңданғанымыз жасырын емес. Мысалы, Астанада кейбір министрліктерде кешкі 18:30-да компьютерлер автоматты түрде өшіріледі. Ал егер жұмысыңыз бітпей жатса, алдын ала ескертіп, 30 минутқа тағы да қосымша уақыт сұрап барып қана қала аласыз. Міне, бізге осындай үрдіс жетіспейді. Равиль Қуанышбайұлы Астанада республикалық органда жұмыс жасағаннан кейін, Жамбыл облысына келді де бірден осындай бастамаларды енгізді. Ал біздің мемлекеттік қызметкерлер оған әлі де көндіге алмай жатыр.
Төртіншіден, бүгінде халықты бұқаралық спортқа баулу – мемлекет басымдық беріп отырған бағыттардың бірі. Аталмыш агенттіктің бастауымен қолға алынған бастамалардың тағы бірі – мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан кейін спортпен шұғылдануына жағдай жасау. Қазіргі таңда 52 мемлекеттік және меншікті спорт нысандарымен келісім жасалған. Соның ішінде футбол, волейбол, үлкен және үстел теннистері және өзге де спорт түрлерімен тегін шұғылдануларына болады. Ол үшін «Тараз-Арена» спорт кешені, «Тараз», «Жастар» және «Ұлан» стадиондарында жағдай қарастырылып отыр. Сондай-ақ жеке спорт нысандарында 10 пайыздан 50 пайызға дейін жылдық абонементтерге жеңілдіктер алуға да мүмкіндік бар.
Бесіншіден, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Мемлекеттік билік институттарына азамат­тардың сенімін арттыру. Жоба аясын­да мемлекеттік мекеме қызмет­кер­лерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері қамтылған. Жалпы, Жамбыл облысында бұл жоба жеті бағытта жұмыс істей бастады. Ол медицина мекемелеріндегі тұрмыстық жемқорлықты болдырмау үшін электронды «Damu Med» бағдарламасының, «Мектеп» және «Балабақша» атты жаңа «Whats App» топтарының пайда болуы, тұрақты қоғамдық кеңестің құрылуы жоба жұмысын айтарлықтай күшейтті. Сондай-ақ тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды түрде өздеріне керек анықтамаларын алуына болады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынған «Egov» порталын немесе мобильді телефонға «Mgov» қосымшасын жүктеу арқылы барлығын жүзеге асыра аласыз. Электронды портал барлық жағынан тиімділігін көрсетуде. Өйткені көпшілік орында кезексіз, шұғыл түрде тиісті анықтамаларды алуға жол ашты. «Egov», «Mgov», «Telegram» сынды порталдар –
дәйектің дәлелі. Бірақ халыққа тегін ұсынылатын мемлекеттік қызметтерге ақы алған фактілер де тіркелді. Бұған заңмен тыйым салынса да, бұл талап барлық жерде бірдей сақтала бермейтіні анықталып отыр. Мәселен, облысымыздағы кейбір денсаулық сақтау ұйымдары түрлі медициналық анық­тамаларды әлі де саудалайды екен. Мысалы, «Наркологиялық» және «Психоневрологиялық» анықтамаларды беру мемлекеттік қызметтерін көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілген болатын. Азаматтар бұл анықтамаларды тек мемлекеттік корпорация немесе электронды үкімет порталы арқылы тегін алуына болады. Алайда облыстық наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлермен қоса, аудандық орталық ауруханалар аталған анықтамаларды сатып келіпті. Бүгінгі күнге дейін үш мыңға жуық азаматқа 5 923 анықтама қағаз түрінде берілген. Берілгені былай тұрсын, ашықтан-ашық саудаға салынған. Осылайша бірқатар денсаулық сақтау ұйымдары бұл іс-әрекеттері арқылы заңсыз қаржы иемденген. Мәселен, Меркі аудандық орталық ауруханасында 105 мың теңгеден асатын сомаға 50 адамға анықтама сатылса, Т.Рысқұлов аудандық ауруханасы 117 адамнан 67 мың теңге, таластық ақ халаттылар 12 азаматтан 9 мың
теңге көлемінде негізсіз ақша алған. Бұл тек осы үш ауданға ғана тән көрсеткіш емес, мұндай анықтама сатып, ақша тауып, азаматтардың білместігін бас пайдасына асырған заңсыз әрекеттер барлық аудандық ауруханаларда орын алған. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмысшы топ жүргізген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша өзге де заңбұзушылықтар орын алатыны белгілі болып отыр. Осы «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері халыққа қызмет көрсету орталықтарының да жұмысын назардан тыс қалдырмады. Олар орталыққа қарапайым азамат ретінде келіп, тексеру жүргізді. Бұл әдіс өз тиімділігін көрсетті де. Мәселен, Жамбыл ауданы, Гродеково ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барған мониторинг топ өкілдері бірқатар кемшіліктерді анықтады. Кеңсе қызметкерлері әуелі барлық келушілерге арналған кеңес беру қызметінің сапасы мен жағдайына мән берді. Орталықта әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға оңай соқпайтыны белгілі болды. Ғимараттың құлаған қасбеті бұл көріністі тіпті сұрықсыз күйге түсірген. Ал ең сорақысы – көптеген қызметкерлердің жұмыс орнында отырмауы. «Жамбыл адалдық алаңы» жобасы тұрақты түрде осындай тексерулерді жүргізе бермек. Сондай-ақ анықталған кемшіліктер мен өрескел заңсыздықтарға тиісті шаралар қолданылады. Осы бағытта өңірде «DIGITAL AGENT» жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады. Тың бастама тұрғындарға көрсетілетін қызметтерді оңтайландырып, сапасы мен қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Осының арқасында әрбір азамат өзіне көрсетілген қызметке баға беріп, қанағаттанбаған жағдайда шағым түсіріп, дер кезінде жауап алуға мүмкіндік туып отыр. Өткен жылы аймақта мобильді қосымша арқылы тұрғындардан 200-ге жуық шағым түсіп, тиісті жауап берілген. Мамандардың айтуынша, облыста көбінесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты шағым жиі түсетін көрінеді. Заң жүзінде әрбір шағымның қаралу мерзімі 15 күнге дейін баратын болса, осы «DIGITAL AGENT» арқылы 1 күннің ішінде әрбір шағымды қарастырады.
Аталмыш жоба аясында Жамбыл облысының полиция департаментімен бірлескен жұмыстар белсенді жүргізілуде. Талдау нәтижесінде жол қозғалысына қатысушылар құқықтарының немесе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына әкеліп соғатын Тараз қаласында орналасқан 14 жол белгілері анықталып, оларды жою бойынша Тараз қаласы әкімдігіне тиісті нұсқама жолданды. Бұған дейін облыстық арнайы мониторингтік топ мүшелері полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, оның барысында 5 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек Равиль Төлебаев бастаған «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері аудандарды аралап, аймақтың жалпы тыныс-тіршілігімен танысып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жай-күйін қадағалап отырады. Артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, өз ұсыныстарын жолдайды. Мемлекеттік органдардың алдында тұрған басты мақсат – мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын, қызмет түрлерінің сапалылығын қамтамасыз етіп, әкімшілік кедергілерді төмендету. Осының барлығы жемқорлықтың алдын алуға үлкен септігін тигізбек. Бүгінде үйден шықпай-ақ, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін «TELEGRAM BOT» арқылы да электронды түрде алуға болады. 2018 жылғы барлығы 168 290 қызмет көрсетілсе, оның 1 803-і ғана электронды жүргізілген. Демек, әлі де электронды қызмет алуды насихаттау қажеттігі туындап тұр деуге болады.
Сондай-ақ департамент жанында қоғам белсенділерінен құралған әдеп жөніндегі кеңес бар. Бүгінде Әдеп жөніндегі кеңестің статусын көтере отырып, дербес азаматтардың дәрежесін арттыруға көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, кеңес мүшелеріне мемлекеттік қызметкерлердің үстінен шағымданып келген тұрғындарды жеке қабылдауға мүмкіндік жасалды. Ол арызды әкімдікке апарып, шешімін шығаруға тікелей араласа алады. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде кез келген жердегі заңсыздыққа араласа алатындай мүмкіндік берілді. Әрине, оны кеңесте дұрыс пайдалана білу керек. Қара басының қамын күйттеп, жеке тірліктерін шешіп кетуден аулақ болуы шарт. Былайша айтқанда, агенттіктің қолдаушы күші болуымыз қажет.
Тағы айта кететін мәселе – агенттіктің БАҚ өкілдеріне ашықтығы және халықпен кері байланысқа шығуы. Басшысынан бастап, мамандарына дейін әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары. Орын алған келеңсіздік туралы ақпар түскен кезде жедел жәрдем сияқты көмектесетін деңгейге жетіп келеді. Кеңестің біраз отырыстарына қатыстым. Байқағаным, гуманизм бірінші орынға шығып отыр. Бірден жазалауды қолданбай, қызметіне толық сәйкес еместігін қарау, қызметін төмендету сияқты альтернативалар ұсынылады және мұның барлығы кеңес мүшелерінің дауысқа салуымен шешіледі. Мысалы, жақында әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда наурыз айында мемлекеттік қызметкерлер арасында жасырын түрде жүргізілген сауалнама қорытындысы сараланды. 3 100-ден астам мемлекеттік қызметкер қатысқан сауалнама ұжымдағы моральді-психологиялық аураны анықтауға бағытталған. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін өмір сүріп жатқан екінші отбасыңда жұмыс істеу қолайлылығы қандай деген сұраққа жауап ізделінді. Өкінішке қарай, сауалнама қорытындылары көңіл көншітпейді. Анонимді болғандықтан көптеген шындық ашылып, айқындалды. Басшының алдында ұжымның пікірі саналмай, жеке тірлікке жұмсау, ұжымдағы атмосфераға деген көңіл толмаушылық фактілері жиі кездесті. Әсіресе Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісі және облыстық ветеринариялық-санитарлық бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық инспекциясындағы ұжымдық ахуалдың нашарлығы ең жоғарғы деңгейде болып отыр. Екі мекеме басшыларына ескерту жасалды, кемшіліктерді жоюға ұсыныс берілді.

Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі

ПІКІР