Мемлекеттік қызметке кір келтіргендер тәртіптік жазаға тартылмақ

0 0

Облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтіп, оның күн тәртібінде бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қозғалған тәртіптік істер мен Шу ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2019 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылдың өткен кезеңі бойынша атқарылған жұмысы туралы есебі және департамент тарапынан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметіне мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын және мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің сақталуына жүргізілген профилактикалық бақылау мен қадағалаудың нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстары туралы есебі қаралды.

Кеңес отырысында Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері дайындаған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қозғалған тәртіптік тергеп-тексерудің қорытындысы тыңдалып, олар бойынша тиісті шешім қабылданды.

Мәселен Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде көрсетілгендей өзі қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етпеу және өзінің қызметтік міндеттерін сапалы атқармау сипатындағы тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тарту ұсынылды.

Ал дәл осы іске қатысы бар Жуалы ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Талгат Киргизбаевқа қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, оның аудандық жер қатынастары саласындағы уәкілетті органның басшысы бола тұра, жалпыға қолжетімді ақпаратты азамат Р.Нурманның сұрауы бойынша негізсіз толыққанды әзірлемегендігі расталған. Сөйтіп оған облыстық Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынып отыр.

Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Руслан Оразханға да қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген. Оның айыбы – ауыл округі әкімдерінен қонақ күтуге деп 15 000 теңгеден талап еткені. Айта кету керек бұл ауданның бұрынғы әкімі А.Қырықбаевтың кезінде болған жағдай.

Сондай-ақ, кеңес отырысында Р.Оразханның өзге де заңбұзушылықтарға қатысты ісі қаралып, Әдеп жөніндегі кеңес Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Садырқұловқа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көрсетілген шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі сипатындағы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін орынбасары Руслан Оразханға «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Қордай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеевтің де мәселесі май шаммен қаралды. Оның жер заңдылықтарының бұзылуына қатысы болып, мемлекеттік қызмет саласына кір келтіргені үшін аудан әкімі Р.Дәулетке бөлім басшысы Елдос Мендекеевті және әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Берик Адылкановты «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тарту ұсынылып отыр.

Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев та Әдеп жөніндегі кеңестің қырағылығына ілігіпті. Қызметтік тергеп-тексеру барысында оның мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарын бұзғандығы белгілі болған. Яғни, аудандағы үш құрылыс нысаны бойынша жалпы 8 680 003 теңгені құрайтын сомаға жұмыстар атқарылмаған. Аудан прокуратурасы үш фактіге қатысты актілер жасап, қорытынды беру үшін облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне тиісті құжаттар жолдаған. Осылайша кеңес ұсынысы бойынша оны алдағы уақытта аудан әкімі Н.Ергебеков «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартуы тиіс.

Кеңес отырысы барысында Шу ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2019 жылы және 2020 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының нәтижелері тыңдалды. Баяндама жасаған Шу ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Лиза Есмамбетова 2019 жылдың есепті кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактілері бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 3 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтып өтті.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметіне жүргізілген профилактикалық бақылау мен қадағалаудың нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, ол бойынша да тиісті шешім қабылданды.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.