Қоғам

Мемлекеттік тіл – менің тілім

Written by Aray2005

Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпау керек. Тіл – тек қарым – қатынас құралы ғана емес ол – ұлттық дініміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді.

Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Ана тілі – ең басты байлығымыз.

Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл — ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы — оның ана тілі. Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауаты ұрпақ тәрбиелеу.

Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеру міндетті.

Азамат Ергебаев,

Тараз қаласының мамандандырылған

әкімшілік сотының бас маман — сот отырысының хатшысы

ПІКІР