Жамбыл жаңалықтары

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығын ашу қажет

Written by Aray2005

Өңірдегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын экономиканың жекелеген салаларына белсенді енгізілу және оның дамыту мәселелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селектрлік кеңесте жан-жақты талқыланды.

Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс 238 жобаның бірыңғай базасы құрылған болатын.
Негізінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері денсаулық сақтау, білім беру, спорт, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беруде. Тиісінше халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы да жақсара түскен. Осы жоба аясында №1 Тараз қалалық ауруханасына ангиограф, ал Шу аудандық ауруханасына компьютерлік томограф алынған.
Бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың арқасында балабақшалар санын көбейту мәселесі де тиімді шешілуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатына сәйкес, мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік тапсырысына жеке меншік балабақшалар да қарастырылады. Биыл төрт балабақша мемлекеттік білім беру тапсырысын орындамақ.
Білім беру саласында мектеп асханаларын жаңғырту мақсатында оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы 6 шартқа қол қою жоспарлануда. Дегенмен, өткен жылы жоспарланған 39 жобаның 15-і іске асырылмаған.
– Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласындағы мектеп асханалары сенімгерлік басқаруға берілмеді. Қала, аудан әкімдеріне, облыс әкімдігінің салалық басқармасына жаңа оқу жылы басталғанға дейін бұл мәселені шешуді тапсырамын. Жөндеу жұмыстары балалардың білім алуына кедергі келтірмеуі керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Тараз қаласының көшелерін энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдармен жабдықтау мақсатында келісімге бизнес пен билік арасындағы әріптестік жобасы аясында қол жеткізген. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.
Облыс әкімі мердігер ұйымның сылбыр жұмысын сынға алып, салалық басқармаға жұмыс барысын жүйелі түрде қадағалап отыру керектігін ескертті.
Кәсіпкерлер заман талабына сай қоғамдық жол қауіпсіздігі саласындағы жобаны да қолдап отыр. Өз кезегінде өңір басшысы бұл процестерді жеделдетуді тапсырды. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қоғамдық көліктерде электронды билеттендіруді енгізу және аялдамаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Өңір басшысы тиісті жұмыстарды межелі мерзімнен кешіктірмеу керектігін еске салды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс жүргізу – инвесторларды тартуды көздейді. Бірақ бұл үшін нақты шаралар қабылданбаған. Мысалы, облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Дамир Егізбаевтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша оларға тек жеті кәсіпкер ғана жүгінген. Алайда бірде бір жоба жүзеге асырылмаған.
– Орталық қызметінің нәтижесі көрінбейді. Қызметкерлердің штаттық саны ауқымды болғанымен, оларды тиімді пайдаланылмай отыр. Мекемемен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен де, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен де, мемлекеттік органдармен де әріптестік байланыс жолға қойылмаған,– деді Б.Машбекұлы.
Өңір басшысы инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының қызметін зерделеуді және оның құрылымын қайта қарауды тапсырды.
Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығын ашуды ұсынды. Республикадағы өзге аймақтардың тәжірибесін мысал еткен басқарма төрағасы орталықтың инвестициялық жобаларды зерттеу, оқыту және кеңес беру, сараптау және іске асыруды бағалау бойынша қызметтер көрсететіндігін тілге тиек етті. Қазір кәсіпкерлер мен инвесторларға бұл қызметтерді алу үшін басқа қалаларға баруға тура келеді.
Облыс әкімі бұл жобаны қолдап, барлық қажеттіліктерді жан-жақты зерделеуді тапсырды.
–Кәсіпкерлердің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуге ұмтылыстарын арттыру үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл механизм бюджетке түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, бизнесті дамытуға да өзінің оң ықпалын тигізбек. Атап айтсақ, экономиканы дамыту, қосымша жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР