Мемлекеттің қамқорлығын сезінбеген бірде-бір адам жоқ

0 3

Мемлекетіміздің басты мақсаты – елдегі бірлік пен ынтымақты, тұрақтылық пен татулықты сақтау. Ұлттар мен ұлыстар, дін мен діни ұйымдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Ал Қордай оқиғасының көпке ой салғаны белгілі.

Жалпы қазір Қордайдағы жағдай тұрақты. Онда бір жыл ішінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жəне мемлекеттік бағдарламалар аясында көп жұмыстар атқарылған. Сол атқарылған жұмыстың барысымен танысу мақсатында облыс əкімдігі ішкі саясат басқармасы мен Қордай ауданы əкімдігінің бастамасымен Масаншы мен Сортөбе ауылдарында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры ұйымдастырылды.

Масаншы ауылындағы мəдениет үйінде Қордай ауданының əкімі Рүстем Дәулет төтенше жағдай орын алған елді мекендердегі қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баян етті. Оның айтуынша, төтенше жағдай орын алған сəтте Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысанға залал келтірілген. Атап айтсақ, оның 46-сы тұрғын үй, 18-і кәсіпкерлік, 1-еуі шаруашылық нысаны. Бұдан бөлек 62 автокөлік өртке оранған (47 жеңіл, 9 жүк көлігі, 2 трактор, 4 тіркеме). «Азаматтық қорғау туралы» Заңға сәйкес бірінші кезекте 213 миллион теңгеге 41 үй, 13 кәсіпкерлік нысаны қалпына келтірілген. Ал 103 нысанның əйнек-терезесі демеушілердің жəне кейбір тұрғындардың өз қаражаты есебінен бүтінделіпті.
Төтенше жағдай салдарынан қайтыс болған азаматтардың отбасыларына және зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде мемлекет пен демеушілер тарапынан 133,4 миллион теңге жұмсалған. Ал төтенше жағдай салдарынан азық-түлік дүкендері қалыпты жұмыс істегенге дейін Масаншы ауылдық округіндегі 936 отбасыға аудан және басқа да өңір тұрғындары тарапынан 40 миллион теңгеден астам қаржылай, 133 тонна көлемінде гуманитарлық көмек келген.
Демеушілер есебінен біраз үйге газ пештері орнатылып, табиғи газ кіргізіліпті. Біріне үй сатып әперсе, енді бірінің басқа өңірге көшуіне көмек берілген. Мұнда мемлекеттің қамқорлығын сезінбеген бірде-бір адам жоқ.
Сондай-ақ сот үкімі шыққаннан кейінгі аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, сотталушылардың жақын туыстарының әртүрлі теріс іс-әрекеттерге бармауының алдын алу мақсатында қауіпсіздік іс-шаралары қабылданыпты. Яғни қамауда отырған азаматтардың жақын туыстарымен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық округ әкімдері мен орынбасарлары, ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңес өкілдері тартылған. Олар халық арасында ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Ауылдағы дүнген ұлтының өкілдері еліміздің қай түкпіріне барып жұмыс істеймін десе де өз еріктері. Өткен жылы 465 отбасы Шу ауданында 5 мың гектарға көкөніс салса, биыл 500 отбасы сонда жұмыс істегелі отыр. Алматы мен Қарағанды облыстарына барып жұмыс істеп жатқандар да бар. Өткен жылы Қарағанды облысында 70 отбасы жұмыс істеп келсе, биыл Павлодарға барып жұмыс істеуге ниеттілер де табылып жатыр, – дейді аудан əкімі.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері «Щёнхо» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Техникаларын қаз-қатар тізіп қойған қожалықтың трактор-машина паркінің 30 пайызға жаңарғаны көрініп тұр.
Аудан əкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Əділет Қаспақпаевтың айтуынша, биыл ауданда 135 мың гектарға дəнді-масақты дақылдар себу жоспарланыпты. Бүгінде егіс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Оның ішінде 45 мың гектарға арпа себу жоспарланса, қазір себілгені 43 мың гектар алқапты құраған. Ауыл шаруашылығы техникалары да жыл санап жаңартылуда. Өткен жылы ауданда 158 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылса, биыл 51 жаңа техника лизинг жүйесімен сатып алыныпты. Жалпы ауданда техниканың жаңаруы 60-70 пайызды құраған.
– Масаншы ауылдық округіне қарасты Масаншы ауылында – 3,5, Сортөбеде – 5, Ауқаттыда 2,5 мың гектар егістік алқап бар. Масаншыда– 40, Сортөбеде 50 шаруа қожалығы егіншілікпен айналысуда. Округтегі шаруа қожалықтар ол алқаптардың басым бөлігіне көкөніс пен картоп егіп, өсіріп отыр. Техникаларын лизингпен жаңартып жатыр. Қазір мұнда «Щёнхо» шаруа қожалығы табысты жұмыс істеуде, – дейді ол.
Аталған шаруа қожалық ауылдағы 200 отбасын жұмыспен қамтып отыр екен. 15 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы екі-үш жаңа трактор алып, техника паркін жаңартыпты.
– Қордай оқиғасынан кейін шаруамызды қайта жандандыруға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Жұмыс істеп, шаруамызды дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Техникамызды лизинг жүйесімен жаңартып жатырмыз. Мемлекеттің арқасында бұрынғы қалыпты тіршілігімізге оралып, ел болып бірлесіп жұмыс істеудеміз»,– деді ол. Ал шаруашылық мүшесі Шеба Химманов үй іргесіндегі 20 сотық жерге жылыжай салып, көкөніс өсіруде. «Бұл кəсіппен үш жылдан бері айналысып келем. Қазір шалқан дайын болды. Жақын күндері базарға шығарам. Бұдан бөлек жусай, басқа да көкөністер жайқалып өсіп келеді. Отбасымды осы жылыжаймен асырап келемін, – деп қожалық жетекшісі Керим Уджур шаруа жайын айтты.
Оқиға кезінде үйі отқа оранғандардың бірі – Пароф Юсуфтан. Ол үйінің толық жанып кеткенін, қайта қалпына келтіруге мемлекеттің көмек көрсетіп жатқанын тілге тиек етті. Əбдурашид Ильясович те дəл осындай жағдайды бастан өткерген.
– Ол күнді есіме алғым келмейді. Оқиға намаз оқып жатқан кезде болды. Отбасыммен үйді тастап қаштым. Сол күні үйім мен жүк көлігім отқа оранды. Үйімді қайта қалпына келтіру үшін мемлекет пен қайырымды адамдар көмек көрсетті. Баспанамды қайта қалпына келтіруге алты миллион теңге қаржы жұмсадым. Оның төрт миллионын мемлекет берді. Əлі де жөндейтін жерлері бар. Енді жүк көлігімді орнына қою үшін сотқа қайырылғанмын. Сот əділ шешімін шығарады деген сенімдемін,– дейді негізгі табысынан айырылған ауыл тұрғыны. Үйін қайта қалпына келтіргенге дейін ол туыстарының үйін паналап келіпті.
Ондағы ауыл тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен хал-ахуалы туралы Масаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров айтып берді. Оның айтуынша, ауылда бұған дейін болмаған көп жұмыстар атқарылыпты. Атап айтсақ, жолдар жөнделіп, мемлекеттік нысандар күрделі жəне орта жөндеуден өткізілген.
– Ең бастысы, бізге талай жылдан бері арман болған табиғи газ келді. Балалардың білім алуын жақсарту үшін интернет желісіне қосылдық,– деді. Сондай-ақ ол ауылдық округтен азаматтық борышын өтеуге аттанғандардың үлесі 30 пайызға жоғарылағанын мақтанышпен жеткізді.
Бүгінде Масаншы ауылындағы №13 орта мектепте 1 031 бала мемлекеттік тілде білім алып жатыр. Мектеп директоры Қамбар Иманқұловтың айтуынша, мектеп оқушыларының 99 пайызы дүнген ұлтының өкілдері екен.
– Бүгінде тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы жоғары, – дейді Қ.Иманқұлов.
Ал 9-сынып оқушысы Зейнеб Хива сабақ үлгерімі мен сыныптағы өзге ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынастың жақсы екенін айта келіп, Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» атты өлеңін мəнерлеп оқып берді.
Бұдан кейін баспасөз туры Сортөбе ауылында жалғасын тапты. Сортөбе ауылындағы инфрақұрылым жайында ауыл тұрғыны Нұрлан Колпаков сөз қозғаса, Мұса Машанло ауылдағы жолдар мен газ тарту жұмыстарының барысын сөз етті. «Достық» балабақшасындағы мемлекеттік тілді үйрету тобының жұмысымен аудандық тілдерді дамыту орталығының директоры Əлия Итжанова таныстырды.
– Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді үйреніп жатқан 19 топта 220 адам оқытылуда. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы артып келеді, – дейді ол. Ал осы курста білімін жетілдіріп жатқан тыңдаушы Мадина Твоз жарты жылдан аса уақытта мемлекеттік тілді əжептəуір меңгеріп алғанын айтты.
Азаматтық борышын Қазақстан Қарулы Күштері қатарында өтеген Арафат Мабор жақында əскерден келіпті. Ол əскерде өзін физиологиялық, психологиялық тұрғыдан жаңа өмірге дайындап, кəсіпкерлікпен айналысуға бел буғанын жеткізді.
– Азаматтық борышымды өтеу барысында көп достар таптым. Достарымның арасында қазақтар көп. Бір-бірімізбен ұялы телефон арқылы байланысып, үнемі хабар алысып тұрамыз. Менің арманым бірлігімізге, ұлттар арасындағы достығымызға бұдан былай сызат түспесе екен, – дейді ол. Ал жетпісті алқымдап қалған қария Леджеб Сыров 1,5 айдан кейін азаматтық борышын өтеп келетін ұлын асыға күтіп жүргенін айтты.
– Біздің осында қазақтармен көрші тұрып жатқанымызға 150 жыл болды. Содан бері арамызда ешқандай түсінбестік орын алған емес еді. Өткен жылы бір түсініспеушіліктің болғаны рас. Енді мұндай оқиға екі ұлттың арасында болмайды деп сенемін. Өзім де азаматтық борышымды Отардағы əскери бөлімде өтеген едім. Бірге қызмет еткен қазақ достарыммен əлі күнге дейін араласып тұрамыз. Енді ұлым да көп дос тауып, елге 1,5 айдан кейін оралғалы тұр, – деді ол.
Сапар соңында Сортөбе ауылындағы имамдар үйінің жұмысымен таныстық. Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің айтуынша, Қордай ауданында 62 мешіт болса, онда 91 имам қызмет атқарады екен. Олардың 30-ы қазақ, 59-ы дүнген, 2-еуі түрік.
– Имамдардың арасында ынтымақ пен бірлік бар. Олар үнемі отырған жерінде жамағатқа ынтымақ-бірлік туралы уағыз айтып келеді.
Қазір ауыл имамдары қазақ тілін меңгеруде. Алла қаласа, карантиндік шектеулер алынған соң олар жұма намаздағы уағыздарын мемлекеттік тілде өткізетін болады. Ал имамдар үйі облыс тəжірибесіне алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл ұсынысты жасаған облыс əкімі Бердібек Сапарбаев болатын. Мұнда имамдар діни мəселелерді қарап қана қоймай, өзара пікір алмасып, білімдерін жетілдіріп отырады. Бүгінгі таңда бұл орталық имамдардың сауаттылығын арттыруға көп септігін тигізуде. Алда бұл тəжірибені өзге облыстар мен аудандарға да енгізу ойда бар, – дейді облыстың бас имамы.
Баспасөз туры барысында Масаншы жəне Сортөбе елді мекендеріндегі жағдайдың тұрақталып, халықтың қайта қалыпты өмір көшіне түскенін көрдік. Лайым, халқымызды осы мамыражай тіршілігінен айыра көрмесін.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.