Жамбыл жаңалықтары

Меморандум мол мүмкіндіктерге жол ашады

Written by Aray2005

Кеше «Көне-Тараз» тарихи — этномәдени кешенінің «Қолөнершілер мен туризм» орталығында облыс әкімдігі мен облыстағы жоғары оқу орындары арасындағы туризм саласында ынтымақтастық орнату бойынша меморандумға қол қою рәсімі өтті. Жиында туризм салаcын жандандыру, түйткілді мәселелерді шешу жолдары жан-жақты қаралып, ұтымды ұсыныстар мен ұтқыр ойлар айтылды.

Шараны ашып, жүргізген облыс әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлы  таңғажайыптарға толы Тараз шаһарының туризмнің нағыз ордасы болуға мүмкіндігі зор екеніне тоқталып, саланың бойына қан жүгірту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстарды тілге тиек етті.

–Тараз қаласындағы жоғару оқу орындарында қазіргі таңда туризм саласы бойынша білім алып жатқан студенттердің саны жүзден асады. Саланы жоғары білікті кадрлық персоналмен қамтамасыз ету және біліктілікті арттыруға көмек көрсету мақсатында аймақтағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс атқаруымыз керек. Бүгінгі күні тек кадрларды дайындау ғана емес, сонымен қатар туризм саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу, бағдарламалар әзірлеу және отандық туристік саланың тиімді дамуы үшін қажетті жағдайларды бірігіп жасау қажеттігі туындап отыр. Біз өз өңірімізді қазақстандық және шетелдік туристерге танытып, белсенді туризмді қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы ынтымақтастық туралы меморандум аясында нақты іс-шаралар жүзеге асырылады.

Айта кету керек, коронавирус пандемиясына байланысты әлемде туризм индустриясы айтарлықтай зардап шекті. Індеттің салдарынан ағымдағы жылдың 5 айында облысымызға шамамен 70 мың турист келмей қалды. Сондықтан жағдайдың тұрақтануын туризм саласының дамуына мүдделі органдар тығыс байланыста болып, бірлесіп шешуі қажет.

Туризм саласын дамытудағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары мен алғышарттарының бірі-өңірдің бай мұрасын өскелең ұрпаққа аман ретінде жеткізе алатын, өз өлкесінің тарихын жетік білетін блікт і мамандар даярлау. Білім ордасын үздік бітірген білікті жас мамандар еліміздің тарихын әлемге танытып, саяхатттаушы адамдардың санын артып, туризм индустриясының ұлттық моделін қалыптастыруға және оның табысты дамуына жаңа серпін беретіні анық, – деді Е. Жылқыбаев.

Мұнан кейін сөз алған жоғары оқу орындары мен колледж директорлары күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ойларын ортаға салды. Мәселен М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің директоры Махметғали Сарыбеков туризм саласын дамыту үшін білім бағдарламасын дайындауға сала мамандары жұмыла атсалысуы керектігін және туризмге бөлінетін мемлекеттік гранттың аздығын жеткізді. Ал Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысына айрықша көңіл бөлінуі қажеттігін және аңшылық шаруашылықтың жұмысын жүйелеу туралы ұсынысымен бөлісті.

Жиында соңында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Т. НҰРХАНОВ

ПІКІР