«Мен үшін әрбір азаматтың мәселесі маңызды»

0 98

Әлемдегі жақсылық атаулының бәрі анадан бастау алады. Ана отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы. Адал қасиет, ізгілік, мейірім мен сұлулық, бәрі-бәрі әйел табиғатымен үндесіп жатыр. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» нәзікжандылар ер азаматтармен бірге иық теңестіріп, тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына да үлкен үлес қосуда. 8 наурыз –
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еңбегімен еленіп, табандылығымен тұлғаланып, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп жүрген қазақтың қайсар қыздарының бірі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Гүлдара Алданышқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Айтыңызшы, депутаттық мандатқа ие болғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Құттықтап, қолдау білдіріп, рухани демегендеріңіз үшін жамбылдық жұртшылыққа үлкен алғыс айтамын.
Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер ретінде тіркелген сәттен бойымда толқу басым болды. Ал «Nur Otan» партиясының атынан кандидатурам қолдау тауып, депутаттық мандат берілген кезде қуанышымда шек болмады. Маған сенім артқан партия Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша партияластарым мен халыққа шексіз алғысымды білдіремін. Әрине, халықтың мұңын мұңдап, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешу жолында қаншалықты салмақты жауапкершілік жүгі артылып отырғанын түсінемін. Және осы бағытта аянбай тер төгетін боламын.
– Жауапкершілік жүгін түйсінгеніңіз бірінші күннен аңғарылды. Қазақстан Республикасының жоғары заң шығарушы органының төменгі палатасының алғашқы отырысында-ақ өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдап жатқаныңызды қалың бұқара көріп отыр. Әсіресе балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері төңірегіндегі түйткілді күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерді. Дәл қазір балалардың құқығын қалай қорғай аламыз? Бізге қандай заң жобалары керек?
– Маған халықтың бағасы мен қолдауынан асатын құнды дүние жоқ. Сондықтан да халық қалаулысы ретінде ел алдындағы міндетімді, қызметімді адал атқарғым келеді. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен заңды бостандықтары айқындалған. Ал заңдар әртүрлі факторларға қатысты пысықталып отырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне үлкен көңіл бөліп келеді. Ең алдымен бала құқығына келер болсақ, ана ретінде, әйел ретінде баланың өз отбасында тәрбиеленуі керек деп есептеймін. Балалардың ең бірінші және басты қорғаны отбасы болуы тиіс. Отбасында болашақ тұлғаны, ел ертеңін тәрбиелеу негіздері қалыптасады.
Бала құқықтары мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық мәселелері туралы заң жобасы қазіргі уақытта қызу талқылануда. Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты арнайы құрылған жұмыс тобы жұмыс істеуде.
Баршамызға белгілі, қоғамда, соның ішінде жасөспірімдер мен жастар арасында өзіндік ерекшеліктері мен қызығушылықтары бар балаларға өзге замандастары тарапынан әртүрлі келеке, мазақ, оның санасы мен психикалық жағдайына нұқсан келетін әрекеттер жиі кездесіп жатады. Осындай қысымға шыдас бермеген жасөспірімдер кейде тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында бірінші рет заңға «буллинг» (жәбірлеу, қорлау, қудалау тағы басқа) терминін енгізу ұсынылып отыр. Бұл жерде «буллинг» терминін білім және бала құқығын қорғау жөніндегі заңнамаларға тек түсінік ретінде енгізу қарастырылуда. Яғни қорлаушылар мен жәбірлеушілерге ешқандай жаза қолданылмайды.
Тағы бір мәселе, кейінгі кездері асырап алған балаларды қайтадан балалар үйіне қайтару жағдайы көп орын алуда. Осыған орай балалар үйінен қайтарылған жасөспірімнің мемлекеттік тұрғын үй кезегі қайта басынан басталатын болып отыр. Яғни бастапқы кезекте тұрған уақыты жойылады. Осы мәселеге қатысты заңға кезектің қайта артқа шегерілмеуіне қатысты ұсыныс бердім және барлық депутаттар осы ұсынысты бірауыздан қолдады. Міне, осындай ауқымды бастамаларға жан бітіріп, ұрпақ келешегі үшін жұмыла әрекет етуіміз керек.
– Мәжіліс депутаты ретінде алда тағы қандай мәселелерді көтеруді жоспарлап отырсыз. Сіз секілді Мәжілістің жаңа депутаттарының сауалдары палата Төрағасының және өзге де депутаттар тарапынан қаншалықты қолдау табуда?
– Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Ұзақ жылдар медицина саласында еңбек еткендіктен және әйел азаматы болғандықтан әлеуметтік жағдайларға қатысты мәселелер мен үшін ерекше басымдыққа ие. Сонымен қатар сайлаушылар тарапынан түсетін өтініштердің көбі әлеуметтік түйткілдер төңірегінде екендігін ескере отырып, осы бағытқа басымдық беріп, қызмет атқаратын боламын. Денсаулық сақтау саласында кездесетін олқылықтарды шешуге тырысамын. Мәселен халыққа берілетін тегін дәрі-дәрмектер қатарын көбейту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға реабилитациядан өту сынды мәселелерді шешу және денсаулық сақтау саласын модернизациялау мен цифрландыру мен үшін күн тәртібінде тұр.
Парламентте әрбір депутаттың ойы мен пікірі маңызды. Себебі әр халық қалаулысының мойнында мыңдаған азаматтың мүддесі тұр. Осы орайда Қазақстандағы медицина саласы мамандарының тапшылығына байланысты өз ұсыныстарымды енгізе отырып, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының атына тиісті депутаттық сауалымды жолдадым. Қазір республика бойынша 4662,72 дәрігер жетіспейді. Ал медициналық қызметтің сапасын арттырудың алғышарты – кадр тапшылығын түбегейлі шешу. Бұл мәселе әсіресе моноқалаларда тіптен өзекті. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан оңтайлы шешімдер қабылданады деп сенемін.
Мәжіліс депутаты ретінде атыма еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі сипаттағы өтініштер түсуде. Жауапты органдарға тиісінше сауал жолдап, түйткілдердің түйінін тарқатуды бақылауымда ұстаудамын. Мәселен Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Дихан ауылы тұрғындарының интернет мәселесіне қатысты сұрағы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданды. Осындай өзекті мәселелер төңірегінде жауапты органдарға жолдап жатқан сауалдарым әріптестерімнің тарапынан үлкен қолдау тауып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, әрбір азаматтың өтініш-тілегін елеусіз қалдырмауға күш салудамын.
– Жамбыл облыстық мәсли­хаты­ның депутаты болғаны­ңыз­да жеке бизнесіңіз бен компания­ңыз­дың жұмысын қатар алып жүрдіңіз. Қазір «Мейірім» медициналық орталығы, жеке балабақшаңыз сынды бизнесіңізге көңіл бөле алып жүрсіз бе?
– Жеке бизнесім мен компания жұмысынан қазір қол үздім. Себебі мемлекеттік қызметте жүрген жұмысымның жауапкершілігі жоғары. Ал бүгінге дейін ашқан бизнестеріммен ұлдарым мен тәжірибесі мол мамандар айналысуда. «Мейірім» медициналық орталығы сынды компанияларымның алға қойған стратегиялық жоспары ауқымды. Жоғарыда атаған азаматтар осы жоспарды жүзеге асырып, биік белестерге жеткізеді деп сенемін.
– Қарапайым халық көп жағдайда жеке басының мәселелеріне депутаттарды, министрлерді, тұтас билікті кінәлап жатады. Енді өзіңіз халық қалаулысының бірі ретінде халықтың назын қалай қабылдайсыз?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді дана қазақ. Сондықтан әрбір азаматтың пікіріне бейжай қарауға болмайды. Мемлекеттің негізгі тірегі – халық. Қазақстандықтарды мазалайтын мәселелердің шешімін табу үшін кез келген жағдайда біз азаматтармен кері байланыста болуымыз керек. Алайда әр адам өз өмірінің қожайыны екенін де естен шығармаған жөн.
– Өткен жылы басталған коронавирус індетінің қаупі әлі толықтай сейілген жоқ. Медицина саласының білікті маманы ретінде кейінгі кездері коронавирус секілді емі жоқ дерттердің дендеуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
– Адамзат жаратылысында әртүрлі жұқпалы аурулардың көптеген эпидемиялары мен пандемияларын бастан өткерді. Алайда олардың пайда болу себептерін түсіндіру қиын. Ғасырлар белесінде орын алған эпидемиологиялық фактілер мен пандемияның әр 100-150 жылда пайда болуы заңды құбылыс. Және медицина кез келген ауруды жеңе білген. Сондықтан бүгінгі дамыған медицина коронавирус індетін де ауыздықтайтынына сенімдімін.
– Сіздің қайырымдылық пен қамқорлығыңыздың арқасында көптеген мұқтаж жандар аялы алақанның жылуын сезінді. Мәжіліс депутаты ретінде қайырымдылық бағытындағы жұмыстарыңызды жалғастыра аласыз ба?
– «Қайырымдылықтың қайырымы бар» дейді дана қазақ. Алайда біреуге жақсылық жасау қаржылық емес, адамның қалауына тәуелді нәрсе. Менің ойымша, әрбір мүмкіндігі бар азамат қайырымдылық жасай білуі қажет. Ол біздің салт-санамызға да тән қасиет. Осы себепті мен қайырымдылық жұмыстарын жалғастыра беремін. Бірақ ол басқаша сипатта болуы мүмкін.
– Алда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі келе жатыр. Мереке қарса­ңын­да қазақстан­дық­тарға, жерлес­те­рі­ңіз­ге қандай тілек арнар едіңіз?
– Қымбатты Қазақстан әйелдері! Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі құтты болсын. Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі.
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бірлік-береке, табыс, қызметте өрлеу және махаббат пен әсемдік тілеймін!
– Уақыт бөліп, ашық әңгіме өрбітіп, ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.