«Мен әжемнің баласымын…»

0 1

Қайрат Қаймолдаев,
«Super pharm» ЖШС директоры

– Мен әке-шешемнің мейіріміне қанып, тәрбиесін алып, бақытты балалық шақтың бал дәмін сезініп өскен адаммын. Бірақ, әжемнің баласы болдым. Нақтылап айтсам, нағашы әжем Күлайымның. Әжемнің әкесі заманында қараны мыңдап айдаған, сом алтынды сандықта сайлаған кәдімгі үлкен байлардың қатарында болған екен. Әжем тоғыз бауырының ортасында еркелеп өссе керек. Кеңес өкіметі ондай ірі байларды қойсын ба, бірін түрмеге қамап, бірін Сібірге айдап, былайша айтқанда түп-тұяғымен құртпақшы болған ғой. Содан бабам жарықтық, «тамырымнан тараған тұяғым, жапырақтай қызым туған жерімде шаңырағымның түтінін түтетсінші» деп ойлады ма, кім білсін, тоғыз жасар қызын шарасыз ұзатқанға ұқсайды. Сібірге айдалып бара жатып, жапырақтай қызымен көзінің жасы сорғалап қоштасты ма, кім білсін?! Маған ол жағын тереңдеп ойлай беру осы уақытта тым қиын әрі ауыр. Содан әжемізді енесі он бес жасқа дейін мәпелеп өсіріп, баласына қосыпты. Әжемнің енесінің есімі – Нәрия. Әжем енесін өлгенше «Жақсы адам еді» деп дұғасына қосып отырудан жаңылған емес. Мен сол әжемнің қолында Отар станциясында өстім. Оның өзіндік тарихы бар.
Әкемдер Семейге көшіп, жас отбасы болған соң ба әлде суығынан сескенді ме екен, әйтеуір екі бауырымды өздерімен алып кетіп, мені әжеме қалдырады. Отардағы үйіміз кілең орыстардың арасында болатын. Әжем жарықтық көрші орыс әйелдермен жақсы қарым-қатынас жасайтын еді. Бірауыз орысша білмесе де солармен дос болғанына таңым бар. Қазір ойласам, әжемнің қанындағы қасиеттен, тектен екен ғой бәрі. Бұл кісі шексіз мейірімді жан еді. Маған өмір бойы қабақ шытып, дауыс көтерген емес. Әжемді паналаған соң, кей бұзықтығыма анам да кешіріммен қарайтын. Кейде қызғанатын сияқты да болып көрінетін. Әжем мені қойнына алып жатып, небір ертегілер мен аңыз-әңгімелерді айтып беретін. Мен болсам әжемнің ертегісін тыңдап жатып ұйықтап кететінмін.
Тағы бір қызықты айтайын, мен үйленген соң да кей кезде аңсап, әжемнің қойнына кіріп кететінмін. Әжем болса, «Құлыным, келіннен ұят болады. Жарыңның қасына жата ғой» деп маңдайымнан мейірлене иіскейтін. Бойынан өзіне ұқсайтын мінездер көрді ме, әйелімді де ерекше жақсы көрді. Ықыласымен батасын берді. Біз жеке шаңырақ көтергенде бізбен тұрып, ақылшы болып, жөн-жосықты үйретіп отырды. Кейін кәрілік жеңіп, дерті меңдегенде баласы, нағашы ағам «Немересінің үйінен шыққаны қалай болады?!» деп әкетпекші болғанда, «Қайда тұрсам, сол жерден шығам» деп келіспеді. Аяулы әжемді солай арулап, үлкен жолға шығарып салдым. Әжем 92 жас жасады. Қазір де туған анамнан гөрі әжем түсіме жиі енеді. Көзі тірісінде не жақсылық жасасам да аз сияқты көрінген соң ба, әлде қатты жақсы көргендіктен бе қызыма Нәрия деп үлкен әжемнің атын қойдым. Себебі жоғарыда айтқанымдай әжем қанша уақыт өтсе де енесін еске алып отыратын. Кейін зауыттан шығаратын тауардың сауда белгісін де «Нәрия» деп атадым.
Ал анамның аты-жөні – Зина Қаймолдаева. Туған сіңілісінің аты – Галя. «Неге қыздарыңыздың атын орысша қойғансыздар?» дегендерге әжем «Орыс халқы өскіш қой, солар секілді көп болып, аман-есен көбейсінші» деп ырымдап қойдым деп жауап беретін. Бір әулеттен бір өзі-ақ қалған әжем жалғыздықтың қиындығын әбден тартқан ғой.
Отбасымызда 3 перзент болдық. Ағам, әпкем және мен. Жоғарыда әкемдер Семейге жұмыс бабымен көшіп кетіп, мен Отарда әжемнің қолында қалғанымды айтқанмын. Біраз жылдан соң отбасымыз елге оралып, Таразға көшіп бардық. Әжем мені қимаған соң бізбен бірге келді. Әке-шешем өзге балаларымен бір мемлекет, біз әжем екеуіміз бір мемлекетпіз. Әжеме еркелеп өскен менің қиқарлығым тіпті көп. Қиратамын да, қит етсе, әжеме қарай қашамын. Қашып тығылатын қорғаным әжемнің құшағы. Анам әжемдей емес, талапшыл, тазалықты қадағалайтын қатал кісі. Әбден ойнап беті-қолым кір болып келсе, тез жуынып, тазалануымды талап етеді. Мен болсам көршілердің аппақ етіп жуып, жайып қойған киімдеріне сүртінемін де үйге мұнтаздай болып кіремін. Бір күні бұл қылмысым ашылып, анам жазалауға ұмтылғанда әжеме қарай тұра қаштым.
Анам анау-мынауыңа қарамайтын, «Еркексің бе, сөзіңде тұр» деп қадап айтып, «өтірік сөйлеме, біреудің затын алма» деп тыйыммен өсірді. Әлгі көршілердің мен былғаған киімдерін түнімен жуып бергені әлі есімде. Тамақты өте дәмді дайындайтын. Әсіресе тауықты бүтіндей сыртына қамыр жағып, орап, ішіне алма, қараөрік салып, бөлке пешке буын бұрқыратып пісіретін. Әлі күнге дейін аузымнан дәмі кетпейді. Қазір әлемнің небір мықты деген мейрамханаларынан дәм татып жүрсем де, анам дайындағандай дәмді тауық етін жеген емеспін. Осы күні жұмыстан қолым босағанда балаларыма анамнан көріп, үйренген тауық етін өзім дайындап беремін. Кім білсін, бұл ісім кейде анамды сағынғаннан шығар?! Анам орынсыз сөйлеп, көп күлмейтін. «Балам ғой» деп, маңдайымнан иіскеп, бетімнен сүймепті. Сырттай, көрсетпей жақсы көреді ғой. Әжем қызғанып, көңіліне қаяу түспесін деген де шығар.
Анам алты ағайынды. Бүгінде анамның ағасы Нұрболат Тәйтенов нағашым бізге әке де, «ана» да болып отыр. Өзімізше «Президент» дейміз. Ол кісінің айтқаны бізге бұлжымайтын заң. Әулеттегі арқа сүйер ақылшымыз.
Анам Тараздағы тауарлық есеп кассасының бөлім басшысы қызметінде болды. 2007 жылы 72 жасында дүниеден озды.
Бет-пішінім анама тартқанымен, бойым әкеме ұқсаған. Әкем денелі, бойшаң кісі болатын.
Пенде болған соң «әттеген-ай» дейтін сәттер де кездеседі. Дегенмен, өскен ортама, өмір сүрген қоғамыма, Алла берген тағдыр-талайыма еш өкпем жоқ. Өзімді уақытынан ерте де, кеш те тумаған өз заманымның перзентімін деп есептеймін. Осы уақытта ел игілігі үшін біраз шаруаларды «Мен осылай істеп жатырмын» деп мақтанбай атқарып жатқан жайым бар. Қанынан жаралған балалары сауапты іс жасаса, сол ата-анаға, ата-бабаға шарапатын тигізеді деген нақыл бар ғой. Біздің әрекет те осындай игі тілектермен сабақтасып жатады. Әжемнің көзін көргендер «Бұл әжесінің немересі ғой» десе сол жетеді. Маған бұл дүниеде одан асқан атақ та, абыройдың да керегі жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.