Мен – батырдың ұрпағымын!

0 3

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 76 жыл. Бүкіл әлемнің 72 мемлекеті қатысқан бұл қанқұйлы соғыста 60 миллионға жуық адам қаза тауып, 110 миллионнан астам адам жарақат алыпты. Қаншама қала, қаншама елді мекен жермен-жексен болды. Жер бетінде осы сұрапыл соғыс жарасын салмаған отбасы жоқ шығар, сірә.

Ел басына күн туған осындай қиын шақта атам Жазыбай Байшонов мен нағашы атам Рахым Әбідраймов Отан үшін от кешіп, майданға аттаныпты.
Жазыбай атам небәрі 19 жаста екен. Бабамыз соғыс жайлы көп айтпай, тек кей-кейде сұрай қалса ғана «Соғыс деген өмір мен өлімнің арасындағы шайқас, соғысқа араласу –
ажалға бару», дейді екен күрсіне отырып. «Құдай енді сендерге сұм соғысты көрсетпесін» деп үнемі тілеп отырған екен.
Атамыз 1942 жылдың желтоқсан айында 25-гвардиялық атқыштар полкі құрамында бір селоның сыртындағы қалың орман шетінде немістермен болған сұрапыл шайқасқа қатысқан. Сұрапыл соғыс жылдарын атамыз: «Біздің жауынгерлер ұзына бойы терең траншеялар қазып, қару-жарақ, оқ-дәрілерін сайлап, жаудың келуін күтіп жатқан. Көп ұзамай жаудың да қарасы көрініп, танкісі бар, жаяу әскері бар, шеп құрып жатқан Кеңес әскеріне бет алған. Небір үлкен талдар түбімен қопарылып құлап жатыр. Атылған оқ пен жарылған снарядтың даусынан жауынгерлердің құлағы тас болып бітіп қалған. Сарбаздар бірінен кейін бірі оққа ұшып, жер құшуда. Олардың қатары әбден сиреді. Осы шайқаста мен де аяғымнан жараланып, әскери госпитальға түстім», деп тебірене еске алады екен. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», деген рас екен. Кескілескен бұл ұрыста үш жүзден аса жауынгерден небәрі 11-12 адам ғана қалыпты.
Атам тек жауынгер емес, 245-саперлер батальонында, 389-атқыштар дивизиясында ерлік көрсеткен.
Бабамыз «Осы сұм соғыстың кесірінен қаншама боздақ қыршынынан қиылды. Жау оғынан мен де қаза табуым мүмкін еді, бірақ көрер жарығым бар екен. Майданда екі рет жаралансам да елге аман-есен оралдым. Тәңірімнің бұл да бір маған берген сыйы шығар, өмірдің қызығын көрсін, ұрпақ таратсын дегені болар», деп өле-өлгенше шүкіршілік етіп өтіпті.
Көзі тірі болғанда атамыз биыл 99 жасқа келер еді. Сұрапыл соғыста жау оғына арқасын бермей, кеудесін тосқан майдангер атамыздың ерен еңбегін ешқашан ұмытпаймыз!
Осы орайда Жазыбай атамның ғана емес, Рахым атамның да ерен еңбегін айтпай кетпеске болмас.
1942 жылдың мамыр айында нағашы атам Жамбыл аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынып, 42 жасында 18-19-дардағы өрімдей жас жігіттермен бірге майданға аттанған. 1943 жылдың маусымында Брянск қаласында соғысқа кірген нағашы атамыздың майдан жолы Еуропаның Гомель, Варшава, Жасыл Гура, Гливице, Опель қалаларын басып өтіп, жау ұясы Берлинге дейін жеткен. Яғни Кеңес әскерлері қатарында Украина, Чехословакия, тіпті Германияның өзін фашистерден азат етуге қатысқан.
Нағашы атамның омырауындағы «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдардың жарқырауы осының дәлелі болса керек.
Нағашы бабам алғашында жаяу әскер сапында атқыш ретінде қатысса, кейіннен минометші ретінде де ерлік көрсеткен. Соғыста бірнеше рет жараланса да Отаны үшін от кешуден тайынбаған атам шайқаста көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 11 мамырдағы жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Соғыс салған ауыр жараға қарамастан, нағашы атамыз зейнетке шыққанға дейін қызылша алқабында еңбек етіп, 1945 жылы еңбек озаттарымен бірге Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысу құрметіне ие болды.
Отан үшін от кешкен майдангер нағашы атамыз біздің мәңгі есімізде. Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағының «Даңқ» аллеясында қанқұйлы соғысқа қатысқан, аман-есен оралып, бейбіт кезеңде дүниеден өткен майдангерлердің аты-жөні мәрмәр тасқа ойып жазылған. Сол тізімнің ішінде кеудесін оққа тосып, бізге тыныш өмір сыйлаған бабам мен нағашы атамның тұрғанын мақтан етемін. Өйткені мен – нағыз батырлардың ұрпағымын!

Аружан МҰХАМЕТІЛДА,
№15 мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.