Жеңіс-75

Мен батырдың ұрпағымын

Written by Aray2005

Ұлы Жеңіске-75 жыл! Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады.
Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан баһадүр бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Сұрапыл соғыстың басталған кезінде, елімізден жалпы саны 1 млн 200 мыңдай адам соғысқа аттанған еді. Отан үшін от кешкен жауынгерлеріміздің жартысы, жат жерде жан тапсырып, аман қалғандары қайтып оралды. Солардың қатарында менің әкем Ерғали да болды…
Сұрапыл соғыстың зардабын шекпеген отбасы жоқ шығар. Ардагерлер – соғыс шежіресі. Бүгінгі жас ұрпақ үшін Ұлы Отан соғысы деректі фильм сияқты.
Оларға ол – өткен тарих. Мен сол сұрапыл, қан майданнан қайтпағандардың немесе ардагерлердің есімдерін “алтын әріппен” жазылған киеге теңер едім. Сұрапыл соғысты өз көзімен көріп, Отан алдындағы борышын майданда адал атқарған.
Әттең, Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерейтойына аяулы да ардақты әкеміздің жете алмағаны жанымызға батады. Әкетайымыздың жанымызда жоқтығына 30 жыл өтіпті.
Әйтсе де 9 мамыр – Жеңіс күнінің біз үшін ерекше екендігін сезініп, жүрегіміз толқып тебіренеміз.
Әкемнің соғыс туралы әңгімесін тыңдаудан жалықпайтынбыз. Көз алдымызда дәл бір киносериалдар өтіп жатқан сияқты көрінетін. Қандай қиыншылықты бастарынан өткізді.
Әкем Қожаназаров Ерғали 1915 жылы қазіргі қызылорда облысы қазалы ауданы Майлыбас ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Қожаназаров Ерғали 5 жасында жетім қалып, балалық шағын балалар уйінде өткізеді.
Өмір жолын 1934 жылы Қазалы аудандық балалар үйінің тәрбиешісі болудан бастап, Ғ. Мұратбаев атындағы ұжымшардың Калинин атындағы бастауыш мектебінде ұстаздық етті.
1940 жылдың ақпан айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, әскери борышын Брест қаласында өтеді. Соғысты 1941 жылы 22 маусымда осы қалада қарсы алады.
Сол күннен бастап Батыс, Брянск, Орталық, 1-ші Белорус майдандары құрамында Жеңісті жақындату үшін фашист басқыншылармен аяусыз соғысты.
Соғыс кезіндегі көрсеткен ерліктері үшін ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталининград қаласын азат еткені үшін», «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып, 8 рет Жоғары Бас Қолбасшыдан алғыс алды. Майдан шебінде көрсеткен ерліктері және өзінің өтініші негізінде 1943 жылдың сәуірінде Коммунистік Партия қатарына қабылданды. Елге 1945 жылдың қараша айында оралды.
Соғыстан кейінгі 1946-1948 жылдар аралығында Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1948-1956 жылдар аралығында Қазалы аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімі бастығының оранбасары, 1956-1960 жылдар аралығында Энгельс атындағы колхозда (қазіргі Өркендеу ауылы) төраға болды. 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Қазалы автобазасында мамандар жөніндегі аға инспектор болып қызмет атқарды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты. Өмірлік жолдасы, анамыз Ідірісова Мұңсыз екеуі 50 жыл отасып екі бала тәрбиелеп өсірді.
Әке-әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Әкені ардақтай білу керек, өйткені ол отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкенің балаға үйретері көп. Ол өзінің болашағына алаңдап ойланып толғанады. Ол болашақта баласының жақсы болуын қалайды. Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. Бала қашан болмасын әкені ардақтауы керек. «Әке — асқар тау» деп бекер айтылмаған.
Бойымызға адалдық пен жігерлі болуды үйреткен әкем, Сарысу ауданына қоныс аударып, отбасылы болған маған қашанда қыз жат жұрттық, қай жерде еңбек етсең де барлығы қазақтың ұлан-ғайыр жері болғандықтан адал қызмет етуді, біліммен күшімді сол жердің гүлденуі үшін жұмсауды санаға құйған еді.
Рухани орда саналар кітапхана саласында ұзақ жылдар басшылық жасап жүргенімде де әкемнің ұлағатты сөздерін еш жадымнан шығарған емеспін.
Қос қарашығындай Алланың берген қос перзентін аялап өсіріп, білім берген Қазалы ауданының ардақты азаматы, асқар таудай, батыр әкеміз 1990 жылы немере-шөберлерін сүйіп, 76 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Қашанда ерлікті еске сақтап, ерлерін құрметтеген ел-жұрты ұмытпай соғыс және еңбек ардагері, дербес зейнеткер Қожаназаров Ерғалидың 100-жасқа толуына орай, Қазалы қаласының орталығынан көше берді…
Әкеге деген сағыныш…Еске алу… Бір сөзбен, оймен таусылмасы анық. Әр жылы, әр күні естен кетпес әкемді Жеңіс күні еске алып, бүгінгі таңда жарияланып жатқан «Мен батырдың ұрпағымын» атты эстафетаға өз үлесімді қоссам деймін.
Мен батырдың ұрпағымын, мен Қазақтай қайратты елдің ұрпағымын. Менің ұрпағым да ерімен мақтанар еліне адал қызмет етер ұрпақ боларына сенемін.
Жеңіс күні құтты болсын!

Светлана Қожаназарова, Сарысу ауданы

ПІКІР