«Мені мәдениет басқармасы Домбыра күні ғана іздейді»

0 194

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – күйші, ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев.

«СПОРТТАҒЫ ЖЕҢІЛІС ӨНЕР ЖОЛЫНА АЛЫП КЕЛДІ»

– Аман аға, бұрын сізді мерекелік іс-шаралардан, концерттік бағдарламалардан жиі көретін едік. Пандемия басталғалы сахнаны «Жеңіс» саябағына алмастырған секілдісіз…
– (күліп) Спорт – бала кезімнен жан серігім. Жастайымнан дзюдомен айналысып, азды-көпті жетістіктерге жеттім. Оқушы кезімде дзюдодан облыстық деңгейдегі бір жарысқа қатыстым. Финалда қарсыласыма түрлі әдістер жасап, айқын басымдық танытсам да төрешілер жеңісті маған қимады. Сөйтіп, екінші орын алып қалдым. Осы жарыстан кейін көңілім қатты қалып, дзюдоны біржола тастадым.
– Егер сол кезде төрешілер тарапынан қиянат болмағанда дәл қазір күйшімен емес, дзюдошы Аман Малдыбаевпен сұхбаттасып отырар ма едік, кім білсін?
– Мүмкін. Тауымды шаққан жеңілістен кейін спортқа қолды бір сілтеп, сегізінші сыныптан кейін Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Яғни спорттағы жеңіліс өнер жолына алып келді. Өнер жолын таңдауым да кездейсоқтық емес. Бала кезімізде әкемнің туған қарындасы патефон қоятын. Патефоннан атын да, авторын да білмейтін күйлерді тыңдап, құлағыма құйып өстім. Киелі өнерге ынтықтық осылайша училищеге жетелеп алып келді. Бірақ денсаулық жағдайыма байланысты оқуды жалғастыра алмадым. Оныншы сыныптан кейін училищеге түсуге қайта талпынғаныммен, жолым болмады. Жасым келмейді екен. Амал жоқ, училищенің күйшілік емес, театр бөліміне оқуға түстім. Онда екі жыл алты ай оқып, әскерге аттандым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге түстім. Нота үйрендім. Содан кейін алған білімімді консерваторияның дайындық бөлімінде жалғастырдым. «Мұрагер» фольклорлық ансамблінде, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде ойнадым.
Дзюдодан қол үзсем де салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты түрде айналысамын. «Жеңіс» саябағына барып, таңғы жаттығу жасау күнделікті дағдыма айналған. Қазір ролик теуіп үйреніп жүрмін.
– Алпыс жастан асқанда ролик үйрену қиынға соққан жоқ па?
– Әрине, оңай болған жоқ. Енді-енді үйреніп жүрген соң жақында ғана құлап, аяғымды жарақаттап алдым. Негізі ролик тебу денсаулыққа өте пайдалы екен. Сондықтан жарақат алып қалудан қорқақтап, тастап кету ойда жоқ.
– Ақ қалпағыңыздан-ақ сізді алыстан тануға болады. Қалпақты қашаннан бері киесіз?
– 1989 жылы Алматы қаласынан оқу бітіріп, туған жерге оралғанда басыма тақия киіп келдім. Сонда халықтың орыстанып кеткені соншалық, басқа ғаламшарлықты көргендей үрке қарайтын. Бірнеше жыл киіп жүргеннен кейін тақияны қалпаққа ауыстырайын деп шештім. Содан бері тастаған емеспін. Қалпақ киюімнің басқа ешқандай құпиясы жоқ.

«ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ЖАЛАҢ ҰРАНМЕН ДАМЫМАЙДЫ»

– Халқымыздың рухани тірегінің бірі Шоқан Уәлиханов «Келесі ғасырда домбыраның үні биік шығады» деген екен. Ғылым көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан ғалым айтқан ғасыр келді ме? Әлде алда ма?
– Үні биік шыққаны былай тұрсын, ұлттық аспабымыздың «шанағын шаң басып, кесір қонған» кезін де көзіміз көрді. Жылдар бойы іздеушісі, сұраушысы болмады. Ұзақ жылдар киелі аспабымыз сандықтың түбінде жатты. Шүкір, кейін-кейін көңіл бөлініп, олқылықтың орны толғандай болды. Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Түрлі бастамалар көтерілді. Отандық арналарда түрлі жобалар жүзеге аса бастады. «Домбыра» арнасы ашылды. Бірақ аталған арнаның жұмысы әлі де жүйеге түсе алмай жүрген секілді. Бірде ашылады, бірде жабылады. Яғни ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында көп жұмыстар қолға алынған. Бірақ… «Қалай насихаттап жүрміз?» деген сауалға жауап іздейтін болсақ, әттеген-ай дейтін тұстарымыз өте көп.
Халқымыздың он мыңнан аса ән-күйі болса, жеті мыңға жуығын күйлер құрайды. Сол жеті мың күйдің барлығы жинақталып, хатқа толық түскен жоқ. Халқымыз жеті мың күйдің тым болмағанда жеті жүзін біле ме? Сіздің ойыңызға қазақтың күйлері дегенде ең бірінші қандай күйлер оралады?
– Әрине «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Көңіл толқыны», «Салтанат»…
– Міне, мәселе қайда. Тек сіз ғана емес, кез келген қазақ сіз айтқан күйлерді атайды. Басқа күйлер ше? Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлға, қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан Байжігіттің бес жүз күйін кім біледі? «Жігер», «Абыл», «Сарыөзен» күйлері ше?! Ешкім. Неге? Өйткені насихаты жоқ. Ұлттық домбыра күнін атап өтіп, мың, тіпті екі мың, үш мың адам «Адай», «Балбырауын» күйін тартып, он мың, жиырма мың адам тамашаласын. Одан не өзгереді? Ешнәрсе өзгермейді. Себебі күйшілерді жинап алып, елге белгілі «модный» күйлерді тартқызғаннан киелі өнердің көсегесі көгеріп кетпейді. Ұлттық өнерді жалаң ұранмен ұшпаққа шығара алмаймыз. Сіз үйіңізді жылыту үшін пеш салдыңыз делік. Пеш салғаннан үйіңіз жылынып кете ме?! Жоқ. Үй жылы болу үшін пешке үздіксіз от салып тұру керек. Тура сол секілді жағдай. Біз пешімізге от салудың орнына, жылда сыртын жылтыратып сылаумен ғана шектеліп жүрміз.
– Қош, өзіңіз айтқандай пешімізді салып алдық. Енді не істемек керек? Отты кім салады?
– Бетховеннің мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан немістердің ұқыптылығын, өнерге құрметін, жанашырлығын үлгі етуге болар еді. Сол секілді Шопеннің, Моцарттың еңбектерін отандастары қалай бойтұмардай қастер тұтып, қадірлейтінін айтуға болады. Бірақ үлгіні алыстан іздеудің түкке де керегі жоқ. Басқаны емес, батысқазақстандықтардың еңбегінен үлгі алсақ та жеткілікті. Батыс күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілдері Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Түркештің күйлерін екінің бірі біледі. Өйткені батыстықтар өңірден шыққан, қазақ күй өнерінің дара, қайталанбас тұлғаларының артында қалған мәңгілік мұраларын жинақтап, хатқа түсіруде, кейінгі ұрпаққа танытуда аянбай еңбек етіп жатыр. Нәтижесін бәріміз көріп жүрміз. Өкінішке қарай, оңтүстік, шығыс, солтүстік өңірлерде өнерге шын жанашырлық жасалмағандықтан бұл жұмыстардың ақсап жатқан жайы бар.
Бәрінен де болашақты тізгіндейтін жастарымыз көз алдымызда жаңа заманға жұтылып, жат мәдениеттердің жетегіне жегіліп, ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқаны жүректі ауыртады. Ал оған қарсы тұрар жалғыз иммунитетіміз – халқымыздың асыл мұралары, ән-күйі. «Домбыра ұстаған бала ертең елді де ұстайды. Домбыра шерткен, өнерді, музыканы сүйіп өскен бала ешқашан жаман жолға түспейді. Бұзылмайды. Жаны таза болады, рухани жетіледі», дейді журналист, жазушы Қали Сәрсенбай. Тауып айтылған ұтқыр сөз.
– «Мәдениет, тіл мен дін жарлықпен биіктемейді, өшіп те кетпейді. Олардың өркендеуі адамдардың санасындағы өзгеріске байланысты», дейді сол Қали Сәрсенбай ағамыз. Бар жауапкершілікті, міндетті билікке, белгілі бір азаматтарға артып қоюға тағы болмайтын шығар…
– Астарлап не айтқыңыз келгенін түсіндім. Осыны мен де көптен бері жан-жақты ойлап, зерделеп, ұлттық құндылықтармен ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне алаңдап жүрмін. Осы уақытқа дейін тұрақты түрде өңіріміздегі мектептерге арнайы ат басын бұрып, кездесулерде қолымнан келгенше насихаттап келемін. Біз кезінде асық атып, ләңгі теуіп далаға кетіп қалсақ, қазір ел үміт артып отырған жастар интернетке телміріп, көзін де, уақытын да соған құрбан етуде. Сондықтан жалт еткенге жаны жайнап сала беретін жастарымыздың арасында төл өнерімізді насихаттау мақсатында 60 жасыма орай республикалық деңгейде күй тартудан конкурс өткіздім. Себебі талантты жастарымыздың шығармашылығын шыңдау аға ұрпақ – бізге парыз. Байқауға қатысушылар менің бір туындымды, екінші халық композиторларының немесе Әбдімомын Желдібаев сынды жерлес ағаларымыздың күйлерін тартты.
Одан кейін мерейтойыма орай «Баласағұн» орталық концерт залында шығармашылық кешімді өткіздім. Былтыр Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында да жеке кешім шәкірттерімнің, ұлдарымның қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Нұр-Сұлтан, Атырау, Шымкент қалаларында да кеш өткізу жоспарда болған. Бірақ пандемияға байланысты кейінге қалды.
Ұлттық өнердің дамуына аз да болсын үлес қосу, жастарды тәрбиелеу мақсатында музыкалық мектеп ашуды бастап кеттік. Осылайша алдағы уақытта өзім, үш ұлым, келінім шәкірт тәрбиелеуге көңіл бөлгелі отырмыз. Келінім де консерваторияны бітірген кәсіби маман. Қазіргі таңда бір ғимараттың екі бөлмесін жалға алып, шәкірттерді қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Музыкалық мектеп ашуға кімдер қолдау көрсетіп жатыр? Әлде өз күштеріңізбен бе?
– Қолдап, көмек көрсетіп жатқан ешкім жоқ.
– Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына неге бармадыңыз?
– Бұған дейін конкурс, шығармашылық кеш өткізгенде де басқарма ешқандай қолдау көрсеткен жоқ. Әйтеуір, Тараз қаласында өткен кешімде басқарма басшысы келіп, сол кездегі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хатын оқып берді. Бары сол. Шын өнерге жаны ашымайтын, ешнәрсеге бас ауыртқысы келмейтін басқармаға сондықтан да барған жоқпын. Мені тек домбыра күні ғана іздейді. Онда да өз аттарын шығару үшін.
Әрине, егер облыс әкімдігі тарапынан қолдау болса, мүмкіндігіміз арта түсетін еді. Отыз емес, жүз, жүз елу шәкіртті тәрбиелеуге болады. Егер жүз оқушыны тәрбиелеп, болашақта тым болмаса оны жарқырап шықса, қандай ғанибет!
– Сізді жақсы танитындар кез келген ортада ойыңызды, жеке пікіріңізді ашық, батыл жеткізетініңізді, көп жерде соның зардабын да тартып жүретініңізді айтады…
– Шындықты шынардай биік көремін. Айтқанға көнетін жуас, айдағанға жүретін момын емеспін. Ашынғаннан кейде ащы даусым шығып жатады. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» дейді ғой. Бірақ ақиқат – бәрінен қымбат. Көлгірсіп сөйлеп, көптің көңілін аулайтын жылтыр адамдардың қатарынан емеспін. Ұнатсын, ұнатпасын ойымдағы дүниені бүкпесіз айтамын. Әрине, мұның зардабын да көрген кезім болды. Оның бәрін тарқатып айтудың қажеті жоқ. Дегенмен көпе-көрінеу жасалған әділетсіздіктердің салдарынан жасып қалған жайым жоқ. Ондай сәттерде Бауыржан Момышұлының: «Именіп жүріп көрген қызметтен, қасарысып жүріп көрген бейнет артық» деген нақылы еске түседі. Сондықтан қай кезде болмасын арымның алдында таза болғым келеді.
Ал егер әлдекімдерге ән-күй арнап жүретін болсам, құрмет-қошеметке бөленіп, кеудемді орден-медальға толтырар едім. Бірақ біреулерге жақпай қаламын-ау немесе көп нәрседен қағылатын болдым деп, өзімнің азаматтық ұстанымымнан тайған кезім болған емес.
– Осыдан екі жыл бұрын «ARAI» газетіне берген сұхбатыңызда осы күнге дейін мемлекетік наградаларға ие болмағаныңызды айтқан едіңіз? Екі жылда не өзгерді?
– (күліп) Ешнәрсе өзгермеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке мәліметтерімді, шығармашылығымды, ғылыми жұмыстарымды, мақалаларымды жинақтап, жоғары аттестациялау комиссиясына жібердім. Жалпы жоғары аттестациялық комитеті – өз құзыреті шегінде арнаулы атқару және бақылау-қадағалау қызметтерін, жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды аттестациялау жүйесіндегі салааралық үйлестіруді, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беруді жүзеге асыратын, сондай-ақ ғылыми және техникалық бағдарламалар мен жобаларға тәуелсіз сараптама жүргізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме. Бір күні жауап келді. «Барлығы жеткілікті. Сізде мемлекеттік марапат жоқ» деген жауап алдым. Қайта хат жазып, «ҚР Мәдениет қайраткері» төсбелгісі бар екенін айттым. Сөйтсем, Мәдениет қайраткері мемлекеттік марапатқа жатпайды екен. Мемлекеттік марапат төңірегінде басқа алып-қосар ешнәрсе жоқ.
Мен үшін үлкен награда – ол халықтың алғысы. Бағасы мен ризашылығы. Осыншама ән мен күйді мен марапатталу үшін емес, халықтың игілігіне жараса, болашақта жұртшылықтың жүрегінен орын алып, жастардың жанына рух сыйласа деп жаздым. Осы мақсатым ойдағыдай орындалса, өнер бақыты да сол шығар.

«ӨНЕРДЕ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚ ЕМЕС, ТАЗАЛЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК»

– Аман Малдыбаевты танымайтын жандар бар шығар, бірақ «Көне Тараз» күйіңізді білмейтін қазақ кемде-кем. Осы «Көне Тараз» күйін бірнеше жыл бойы сақтап жүруіңіздің сыры неде?
– «Көне Тараз» күйінің тарихы 1986 жылдан бастау алады. Ел тарихындағы ауыр оқиғаның бірі желтоқсан көтерілісі болғаннан кейін көңілім жабырқап, елге қайтқым келіп жүрген кез еді. Сол уақытта «Көне Тараз сағынышы» деген күй жаздым. Бірақ сал-серілердің сарқыты Жақсылық Сәтібеков ағамыз «Аман, сен қазір туған жерде жүрген жоқсың ба? Сондықтан күй атауындағы сағыныш деген сөзді алып таста», деді. Солай ағаның ақылымен күй «Көне Тараз» деп аталып кетті. 1986 жылы шыққанымен, күйді тығып тастадым. Оңашада өзім ғана тартып, нотасын жазып, сандыққа салып қойдым. Кейін біреулер тауып алып, ойнайды ғой деп ойладым. Сөйтсем, ешкім іздемейтін көрінеді. Елдер келіп жатыр, өмірден өтіп жатыр. Біреуді біреу іздеп жатқан ешкім жоқ. Қой, күйімді насихаттайын деп, 1993 жылы композитор Бағлан Омаров екеуміз отырып, эстрадалық түрде дәстүрлі музыкаларды қосып жаздық. Ертеңінде бірден стадионда халықтың алдында ойнауға кеттім. Содан бері сахнадан түспей келе жатыр. Көптеген жиындарда, маңызды шараларда, мерекелерде тартылады. Шет мемлекеттерге барғанда да орындап жүремін.
– Ұзақ жылдардан бері ұстаздық қызмет атқарып келесіз? Ұстаздан озған шәкірттеріңіз бар ма?
– Шүкір, мақтануға тұрарлық шәкірттерім бар. Дана Маханбаеваны, Мадияр Малдыбаевты, Айбек Сейітовті, ұлдарым Әлібек, Рүстем, Қазыбекті айта аламын.
– Үш ұлыңыз да өнер жолында. Өздерінің таңдауы ма?
– Үлкен ұлым Әлібек – саксафоншы. Ортаншы ұлым Рүстем – домбырашы. Кенжем Қазыбек – қобызшы. Үшеуі де түрлі конкурстарға қатысып, өнерімен өрге жүзіп жүр. Алған мақтау-марапаттарын санамалап шығу мүмкін емес. Қазыбек қана жолымды қуып, консерваторияда оқыды.
– Әділдікті бәрінен де биік қоясыз. Дегенмен ұлдарыңыз қатысқан қандайда бір байқауларда ұстанымыңызға қарсы шыққан кездеріңіз болды ма?
– Жалпы конкурс, байқауларда қазылық етіп, талай нәрсені көрдік. Ренжіп кеткендер де көп болды. Себебі белгілі. Айтқанын орындамайсың. Өнерде бұрмалаушылық емес, тазалық болуы керек. Бұрмалаушылық талай таланттың болашағына балта шауып жатыр.
Ұлдарыма байланысты айтарым, ешкімге өтініш айтқан кезім жоқ. Өздерінің бағынан көреді. Қайбір жылы Қазыбек Қарағандыға конкурсқа барды. Қазылардың басшылығында консерваторияда бірге оқыған Байғара Садуақасов деген жігіт болды. Айтпадым. Егер айтсам, міндетті түрде жүлдегерлердің қатарынан көрінетін еді.
– Күйшісіз, сазгерсіз. Спорттан да қара жаяу емессіз. Өлең жазатын қабілетіңіз де бар. Ал киноға қалай түсіп жүрсіз?
– Бірде А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жау жүрек мың бала» фильміне кастинг өтіп, ортаншы балам да кастингке қатыспақ болды. Маған да бірге жүре қалыңыз деп қоймады. Келісіп, бірге бардым. Актерлер кастингке қатысып, мен сырттарынан бақылап отырмын. «Ақыры келіпсіз, сіз де түсе салсаңызшы» деп қоймайды сол жердегі таныстарым. Басында ат-тонымды алып қаштым. Ақыры не керек, кастингке қатыстым. Кейін кастингте түскен суретімді «Шал» фильміне аттай қалап алып кетті. Бір күні хабарласып, шақырды. Осылайша ойламаған жерден киноға түсіп кеткенім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.