Мені шыңдаған – Aстана!

0 143

Жастардың алып шаһары – астанаға 2014 жылдың 21 қаңтарында келгенмін. Күн суық, дала борап тұрғаны есімде. Таразда мұндай қаһарлы қысты бұрын-соңды көрмеп едім. Әрі мұнда мені құшақ жая қарсы алып тұрған жұмыс та жоқ еді. Астананың ақ түтек боранында жұмыс іздеген кезім көз алдымда. Өзім де бір оқпен екі қоян атқандай, осы күрделі кезеңді қатар еңсеруге іштей дайындалып келгенім бар.

Дамылсыз ізденісімнің нәтижесінде төртінші күні «Тәуелсіздіктің ақ таңы» республикалық саяси-қоғамдық журналына жұмысқа орналастым. Бірінші айдың сынақ мерзіміне небәрі 20 мың теңге, кейінгі 50 мың теңге тұрақты жалақыға да келістім. Себебі жылы кеңсе, жаңа қалаға бейімделіп, орта қалыптастырып алуға мүмкіндік деп таныдым. Жаз шыққанда көңіл қалауыммен журналдан шығып, кәсіби салада жақсы жұмыс тапқанша деп астананың бүкіл сауда үйін шарлап, уақытша жұмыс іздедім. Өйткені пәтерақы сияқты күнделікті күнкөріс қамын ойламаса тағы болмайды. Сөйтіп аяқ киім дүкеніне сатушы болып орналастым. Үйдегілер «Сатушылық жұмыс істесең Таразда да бар» деп сандалып жүргеніме алаңдап, кері қайтуға үгіттеді. Алайда «Әлі-ақ өз орнымды табамын» деп көнбедім. Жиырма екі жыл Таразда өстім, оқыдым, көктедім, ендігі елордаға келудегі мақсатым жаңа биікте өзімді шыңдау болатын. Жүріп бастаған жолымнан кері қайтсам, әлсіздігім болар деп табандылық танытуға тырыстым.
Бас қаладағы келесі еңбек жолым ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан кәсіподағы» газетінде жалғасын тапқаны менің өмірімдегі тағы бір үлкен мектептің бірі болды. Облыстық «Jambyl» телеарнасында басталған алғашқы еңбек жолым кәсіби қалыптасуымның мықты іргетасы еді. Ел дамуы жолында абыройлы қызмет етіп жүрген атпал азаматтардың, басшылардың тәрбиесін көрдім, жан-жақты шыңдалдым, өңірлерді аралап, шетелге де шықтым, бастысы журналистиканың жазба басылымында тәжірибе жинақтадым. Үш жылға жеткенде кәсіби ортамды жаңартудың уақыты жеткенін сездім. Сөйтіп 2017 жылы Күлаш Шамшидинова бастаған алып ұжым – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының баспа және имидждік қолдау бөліміне ауыстым. Бүгінге дейін білім саласындағы әдістемелік қолдау көрсету басылымдарымен жұмыс істеп келемін.
Астанаға ең бірінші рет студент кезімде әкем қыдыртуға алып келген болатын. Сонда «Бәйтерек» монументінің ең биігінде тұрып Елбасының «аялы алақанына» қолымды қойып «келесі рет астанаға журналист болып келсем ғой» деп тілегенім есімде. Қазір байқасам, дәл солай болған екен.
Күн сайын көз алдымызда кеңейіп, көбейіп жатқан елордаға алғаш келген кезім мен жеті жылдағы рухани және танымдық тұрғыдан да есейген, кәсіби шыңдалған және аяқтанған бүгінімнің арасында қаншама толғаныс пен хиякам жатыр. Мені көптеген жетістіктерге жеткізген астанаға алғысым шексіз. Бастапқыда туған қаламды жиі сағынып, жалғызсырап, мұңаятынмын. Бүгін бәрі басқаша. Жанымды көркейтетін ортам кеңейді. Елорданың ауа райы мен тынымсыз соққан желін де – астананы барлық жағынан жақсы көремін. Көркейе бер, Астана!

Ұлжан ШОРАЕВА,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының баспа және имидждік қолдау бөлімінің менджері

Leave A Reply

Your email address will not be published.