"Шамшырақ"

Менің алғашқы ұстазым

Written by Aray2005

Хан да, қара да бас иетін қастерлі мамандық иесі болса, ол ұстаздық шығар. Әсіресе ойын баласын партаға отырғызып, әріп үйретуде бір үйдің еркесі мен серкесіне тәлім мен тәрбие берген алғашқы ұстаздың орны ерекше. Сондықтан «Менің алғашқы ұстазым» деп аталатын жаңа айдар арқылы елдің алдында жүрген танымал тұлғалардың жүрегінің төрінен орын алған алғашқы ұстаздары жайындағы шағын естеліктерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Марат Мәзімбаев,
«Жамбыл» бокс клубының директоры

«Галина апайдың қаталдығы қанат бітірді»

– Мен алғаш мектеп табалдырығын 1984 жылы аттадым. Ол кезде қазіргі Қордай ауданы, Қордай ауылында жалғыз қазақ мектебі бар еді. Ауылдың екінші бір шетінде орналасқан қазақ мектебіне жету қиын болғандықтан, маған жақын маңдағы Карл Маркс атындағы орыс мектебіне оқуға тура келді. Күні кеше көшеде ойын қуып жүрген бүлдіршін баланы партаға отырғызып, қолына қалам ұстатып, қара танытқан менің алғашқы ұстазым Галина Михайлқызы болды. Ол кісі жайында айтқанда міндетті түрде қаталдығы мен жоғары талап қоя білетіндігі еске түседі. Осы қасиеттерімен-ақ Галина апай сыныпты үйіріп әкетті. Сондықтан да ол кісінің сабағында ең сотқар оқушының өзі моп-момақан бола қалатын. Өз жұмысын өте жетік білуінің арқасында мектептің педагогикалық ұжымында зор беделге ие болды. Сол абыройымен барлық шәкірттеріне араша түсіп, қамқорлық танытатын.
Қазір ойлап қарасам, сол кезде Галина Михайлқызының жасы 30-дан енді асқан екен. Бірақ жастығына қарамастан, қаталдығы мен жоғары педагогикалық шеберлігінің арқасында барша шәкірттерінің санасына сәуле себе алды.
Мектепті тәмамдаған соң да Галина апаймен байланысымыз үзілген жоқ. Қордайға жолымыз түссе міндетті түрде ол кісінің үйіне соғып, хал-жағдайын біліп тұрамыз. Мейрамдарда мүмкіндік болып жатса құттықтап шығуға тырысамыз. Менің құрбы-құрдастарым өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен болса, онда бізге әріп үйретіп, оң-солымызды танытқан Галина ұстаздың үлесі зор деп білемін.

Әділет Асанов,
жас әнші

«Талантымды танып, жігерімді жаныды»

– Мен Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында оқыдым. Менің алғашқы ұстазым Айжан Тасқараева маған әріп танытып қана қойған жоқ, өнерге бағыт сілтеп, саналы тәрбие, сапалы білім берді. Айжан Болатқызының сабақ берудегі ерекшелігі әр оқушының көңіл кілтін таба білуінде болды. Осы бір ерекше педагогикалық әдіс арқылы ол кісі әр оқушының талантын танып, шығармашылығын шыңдай түсті. Өнерпаз балаларды өте жақсы көретін. Олардың бойындағы талант пен дарынды тасада қалдырмай одан әрі дамытуға жаны қалмай кірісті.
Сонысымен бірге қаталдығы да бар еді. Сұқ саусағындағы сақинамен тәртіп бұзған балаларды нұқып кеп қалғанда олар осы әрекетке қайта жол бермеуге ант-су ішіп жататын. Осыдан соң әлгі сотқар балалар жөнге келіп, тәртіпсіздікті сап тыятын.
Айжан ұстазбен қазіргі байланысымыз өте жақсы. Ара-тұра хабарласып, әлеуметтік желі арқылы хат жазысып тұрамыз. Көбіне бастауыш сыныптағы қызықты жайттарды еске алып мәре-сәре болып қаламыз.

ПІКІР