"Шамшырақ"

Менің бала достарым

Written by Aray2005

Әлем әдебиетінің классиктері Александр Пушкин «Жастық шақ – ең үлкен сиқыршы» деп әспеттесе, Назым Хикмет «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика» деп тұжырымдайды. Ал осынау адам өмірінің оралмас көктеміндей сәулелі сәтті қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев:
Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,-деп бір-ақ ауыз өлеңмен өрнектеп кетті. Ғазал ғұмырында «Шыныменен дос жоқ-ау, дос жоқ менде.Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!» деп өзіне ғана емес, адамзат баласына салмақты сауал тастаған Мұқағали ақынның доссыз өмірдің бос екенін жырлауы да тегін емес.
Достық сезімінің ең бастау-бұлағы бұл әрине балауса балалық шаққа ғана тиесілі екені аян. Сол балалық шақтағы достықтың баспалдағынан кейінгі өмірдегі кейбір биік белестердің аса алмай жататыны да жасырын емес. Бәлкім, ол да өмірдің өзгермейтін заңы шығар. Осы орайда, біз, газетімізден «Балалық шағымның аспаны…» атты нәп-нәзік нәркес ностальгияға арналған айдар ашып отырмыз. Бұл санда Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің мектеп қабырғасындағы мәңгілік ұмытылмас достары жайлы естелігін бөлісуді жөн көрдік.

Редакциядан

Бұл жазбаның тақырыбын бәріміз жата-жастана оқыған Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» деген атақты романының атауына ұқсатып қоя салсақ та болар еді. Түпкі негізгі ойымыз да, айтар сөзіміз де бір ауылда құлын-тайдай тебісіп, қозы-лақтай ойнақ салып, құлындай асыр салып өскен бала достарымыз, ит көйлекті қатар киген құрдастарымыз жайында ғой. Олар туралы жадыда жаңғырып, аса бір көңіл толқытар сағынышпен еске түсіретін әңгімелер мен ұмытылмас оқиғалардың қайсыбірінен сыр шерту үшін қолға қалам алған едік.
Бәрі-бәрі есте, сол баяғы қаз-қалпында сақталған ба, оны толық айта алмаймын. Балалық шақтың аспаны ашық, көк зеңгір күйінде көңілде тұрақтап қалатыны рас. Қарапайым қазақ ауылдарына тән өмір тіршілігі Түгіскенде де уақыт ағысымен өзгеріп, түрен салған кезеңдер мен бейнетті еңбектен бақ іздеп, бақытқа кенелуді мұрат етіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып жүріп, қара жұмысқа жегілген адамдар ол кезде «Социалистік жарыстың жеңіпазы» деген атақты ұғымды қадір тұтты. Ең бақытты өмірдің салтын сол кезде тап солай ұқтырды.
Сол себепті, біз өз әке-шешелеріміздің бүкіл ғұмырын ортақ игілікті молайту жолында еш аянбай, аса бір дәулетті болмай-ақ, жарқын болашаққа сенімін еш жоғалтпай, керісінше, адал еңбекке ғана баулыған тәлім-тәрбиесін қымбат құндылық ретінде ерекше бағалаймыз.
Ауыл адамдарының бір-бірінен өзара талап еткен осы құндылықтарды сақтау, өз бойымызда әдепті тәртібімен ұштасып келе жатқанын айту аз, ол – қоғамдық бірліктің қайнар бұлағы болып біздің есімізде әрдайым сақтала беретін болады. Осы ой арқауынан тарқатар қоғамдық пікірдің өзегін құрдастарымның бауырмалдық ақ ниетінен әрдайым сезінемін.
Мектепті бірге бітіре салысымен жан-жаққа ақ арманды арқалап, дара-дара жолға тарап кеткендейміз.
Біз оқып, білім алған орта мектептің директоры Әбдіғазит Жылқайдаров ағай Ұлы Отан соғысына қатысқан адам болатын. Ақырын жүріп, анық басатын, сөз сөйлегенде аздап болса да демігіп тұратын директор ағайдан оқушыны былай қойыңыз, қатардағы мұғалімдер түгілі оқу ісінің меңгерушілері де ығып, сап түзеген солдаттай қалшиып қалатынын байқамау мүмкін емес еді.
Байырғы мектепті темірдей тәртіпке бағындырып, оны 27 жыл бойы сапалы білім беруде үздіктер қатарына қосқан Жылқайдаров ағайға бәріміз де қарыздармыз. Әруағы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Директор ағайдың ақылын тыңдап өстік. Сол себепті, бізге адам болудың үлгісін әуелі өз өмірімен көрсете білген ол кісіде екі ерекшелік қасиет бар. Біріншісі – мектепте әрбір баланың қуанышына ортақтаса білу. Екіншісі – мектеппен қоштасу күнінің қарсаңында әрбір оқушының қарым-қабілетіне қарай келешегіне болжам жасап, жөн сілтеуші еді.
Төртінші класта оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетіне «Көбейтуді айтасыз…» деген шағын мақалам жарық көрді. Сол мақалада мектеп стадионы балалардың еркін ойнауына, дене шынықтыру сабағына тарлық ететінін, сабақ беретін мұғалімнің (аты-жөнін келтірмей-ақ қояйын) қазақ сыныптарына мойын бұра бермейтінін өзімше сын тезіне алған сияқтымын. Мақала шыққан газетті алдына жайып салып қарап отырған директор ағай: «Мына мақаланы өзің жаздың ба?» деп жай жылы қабақпен сұрады. «Иә, өзім жаздым» дедім. Едәуір ойланған ол кісі «Жарайды, қарағым әлі жассың ғой..» деп кілт тоқтады.
Кейін аудандық, облыстық, республикалық пионерлер газетіне мақалам шыққан сайын директор ағай мені көрсе, сәл кідіріп: «Жазғаныңды оқып жүрмін. Әдебиетші боласың ба?» деген сөзін айтып, тура көзіңе қадала қарайтын сияқты…
Мектептің соңғы қоңырауы соғылар сәтте директор ағай оқу кабинетіне кіріп келді.
Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттеріне көңіл бөліп қараған ағайдың жүзінде «бұл жас талапкерлердің ертеңгі күні не болар екен?» деген ізі тұрған-ды:
«Сен, Сәуле Бөрібекова, пысық қызсың ғой, үлкен сауда саласына барасың… Сен, Досан, тарихты да, әдебиетті де жақсы білесің, Не ғалым, не заңгер болатын негіз бар… Жаңылтай қарағым, сен де жақсы мұғалім атанасың… Біржан, сен ғылым жолына барсаң мықты математик атанарсың…» деп сыныптас достырымның барлығы директор ағайдан «келешектегі бағасын» алған-ды.
Маған «Сен журналист боласың ғой енді. Райкомның хатшысы болу да қолыңнан келеді. «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі атансаң, жаман болмайсың» деген мазмұнды айтқан сөзін ұмытқан емеспін. Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетінің қызметкері, талантты жазушы Жеңіс Шыныбеков Түгіскенге арнайы келіп, орта мектеп аттестаттарын алу кешінде директордың осы сөздерін қайталап айтып беріп еді. Дастарқан басында екеуі қатар отырған болар…
Әулие кісі екен, шәкірттерінің келешекте қоғамда қандай орнын тауып, көзге ілінер жағдайын айтқаны көп ретте дәл келді.
Ел қатарында келеміз, ұстаздардың сенімін ақтап жүрген сияқтымыз.
Ауыл балаларының қай-қайсысы болмасын, азаматтық жолда адасқан жоқ. Бұл – зор абырой.
Біз мектепте «совхоз орталығының», «1-ферма» және «4-ферма» балалары болып оқыдық, мектеп-интернаттың балалары бар айтқандай. Олар негізінен математик Тасжүреков оқытқан «2-ферма балалары» – Ыбырахым, Құрманғазы, Гүлжан, Қызай, Шекербек, Алдаберген, Біржан. Бір үйдің баласындай. Бір-бірінен екі елі ажырамай қол ұстасып жүрген олар есейгенде де сол тату достықтың тізгінін берік ұстаумен көзге түседі. Бала достықтың біз бағалай бермейтін бақыты осында.
4-ферма – Майлыкөл елді мекенінде тұратын адамдар көп еді. Қарапайым ауылдың өмірі де қызық, өз клубы, өз кітапханасы бар. Тіпті, ауыл жастары шағын клубта спектакль қоятын. Қазіргі классика болмаса да үлкен театр репертуарынан түспейтін спектакльді көрермендерге ұсынатын. Қазір бұл, жәй ғана фантастика сияқты сезілуі мүмкін. Шындығы сол, Асылхан Мырзатов, Мырзатай Жұмаділов, Несіпбек Шардарбеков, Мәулен Туғанбаев, Мыңжасар Өткелбаев, Сұлтан Рақымжанов, Сәния Әбуова, Башар Сүлеева, Пәрімбек Мылтықбаев, Мәжит Ағыбаев, Алпыс және Жетпіс Тамабековтер, Болат Мәуленов пен Әбітай Әбуов, Жақан Нышановтар ауылдың бетке ұстар, аса мәдениетті азаматтары еді.
Біз де осы кісілерді құрмет тұтып, соларға еліктеп өстік.
Ауыл шетінде Дүйсен Сыпабеков, Күләш Дәуітбекова, Сәрсенгүл Әділбекова, мына шетінде Досан Шардарбеков пен Дүйсенбай Жұмабаев, орта шетінде Сайлау Ыдырысов, ағайынды Өмірбек пен Жұман Күзембаев, Бегайым Нышанова, Жұмабай Тәшмаханов, ағайын­ды Наят пен Ром Жаманқұловтар
3 шақы­рым жол жүріп, орталықтағы мектепте бірге оқыдық.
Шын мәнінде біз бір атаның, бір үйдің баласындай тату едік.
Ауылда, не болмаса совхоз орталығындағы кинотеатрдан оралған соң күндіз доп қуып, асық атып, асау үйреткен балалар бір-бірімізді қимай, жұлдызды түнде май топырақ үстінде, көл жағалауында жүріп, сонау көз жетпейін кеңістікке құлаш ұрып, қиял-ғажайыптарына саяхат жасап қайту қандай қызықты еді. Көп жағдайда Дүйсенбайдың үйінде бес-алты бала қонып, таң атқанша әңгіме айтатынбыз. Арман ғой, бәрі арман. Күні ертең есейген шақта әрқайсысымыз өз таңдаған жолмен жан-жаққа кетсек те, жұбымыз жазылмаған күйде бірге жүрсек қой деген ерекше арман бар еді.
Сөйтсек, үлкен өмір сен айтқандай бола бермейді екен. Әркімнің өз өмірі бар. Қуанышы мен қиыншылығы қатар жүрмек. Тағдырдың маңдайға тиген тасы көп. Жақсылығы одан да асып түспек.
Біздің сыныпта Сайлау Ыдырысов деген досымыз болды. Сайлау денсаулығына байланысты жоғары сыныптан қалып қойып, бізге қосылған. Аса сүйкімді, алғыр, әр пәнге ерен жүйрік, жазуы маржандай Сайлау көп ауырды, ем-домын да жасап жүрді. Ұзақ жыл бойы өзін-өзі сақтап келген Сайлаудың анасы Жаңыл апамыз баласының сыныптас достарының әрбірін туған баласындай құшақ жая қарсы алып, шат-шадыман қуанатын сәттері есімнен еш кетпейді.
Егер Сайлау денсаулығына қарайлап, ауылда қалып қоймағанда, ол бағындыратын биік-биік асулар күтіп тұрғандай еді.
Ал, Досан ше? Оның оқымаған кітабы жоқ. Өзі бір үйде тұратын Несіпбек ағаймен сабақ үстінде әдеби кейіпкерлер жайында пікір таластыруға дейін баратын Досан есейгенде әлемге әйгілі із кесуші Шерлок Холмсқа ұқсағысы келді де полиция қызметін таңдады. Біраз жыл Алматыда тұрды. Бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын дос-бауыр болдық. Әдемі әзілі, езуінде жүретін күлкісі, сұлу жымиғаны оның ақжүрек жан, тура мінезі, ішкі сезімі алабұрттанып, шынайылықпен шектесуі сияқты кісілігі мен мейірімділігі нағыз жігітке қана жарасатын еді. Адам баласына қылаудай жамандығы жоқ, ісі де, сөзі де тап-тұйнақтай Тоғанбай қария мен Ақыш апайдың Өмірбек және Жұман есімді екі ұлы бізбен бірге оқыды. Өмірбек екі жас па, бізден ересектеу болатын. Жұман сол туған ағасын үзеңгі дос деп қарап, екеуінің шәй дескенін көрмедік. Сәрсенбек деген інісі болды. Екеуі мектептен кейін әскер қатарына шақыртылды. Біздің арамызда әскери солдат болғандар көп емес-ау деймін.
Аса ақкөңіл, жомарт жүрек, досқа ерекше адал Өмірбек те, Жұман да түрлі жағдайда көлік апатына ұшырап, опат болды. Бұл өмірден тым ерте кетті. Талай-талай армандары орындалмай қалды…
Дүйсенбай, Рая, Күләштар, Манап, Әбушахым… Ел ішінде сый-құрметі мол отбасынан шыққан Күләш Божбанова мектеп оқушыларының ішінен мұнтаздай таза киінуімен, аса байсалды мінезімен және жақсы оқуымен ерекшеленіп тұратын. Бір партада төрт жыл бірге отырдық. Үй тапсырмасын мінсіз орындап келетін Күләш қарындасымды әрдайым еске алып жүремін. Ал Рая туралы айтсам, Райхан Ысқақова орыс сыныбында оқығанымен қазақ тіліне өте шебер болатын. Ашық мінезді, басқалардан мәдениеті жоғары Райханмен КазГУ-де қатар оқып, сыйласып жүрдік. Сұңғақ бойлы, жүзі шуақ төгіп тұратын мейірімді қарындастың дүниетанымы мен жан байлығы оны көркем де көрікті етіп көрсететін. Қазақтың бір қайраткер қызы болады-ау деген үміт көп еді…
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Күні кеше «Мектепте бірге оқыған жастар туралы жинақ кітап шығарсақ, қалай болар еді? Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын» деп бұл іске екі жыл бел шешіп кіріскен Жоламан Рахметов ше? Жүрек адалдығын жалаулатып өткен бұл азаматтың бейнесі әлі көз алдымда. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін бейнесі тұр…
Ауылға барсаң, жымия күліп жұмбағын білдірмейтін Қали Омаровты көресің. Кәдімгі Қарантай. Серік өз естелігінде осылай деп жазыпты ғой. Құмды даланың сал-серісі! Егер осы Қали болмаса, ауылдың сәні келер ме еді? Түгіскенді идеялық тұрғыдан ұстап тұрған интеллигент жігіттің бірі осы. Сөзі өтімді, ал, атқарған ісі бір төбе. Көзі ашық, көңілі ояу Қалидың бойында өнер бояуы тұнып тұр.
Қарағанды мединститутын орта жолдан тастап кетпесе ғой, Қалекеңдер бүгіндері жекеменшік емхана ашып алып, ғылым докторы дәрежесінде танылар еді, бұған еш шүбәм жоқ. Әбдірай досқа шынымды айтайын, зор үмітпен қарайтынмын. Мінезі салмақты, оқуы күшті, талғамы байыпты ол тұлпарлар бәйгесінде ат шаптыратын деңгейі биік әрі ұзақ болуға әзір еді. Әбекең құрылысшы болуды қалады. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп әрі өнер. Шолпан Жиренбаева қарындас, иә, ол да мектепте үздік оқыған. Мен Шолпан туыстың екі ұлын жақсы білемін. Облыс әкімдігінде қатар қызметте болдық. Әкесіне де, анасына да тартқан ұлдары – білімді азаматтар болып өсіп келеді. Оларға «Мамаларың мектепте өте жақсы оқыды. Соны ұмытпаңдар!» деп қоямын нағашы ағасы ыңғайында. Жылы сөзге іштей қуанатын болар. Иә, ауылда Қамбар бар, Әбен бар, Өтеш бар. Бұл құрдас-достарымыздың берекелі өз тірліктері бар деп естиміз. Таяуда Қайрат Жораевты Таразда көрдім. Сол баяғы Қайрат, жайнап тұрған.
Біздің сыныптастар үздік оқушы Қайратты көпшіл, биязы мінезді, білімді азамат деп мақтан етеді. Ол жастайынан түрлі деңгейде басқару қызметінде абыройлы болды. Әсіресе, институтты бітіріп, «Түгіскен» акционерлік қоғамының бас бухгалтері қызметіне келуі сол уақыттың өлшемімен алып қарайтын болсақ, қол жете бермес жоғары лауазым. Әрі ол кезде Қайрат бойдақ болатын. Қайрат сөйлей де алатын, жаза да алатын жігіт. Атақты ақындар шыққан дәулетті әулеттің ұрпағы. Бірнеше жыл бұрын ол өзінің арғы-бергі ата-бабаларының тарихы туралы қалың кітап шығарды. Авторы – өзі. Бұл да игілікті іс. Бәрімізге ортақ олжа деп санаймын. Кезінде аудан әкімінің орынбасары болды. Көп жылдан бері Шымкент қаласында жауапты қызмет етеді.
Қали да өлең жазады. Әбен де жазған. Бегай да жазған. Қамбар да «Атыңнан айналайын, Үшаралым! Өзіңнен ұзап қайда ұша алармын!» деп жыр төгетін. Досан да өлең шығаратын. Серік дос – Маширов мектеп директоры болып жүргенде бірқатар эссе-әңгіме жаза бастады. Әлі де жазып жүр. Ал, Оңлагүл Арзықұлова қарындаспен тек мектепте ғана емес, сол кездегі С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыдық. Әрі туыс, әрі дос, әрі әріптес болды. Басқасын білмеймін, туған ауылы – Түгіскен десе, жүрегін жұлып беретін керемет қасиеті болатын. Мені бауырым деп, жанына ерекше жақын тартып, төбесіне көтеріп жүретін нағыз қазақ қызы болды. Негізі, біз кілең жақын ағайын-туыс болып келетін кісілердің балалары бірге оқып, бірге өстік.
Біз әрдайым ұстаздарымыздың қадір-қасиетін, ерекше жаратылысын, мінез-құлқын, әдебі мен әдеттерін еске алып, сүйсіне айтып отырамыз.
Бәрі де тамаша ұстаздар еді! Несіпбек Шардарбеков пен Күмісбек Егізбаев ағайларға көп қарыздармын. Олар менің журналист болуыма білім мен ізгілік нәрін сепкен кісілер. Егер Несіпбек ағай аптасына екі мәрте шығарма не мазмұндама жаздырмаса, Болат Мәуленов те, Болат Жаппаров та, Дүйсен Молдақұлов та, Оңлаш та, мен де журналист боламыз ба, жоқ па, білмейміз. Әліппені үйреткен Шәкизада апайға рақмет. Сондай-ақ, Әбдірәлі Күлембаев, Мәдіғұл Көшмағанбетов, Шекербек Мәлденов, Шәрипа Есетова, Зиягүл Тасыбаева, Мұхтар Бабаханов, Роза Досымбаева, Әбдуайт Қалмаханов, Еген Садықов, Үршай Андақұлова мен Сағат Садықова, Манап Ермашев сияқты мұғалімдер қамқорлық жасап, ақыл-кеңестерімен демеп, арқадан қаққан аялы алақанын баса айтқым келеді. Ең ақыры, ауыл поштасының бастығы Тазабек Майыров жәкемнің «Балам, саған қаламақы келді» деп айтқанын естіген достарыммен кассадан 1 сом 94 тиынды қалтаға салып, дүкенге печенье, лимонад сатып алу үшін барған күндеріміз-ай. Менің жеке ақша табуым 4-сыныпта аудандық газетте жарияланған мақалама 94 тиын қаламақы алған күннен басталатын кішкентай тарихы бар. Шығармашылық еңбектің дәмін осылай сезінгем. Әбдірәлі Күлембаев ағай әйтеуір разы болып жүреді ме, мені көргенде «Бұл қарияның баласы» дейтұғын сөзі үнемі еске түседі де тұрады.
Жалпы, қазақ журналистикасына қатысым жайында 2017 жылы шыққан «Жүрек көзі» деген кітабымда бірсыпыра айтқан едім. Құрдастарым туралы да сол кітапта аздап жазғанбыз.
Бұл өмірде адамға ең керегі – сағыныш екен.
Мен де достарым мен құрдастарымды ұмытпай, әрдайым сағынып жүремін. Қайда жүр­сек те балалық шақтан, жастық күндерден тәтті есте­ліктер айтып, аман-есен жүргеніміз керек. Бәріңіз де немере сүйіп ата-әже бол­ды­ңыз­дар, енді шөбере сүюге жазсын!
Түгіскен – қалың ел. Атақоныс. Көзге де, көңіл­ге де ыстық көрінетін, балалық бал дәуре­нің­ді, бозбала шағыңды өткізген, сағын­дыр­ған туған жер!
Сенде туып, сенен ұштық!.. Адам баласы бәрін өзгерте алатын көрінеді. Тек туған жерін ғана өзгерте алмайды екен.
Бала достар туралы да солай ойлаймын.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР