«Менің ғылымдағы тағдырым «төбелеске» толы болды»

0 873

Қалың жұртқа ясауитанушы, абайтанушы және бауыржантанушы, әсіресе қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтен кейінгі Абай мұраларын жетік зерттеуші ғалым ретінде танымал Мекемтас Мырзахметұлын білмейтін қазақ кемде-кем. Тіпті ол қазақтың тусырап жатқан тың тарихынан түрен салып, бірнеше кітап жазды. Оны көзіқарақты қауым жақсы біледі. Былтыр атақты ғалымның тоқсан жылдық мерейтойы елімізде аталып өтті. Өкінішке қарай, әлемдік індетке байланысты ғалыммен сол кездері кездесе алмап едік. Десек те жуырда сүбелі сұхбат құрудың сәті түсті.

– Мекемтас аға, екі дүлей дәуірдің ат алмасқан тұсында дүние есігін ашып, жастық шағыңыз сол кезеңнің қилы да құбылмалы қиын заманына тап келгенін біз сіздің еңбектеріңіз бен ғұмырнамалық естеліктеріңізден жақсы білеміз. Аллаға шүкір, бүгінде тоқсаннан астыңыз. Қаншама жылдарды басыңыздан өткердіңіз. Осы уақытқа дейінгі жадыңыздан өшпейтін ең ауыр күн деп нені айта аласыз?
– Әрине, ашаршылықты. Нәубет басталғанда мен 4 жаста едім. Шешем мені қолынан тастамай көтеріп жүретін. Әкем зергер болатын. Сосын көбінде атқа жабдық жасайтын. Орта шаруа болған. Бірақ үйімізде аздап алтынымыз болды. Соны сатып күн көрдік. Бірақ әкемді 1933 жылы бай-кулак деп ұстап, түрмеге жапты. Түрмеден ауру тапқан соң үйге әкеліп, оның орнына үлкен баласын қамады. Ол кезде сондай болатын. Әкем үйде жатып көз жұмды. Мен әкемнің бет-әлпетін толық білмеймін. Тек ол қайтыс болып, мәйітін жуып жатқандағы жалаңаш денесі ғана көз алдымда қалса керек. Ол уақытта үш жастағы бала болғандықтан ба, әрі-бері жүріп көрген болуым керек, әкемнің тек сол сәттегі бейнесі ғана көз алдымда қалды. Үйіміз еуропалық үлгіде салынған, едені тақтайланған жақсы үй еді. Белсенділер өртеп жіберді. Үйдің ортасында тіреу болған. Әкем тіреудің бір жерін білдірмей ойып, соған алтын сақтайтынбыз. Үймен бірге өртеніп кетті. Өрттің қатты лебінен үйдің ағаш есігі ашылып-жабылып тұрды. Бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Ағаларым айдалып кетті. Шешем, сегіз айлық қарындасым үшеуміз қалдық. Талғажау қылатын тамақ жоқ. Ашаршылық басталып, ел боса бастады. Бірде нағашы жездеміздің үйіне баратын болдық. Олар бізден сегіз шақырым қашықтықтағы Өріктісай деген жерде бақуатты тұратын. Таңертең шыққанбыз. Ашпыз. Жыбырлап келеміз. Кеш батып, көз байланғанда ауылға жақындадық. Қырсыққанда алдымыздан үш қасқыр шыға келгені. Шешем байғұс шыр-пыр болып айғайлап, қолындағы таяғымен жасқап жатыр. Қорыққанымнан жылап, шешемнің көйлегінің астына кіріп кеттім. Қасқырлар жақындап келеді. Өлім мен өмір арасында шешем тез шешім қабылдады. Не мені, не қызды аман алып қалу керек. Құндақтағы сегіз айлық қарындасымды қасқырларға қарай лақтырды да жіберді. Аш қасқырлар нәрестені бас салып, таласып жатқанда мені алып сайға қарай қашты. Ауылға шамамен 500 метр ғана қалған екенбіз. Алдымыздан адамдар шықты. Не болғанын сұрап шулап кетті. Айттық. Еркектер атпен шауып кеткен. Барса, қыздың шашы ғана қалыпты. Егер әлгі аш бөрілер қарындасыма алданбағанда, бәрімізді жеп қояр еді. Ана үшін қандай қиын шешім болды екен?! Бұл анам үшін де, мен үшін де өте ауыр картина болды. Сондай қысқа сәтте санада ұлды, әулетті сақтау керек деген идеология болған ғой. Қазіргі жас аналарда ондай идеология түгілі, ой да жоқ шығар. Өйткені ел аман, жұрт тынышта туған балаларын әжетханаға тастап жатыр. Ал біздің бастан сондай ауыр, азапты күндер көп өтті ғой…
– Сіздің кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының мұраларын зерттеуге қадам басуыңыздың себебі неде? Ғылыми ізденісіңіз барысында аталмыш тақырыпқа баруға не әсер етті және кімнің кеңесімен ғылымның бұл жолын таңдап алдыңыз?
– Мен жоғары оқуды бітірген соң аспирантураға түсе алмадым. Ол кезде аспирантураның директоры оңайлықпен адам алмайтын. Сосын Ташкентте 4 жыл мұғалім болдым. Кейін Баукеңмен Ташкентте танысқаннан кейін, ол кісі мені Алматыдағы аспирантураға түсірді. Ал аспирантураға түскеннен соң тақырып таңдау керек. Бірге түскен Асқар Сүлейменов, тағы да ұлты неміс Гера деген ғалым бар. Олар тақырыптарын таңдады, ал мен үш айға дейін басым қатып, ойланумен жүрдім. Маған Абайды ал дейді. Менің алғым келмейді. Себебі ол кезде Абайдан түк білмеймін. Тоғызыншы сыныпты оқыған жоқпын, аттап-бұттап кеткенмін. Одан кейін, яғни Алматыға алғаш оқуға барған кезімде академик Қажым Жұмалиев Абайдан бір сағат дәріс өтті де, ертесінде халық жауы болып қамалып кетті. Сосын Абайдан ештеңе білмей қалдық. Кейін мен аспирантураға түскеннен кейін Қ.Жұмалиев те түрмеден қайтып келіп, жұмысына қайта кіріскеннен соң алдына бардым. Ол кісі мені таныды. Содан кейін менен емтихан алып, оны беске тапсырдым. Абайдан сұрақ берді. Ақын туралы көп айттым. Енді білгенімді айттым ғой. Ташкентте мұғалім болған кезімде Абайдан сабақ бергенмін. Басқалардан көбірек білген болуым керек, академик соны ойына тоқып қалған сияқты, кейін тағы кіргенімде тақырыпқа Абайды аласың деді. Абай жөнінде әлі де көп білмейтінімді айта алмасам да, ол тақырыптан тағы қаштым. Үш ай алмай жүрдім. Бір күні шақыртты. Барсам ол: «Абайды аласың, әне, алмасаң есік ашық, кете бер», деді. Алсам қалатынымды айтты. Үндемей кеттім. Ол кезде мен Баукеңнің үйінде тұратынмын. Үйге барып жеңгеммен ақылдастым. Баукең жоқ. Жеңешем күліп: «Әй, неменеге алмайсың, көп болса қорғамайсың, есесіне стипендияң жоғары. Үш жыл ойнап-күл. Ала бер тақырыпты. Көбісі аспирантураны қорғамай кете береді. Қорғамасаң сенің шапаныңды біреу шешіп алмайды, ала бер, бара бер», деді жеңгем. Расында, басқалар 65 сом алып жатса, мен 100 сомға дейін стипендия алып жүрдім. Сосын Қажекеңнің алдына барып, осы тақырыпқа тоқтағанымды жеткіздім. Ол кісі қуанып кетті. «Жетпіс бес жылда қазақ халқы Абайды қалай таныды? Соның тарихын жаз», деді.
– Осы тақырып аясында не себепті көпке дейін ғылыми еңбегіңізді қорғай алмадыңыз?
– Жаңағы тақырыпты алған соң, соны жазамын деп басым бәлеге қалған жоқ па? Себебі Абайдың мұрасын теріс деп айыптаған «сұмдық» адамдар бар болатын. Соның бәрін аштым ғой. Ал сол ашылған адамдар маған қарсы шықты. Одан кейін Қ.Бейсенбиев дейтін доктор бар еді, өзі Қазақстандағы философ ғалымдардың ең мықтысы. Мен шамама қарамай соны сынадым. Ол Абай атеист деп айтады. Мен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас деп отырған адамды қалай атеист дейсіз? Ол ешқандай атеист бола алмайды. Сіз «жалған» атеист жасап отырсыз. Еш уақытта ол атеист те, материст те бола алмайды» дедім. Ол ғалым кезінде Абайды «атеист және материст» деп диссертация қорғаған. Одан кейін менің бұл ғылыми еңбегім сол уақытқа дейін «Абай феодалдық таптың ақыны, буржуазияшыл ақын, буржуазияшыл жолды ұстанған ақын» деп келген ғалым-жазушыларымыздың өтірігін ашты. Кісінің өтірігін ашқан кімге жақсы әсер етсін? Содан соң ушығып кетті ғой. Осыдан кейін С.Мұқановтан бастап бәрі шабуыл жасады. Сол себепті көпке дейін қорғай алмадым.
– Бұл ғылыми тартыстағы шабуылға батыр Баукең атамыз араша түспеді ме?
– Жоқ. Ол кезде Баукең елде жоқ еді. Генерал Панфилов туралы кітабын жазу үшін сырт елге кеткен болатын. Кетіп бара жатқанда Баукең ректорға бір қағаз жазып берді. Ол кезде ректор Серғали Толыбеков болатын. Әлгі қағазда Баукең: «Сені құдайға тапсырдым, Мекемтасты саған тапсырдым», депті. Қағазды апарып бердім. Кейін мені С.Толыбеков шақырып алып: «Бала ісің шатақ», деді. «Диссертация қорғамақ екенсің, диссертацияң жауырланып кетті. Қазір сенің еңбегіңді аналар жасырын алып оқып жатыр. Кімнің оқып жатқандарын да білмейміз. Ертең соның бәрі саған қарсы шығады. Саған ауыр сөздер айтады, қорлайды. Сонда сен алдыңа фактіні қой да, факт осы деп тұрып ал. Ашу шақырма», деді. Сол кісінің айтқаны болды. Аналардың ауыр сөзіне ащы сөз айтпадым. Сұрақ-жауап болғанда бәріне қатырып тұрып фактімен жауап бердім. Менің бұл қорғауым 6 сағаттан аса уақытқа созылды. Бұндай жағдай жалпы тарихта болмаған. 7 кісі мақтап сөйлесе, 11 кісі жаман пікір айтты. Аспирантурамды солай қорғап шықтым. Сосын әлгі қарсы топ менің үстімнен Мәскеуге дейін арызданды. Бірақ мен ол жақта да бәрін деректермен дәлелдеп шықтым. Кейін де докторлық еңбегімді жазып, алты кітап шығардым. Сонда 8 жыл бойы оны да қорғатпай келді. Ол еңбегім де төрт тақырыптан тұрды. Соңғы тақырыбым «Абайдың шығысын зерттеу» болды. Осы тақырыпты алып таста дейді маған. Мен: «М.Әуезовтың өзі Абайдың батысынан шығысы басым деген. Мен соны дәлелдеп отырмын. Ендеше, қалай алып тастаймын. Оданда қорғамай-ақ қоямын докторлықты» дедім.
Жалпы менің тағдырым ғылымда болсын, барлық жағынан қарасам, «төбелеске» толы болды. Маған бәрі бұзық деп қарады. Шындықты айтсам болды, бәрі бұзық деп шығады. Бұл туралы «Абайтанудың тарихы» деген онтомдықтың бірінші томында жазғанмын.
– Сіздің «Қазақ қалай орыстандырылды» деген тарихи кітабыңыз кезінде қалың оқырманға жол тартты. Қателеспесем, кітап баспаға ұсынылмай тұрып, алғашқы кезде республикалық басылым­дарда жарияланған екен. Бірақ кейбір редакция­лар осы еңбегіңізді жариялаудан бас тартыпты. Алайда тарихи материалы­ңыз сол кездің өзінде кеңестік қоғамда үлкен мәселеге айналып кете жаздады. Өзгесін былай қойғанда, қазақ зиялылары­ның өзі бұл тарихи кітабыңыз үшін қырын қарапты. Бұның сыры неде?
– Бұл еңбегім 1982 жылы жарыққа шықты. Алғашқыда оны ешкім баспай қойды. Мұнда батыр М.Мағауин ғой, ол да баспады. Ш.Мұртаза да баса алмады. Бәлеге қаламыз деді. Орталықтан қаймықты. Содан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне жаңадан редактор болып Төлен Әбдіков келген. Материалды сол азамат басқа тақырыппен төрт рет шығарды. Осыдан кейін Ғ.Мүсірепов екеуміз келісе алмай қалдық. Ш.Мұртазаның 50 жасына барғанымда А.Сүлейменов мені Ғабеңмен таныстырды. Мен ол кезде М.Әуезов атындағы музейге жаңадан жұмысқа кіргенмін. Мен өзімнің Ташкенттен келгенімді, басқа да жағдайымды айтып танысқан соң Ғ.Мүсірепов: «Оңбағансың», деді. «М.Әуезовтың 4 томы шықты. Ішінде қате кетті», деді. Мен оған «Басылып кеткеннен болды», дедім. Сонда да «Әй оңбағансың», деді. Үшінші рет айтқанда «Сіз де оңып тұрған жоқсыз», дедім. «Не болыпты?» деді ол маған. «Қазақ халқы А.Алекторовқа үлкен қарыздар» деген мақаланы сіз жаздыңыз ба?» дедім. «Иә, мен жаздым». «Онда бір аптадан кейін жауабын аласыз», дедім де, ары қарай тарқап кеттік. Бір аптадан кейін екі жарым беттік мақаламды «Қазақ әдебиетінде» жарияладым. А.Алекторовтың барлық жасырын жазған қылмыстық әрекеттерін жайып салдым. Мен сонау Мәскеу, Омбы және Ташкент архивтерінде көп отырған адаммын. Сонда генерал губернаторлардың бір-біріне жазған хаттарын оқыдым. Олар мына қазақ даласына жіберілген жасырын миссионерлерге өте қомақты қаржы бөліп отырған. Ал Ғабең мақтап жазып отырған мына Алекторов – патша үкіметінің қазақ даласына жіберген үш миссионерінің бірі. Бұны мен сол архивтік құжаттардан анықтап отырмын. Алекторов деген осы орыстың оқымыстысымен біздің Ахмет Байтұрсынов бірге жұмыс істеген. Кейін Ахаң өзінің еңбегінде: «Алекторовтың миссионерлік пиғылын байқап қалдым да, одан алыс кеттім», дейді. Мен де осы миссионерлердің осындай былықтарын аштым. Бұл «Қазақ қалай орыстандырылды» деген кітабым докторлығымды қорғаудағы еңбегімнен де қиын болды. Бұл еңбегім халықтың санасына үлкен әсер етті. Ұлттық санаға үлкен серпін берді. Халықтың тең жартысы дүрілдеп кетті. Осы еңбекпен де маған докторлық қорғау оңай еді. Бірақ қорғатпайтын.
– Осы материалыңызды жариялаған­нан кейін редакция басшылары мен өзіңіз партия тарапынан қысым көрген жоқсыздар ма?
– Жоқ. Мен барлық архивтік деректерге сілтеме жасап отырдым. Құжаттарда солай деген. Ол миссионерлердің жасырын хаттарын мен архивте оқыдым. Бірақ осы материалдан кейін маған КГБ-дан адам келді. Олардың Құлмат Өмірәлиев екеуміздің соңымызға бұдан бұрын да түскенін білетінбіз. Өйткені біз Орталық комитеттің арнайы хаты бар, тыйым салынған тақырыптарды қозғап жүргендіктен, біздің соңымызға осы адамдарды қойған. Тіпті олар бізді «Сібірге жер аудару үшін» құжаттарды да әзірлеп қойған болып шықты. Сол уақыттарда, яғни 1986 жылы желтоқсан оқиғасы болып, кейін еліміз азаттық алған соң бұл жоспарлары іске аспай қалды.
– Мекемтас аға, осы еңбегіңізден кейін қандай нәтиже болды?
– Нәтиже – қазақ даласы орысша атаулардан арылып, бұрынғы қазақша атауларды қайтару жұмыстары ақырындап жүзеге аса бастады. Мәселен, Жуалы және Түлкібастағы барлық елді мекендер түгелдей сол кезде орысша атауларға ие еді. Бүгінде бәрі түгелдей бұрынғы қазақша атауларымен қайта аталып отыр.
– Архивтік құжаттарды көп ақтардым дедіңіз. Алайда сол уақыттарда, яғни кеңестік идеологиялық саяси жүйенің ұстанымы бойынша архивтік мекемелерге екінің бірі, әсіресе сіз сияқты ұлттық ұстанымы басым жас ғалымдардың бас сұға алмайтыны белгілі. Бірақ сіздің бұл архивтік мекемелерге кіріп, тарихи құжаттармен еркін танысуыңызға кім ықпал етті? Қалайша осыншалық деректі дүниені архивтерден жинақтап шықтыңыз?
– Бұл орындарға маған Ләйлә Мұхтарқызы КГБ-дан арнайы рұқсат алып берді. Ләйләнің ол архивтерге жіберген мақсаты – әкесі М.Әуезовтің артына 1918 жылдан 1943 жылға дейін бір адам тыңшы болып түскен ғой. Ол М.Әуезов туралы орталыққа барлығын баяндап отырған адам. Міне, Ләйлә Мұхтарқызы сол адамды табуды маған тапсырды. Мен ол адамды таптым. Ол архивтерде КГБ-ның бір адамы қарама-қарсы отырады. Ештеңе жазып алуға болмайды. Менің бір әдетім, бір көрген жазуды 5-6 минут көз алдымда сақтаймын. Содан кейін әжетханаға барғысы келген адам секілді бір жапырақ қағазға жазып аламын. Орныма қайта келген соң кішкене отырып, мына құжаттардан түк таппадым деп үстелдің үстіне лақтырып-лақтырып кете беретінмін. Сол кезде ғой әлгі архивтегі көп дүниелерді тауып, талай тарихи шындыққа көз жеткізіп жүретінмін. Осылай көп шындық ашылды.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.