"Шабыт"

Менің махаббатым…

Көктемнің алғашқы күндерінің бірі. Қаланың орталық саябағында өрбіген екі құрбының өзара әңгімесі мен сыңғырлаған күлкілерінің дауысы алыстан естіледі.
– Шын айтамын, маған сенбейсің бе? Екеуіңді Айсұлу көріпті. Ой, сенің Қанатыңның бет-әлпеті оған дым да ұнамапты. Өзің әдемісің, ақылдысың! Жақсы, лайықты жігіт тапсаңшы, жаным-ау, — деген Айтолқынның сөзі құрбысын кәдімгідей ойлантып тастады.

– Айтош, екеуіміз ол туралы сөйлеспей-ақ, басқа нәрсе айтайық. Көрші жатақханада тұрсақ та, бір-бірімізді көру арман болды ғой. Сен жиі келіп тұршы, келесіде мен саған барамын, жарай ма? — деп Айжарқын әңгіме ауанын басқа арнаға бұрмақшы болды.

– Әрине, мен дипломдық жұмысымды бітіріп те қалдым, енді бос уақыт көп болады ғой. Әлі-ақ тығыз араласамыз. Біраз жер жүріп тастаппыз ғой. Кел, аздап дем алайық, — деп қос құрбы саябақтағы орындыққа жайғасты.

– Тараздың таза ауасы-ай! — деп Айжарқын танауын көтере тыныстап, жылы жымиды.
– Айтпақшы, сен фонтанның қазақша қалай аталатынын білесің бе?
– Иә, субұрқақ.
– Мен болсам соны жақында ғана естідім. Мына әдемі субұрқаққа қарап есіме түсті ғой.

Қос құрбы емен-жарқын әңгіме арасында қаланың сұлулығына көз тастауды да ұмытқан жоқ. Дұрысы, шаһардың шырайлы келбеті жанарларын жаулап, назарларын өзіне еріксіз аудара берді. Жанға жайлылық сыйлайтын жасыл желек, жарыса жанған биік шамдар, түрлі түске еніп көздің жауын алатын субұрқақ, биік ғимараттар, бәрі де қаланың сәнін келтіріп-ақ тұр. Кенет «Айжарқын, білесің бе?» деген Айтолқынның дауысы құрбысын қалың ойдан жұлып алғандай болды.

– Осы біздің Тараз кішкентай қала болса да әдемі, тыныш, табиғаты тамаша, таза, адамдары мейірімді, иә? Айжарқын оның бойынан осы қалаға деген кіршіксіз сезімі мен көңіліндегі толқынысын байқап, ризашылық кейіппен басын изеді. Сосын:

– Әрине, біздің Тараз жер-жаһандағы ең сұлу қала ғой! Бұл талай адамдардың сағынышына айналған сүйікті шаһары емес пе? Әне, ана жерде «Менің сүйікті қалам – Тараз» деп жазулы тұр ғой, — деп әзіл араластыра құрбысын қоштап қойды. Екеуінің әңгімесін Айжарқынның қалта телефонына келген қоңырау үзіп жіберді. Белгісіз номерге сәл таңдана қарап тұрды да, жасыл тетікті басты.
– Алло?
– Алло, сәлем.
– Иә, бұл кім екен?
– Сізбен танысуға болады ма?
– Жоқ. Егер осы үшін ғана хабарласып тұрсаң тұтқаны қоямын.
– Тоқтаңыз! Сіздің номеріңізді Толқын әпке беріп еді.
– Толқын әпке?
– Иә, менің есімім Рауан болады.
– Айжарқын.
– Сіз қайда тұрасыз, Айжарқын?
– Мен жатақханада.
– Сізбен кездесуге болады ма?
– Мен қазір құрбыммен орталықта жүр едім.
Осы кезде құлағын түріп, қуақыланып отырған Айтолқын «Келсін деп айтшы, танысамыз» деп бір жағынан мазасын ала берді.
– Олай болса, келесі бірде кездесейік.
– Иә, солай болсын.
– Жақсы, сау болыңыз!
– Сау болыңыз!

Тұтқаны қойған сәтте-ақ: «Неге кел демедің? Көріп, танысып, қызық әңгіме айтып, уақытты жақсы өткізер едік» деп Айтолқын бұртиып қалмасы бар ма?
– Қойшы, Айтош! «Бірден «кел» дей салатын қандай қыз өзі?» деп ойламай ма одан кейін, — деп Айжарқын қалжыңдап, құрбысының бүйірінен бір түртіп қойды. Екеуі сықылықтап күле жөнелді.
Арада бір апта уақыт өтті. Күнде кешке Айжарқын Рауанның қоңырауын күтетін болды. Кездесуге келіскен күні де қатты қобалжыған еді. Қандай киім киерін білмей, біраз ойланды. Сосын қара шалбар мен өзіне ұнайтын ұзын қоңыр кофтасын үйлестіріп киді де, айнаға қарап көңілі толғандай болды. Бөлмедегі қыздар да бас бармақтарын көрсетіп, «Бол енді, көп күттірме» деп есіктен шығарып салды. Биік өкшелі туфлидің тақылдаған дыбысы тас жолды талқандап жіберетіндей. Үстіндегі жаңадан алған сұр күртешесі де сондай жарасымды. Өзін сұлу сезініп келеді. Қою қызыл түсті көліктің жанындағы жігіттің Рауан екенін іштей сезді. «Ал, ол болмай шықса ше?» деп қояды бір ойы. Әлгі жігіт те Айжарқынға қарсы жүргенде ғана ол өзіне сенімді болды. Екеуінің алғашқы кездесуі осылай басталған еді. Олар бір-бірі жайлы көбірек біле түсуге тырысып, түрлі тақырыптарда әңгіме айтып отырғанда ымырт үйіріліп, төңіректі қою қараңғылық басты. Кенет сағатына қарап Айжарқынның домалақ қоңыр көздері одан сайын бақырая түсіп:
– Менің кетуім керек, сағат 23.00-ден кешіксем жатақханаға кіре алмай қаламын, — деп Айжарқын аяғын жылдам басып, Рауанға қарап кешірім сұрағандай әлсіз жымиып қойды.
– Ертең келсем, шығасың ғой? – деген Рауанның күтпеген жерден қойған сұрағына Айжарқын тосылып қалды.
– Ертең?
– Иә, ертең.
– Жарайды.
Арада екі ай өтті. Бұлардың арасында тұтанған сезім оты да өзгелердікіне мүлде ұқсамайтын. Сол алғашқы кездесуден кейін Рауан Айжарқынға күнде келетін болды. Екеуі қаланың барлық саябақтарын аралады. Олар қозғамаған тақырып та таусылмақ емес. Тарих, саясат, тұлғалар, дәстүр-салт, кино әлемі, бәрі-бәрі де қос ғашықтың әңгімесінің арқауына айналатын. Айжарқын Рауанның салмақты сөздерінен, салиқалы пайымдарынан оның бойынан білімділігін, жан-жақтылығын байқап сүйсінсе, кей тұстарда қатыгездігін байқап, шошып қалатын. Бірақ, екеуі де қызу пікірталасқа ерік беріп, кейіннен ортақ тоқтамға келетін.

Уақыт өте берді. Айлар артта қалып, жайдары жаз да жетті. Кейінгі уақытта Айжарқын сүйіктісінің сезіміне күмәнмен қарай бастағандай. Бұрынғы іңкәр сезім де, ынтызар көңіл де саябыр тапқандай ма, қалай?. Қоңырау шалуы да сирек. Күнде келуді де қойды. Бірде тіпті, сөз арасында аңдамай, Ғалия деген қыздың есімін де айтып қалды. Бірақ, Рауан жуып-шайып жатыр. Сонда да көңіл алаң. Айжарқын мұның барлығы текке емесін іштей түйсінген еді.

4-курстағы өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген Айжарқын бүгін жұмысқа да бармады. Шашылған бөлме ішін аздап ретке келтірді де, теледидарды сөндіріп, есікті іштен кілттеді. Қабырғаға қарап, ұзақ ойланды. Жүрегі сыздап, жанарына жас іркілді. Сүйіктісінің осындай алабұртқан сезімге еніп, сергелдең күй кешіп жатқанын сезгендей кешке Рауан Айжарқынға қоңырау шалды. Жауап бермеді. Тағы да екі мәрте соқты. Қанша жерден сөйлескісі келіп тұрса да, тұтқаны көтермеді. Егер шын сүйсе тағы хабарласып, менің ойымның қате екенін айтады деп сенді. Бірақ, ол қайтіп хабарласпады. Тіпті, Айжарқынның қоңырауына да жауап қатпады.

Тағы уақыт өтті. Айжарқын бұрынғыдай шаттана күлмейді, қызықты әңгімелер айтпайды, қызыға қарамайды, жаңалық іздемейді. Тек ұялы телефонынан мұңлы әуен тыңдап, қалың мұңға бата берді. Ол махаббаттың осыншама қатыгез болатынын енді түсінгендей. Күнде сүйріктей саусақтарымен смартфондағы өзіне ыстық сандарды тереді. Сөйтіп, «Телефон сөндірулі» деген дауысты естіп тағы жылайды, тағы күрсінеді, тағы қапаланады.

Айжарқынның Рауанның көзіне тік қарап, «Неге бұлай еттің?» деп сұрағысы келеді. Тым болмаса сыртынан бір көрсем деп армандайды. Екеуі аралаған саябақтарға барып, мұң кешеді. Қыдырған аумақтар, пікір алмастырған орындар көзге оттай басылады. Сананы сансыратқан сұрақтар жанын жегідей жеп барады. «Тараз Айтолқын айтқандай шағын қала ғой, неге мен оны бір көрмеймін? Неге жолықтырмаймын?. «Кім кінәлі? Мен бе онымен қоштасқан? Ол ма менімен тез келіскен?. Мен қоштасып тұрып оны қимаймын. Қандай қатыгез адам еді! Мендегі сезімді оятып, өзі көрген түстей, жарқ етіп жанып-сөнген оттай, аққан жұлдыздай жоқ болатын, айтшы?»- деп жауап болмайтынын білсе де, ол айға телміре қарайды.

Кеудесінен өксік кетер емес. «Өкінемін. Үш ай уақыт кері қарай айналса, онымен таныспас едім. «Толқын әпке номеріңізді берді» дегенде «Енді қайтейін» деп тұтқаны қоя салар едім, — деп те қиялдап кетті.
Түн. Сағат тілі 3-ті көрсетіп тұр. Айжарқынның көзі ілінер емес. Ол дөңбекшіп, қабырғадағы тетікті басып бөлмеге жарық берді. Қалған қыздардың ояна қоймағанын байқады да, аяғының ұшымен ақырын басып, қағаз бен қалам алып үстелге жайғасты. Көп ойланбай парақтың дәл ортасына «Менің махаббатым» деп жазып қойды. Ол енді өзі оқыған махаббатқа толы романдағыдай әңгіме жазуға бекінді. Айжарқын бар мұңын, сезімін, өкпе-ренішін, баянсыз махаббатын жазып, жүрегін жеңілдеткісі келді. Шым-шытырық ойдың шырмауынан шыға алмай, ақ парақтың бетін шимайлай берді, шимайлай берді…

Нұрлан ӘБДІКӘРІМ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
журналистика мамандығының 2-курс студенті

ПІКІР