Мердігер жол салу – үйге «пол» салу емес екенін білуі керек

0 12

Жол салу – үйге «пол» салу емес. Бүгінде бұны билік басындағылар түсінетін уақыт жетті. Алайда әлі күнге жол сапасына айтылар сын да, тағылар мін де көп.
Күні кеше облысымыз өткен жылдың көрсеткішімен жол салу бойынша республикада көш бастады. «Бөркімізді аспанға атып» қуандық, бірақ оның сапасы қандай? Міне, осы мәселеге майшаммен үңіліп көрсек.

Өткен жылы өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85-тен 90 пайызға, ал көше желілері 76 пайызға өскен. Соның есебінен аймақ еліміз бойынша екінші орынға шықты.
Барлық қаржыландыру көздерінен жол салуға 27,6 миллиард теңге бөлінсе, 1 111 жоба іске асырылған. Оның 827-сі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асса, 1316,2 шақырым жол жөнделіп, 2,5 еселік өсім көрсеткен.
Былтыр республикалық бюджеттің қолдауымен үш ірі жоба жүйесін тауып, екі нысан пайдалануға берілген. Ал Тараз қаласынан Қырғызстан шекарасына дейінгі ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп күтілуде. «Ұзынағаш – Отар» автожолының
16 шақырымдық бөлігі бүгінде пайдалануға беріл­ген. Жалпы ұзындығы 475 шақырымды құрай­тын «Меркі – Бурылбайтал», «Балқаш – Бурылбайтал», «Күрті – Бурылбайтал» учаскелерін­де қайта жөндеу құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 164 миллиард теңгені құрайды.
2020-2025 жылдарға арналған инфрақұры­лым­ды дамыту бағытында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс 52 миллиард теңгені құрайтын 82 жобаны іске асыруды ұсынуда. Егер бұл жобалар мақұлданса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 2025 жылға қарай 100 пайыздық межені діттемек.
Әрине, жолдың көптеп салынып, жаңартылғаны қос қолдап қолдайтын дүние. «Жол салу бар да, ал оның сапасы қандай?» деген сауал осы тұста маза бермейді. Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыс бойынша филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимовтың айтуынша, аймақтағы жолдардың сапасы алаңдатарлық күйде екен.
– Өткен жылы мамандарымыз республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарға 1 038 рет тексеріспен шығып, 151 ескерту жасады.
Облыс әкімінің тапсырмасына орай сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында барлық зерделеу жариялы түрде жүргізілді.
Жыл сайын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеулерден өтеді. Бірақ осы жолмен ауыр жүк көліктері жүргендіктен жол ақаулары пайда болуда. Талдау көрсеткендей, 60 пайыз автожолдардың бүлінуі ауыр жүк көліктерінің көбеюінен болып отыр.
Бұл тұста ерекше атап өтерлігі, өңірде техникалық қадағалау қызметінің жұмысы өте нашар. Жұмыстарын сылбыр орындайды. Тіпті олардың құрылыс кезінде бақылау жүргізетіндіктеріне күмән бар. Құрылысқа сирек барады. Бұл тікелей жол сапасына кері әсерін тигізуде. Сол себепті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 7 шағым жолдадық, – дейді Мырзахмет Қыраубайұлы.
Нақтырақ айтсақ, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыс бойынша филиалы өткен жылы «Аухатты – Бәйтерек» жаңа жол құрылысына тексеріс жүргізген. Зерделеу барысында әр қабаттың тығыздау негіздері сақталмағаны анықталған. Құрылыс барысында техникалық қадағалау жүргізетін маман мүлде болмаған. Сол себепті мекеме Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына шағым жолдап, нәтижесінде «Прогресс KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 700 000 теңге айыппұл салынған.
«Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» тасжолы құрылысынан да бірқатар кемшіліктер анықталған. Мұнда әсіресе техникалық қадағалау қызметін атқаратын «Құрылыс сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жүйесіз болып шыққан. Үш мәрте жолданған шағымның нәтижесінде барлық деректер дәлелін тауып, жол құрылысына жауапты «Қазақдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 972 000 теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Тексеріс барысында «Шығыс – кіреберіс Құлан ауылына» орташа жөндеу жұмыстарынан да шикілік шыққан. Атап айтсақ, негізгі қабатқа битум жағылмаған, асфальт-бетон қоспасын төсеу кезінде градуснигі қойылмаған және алынған асфальт-бетон қоспасының сынамасы нормаларға сәйкес келмеген. Сондай-ақ техникалық қадағалау қызметкері жоқ болған. Осындай олқылықтарды анықтаған тексеріс тобы «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 400 метр жерге жаңа асфальт-бетон жамылғысын қайта төсеткен.
Жол сапасына облыстық полиция департаменті де тексеріс жүргізіп, біраз заңсыздықтың бетін ашып отыр. Департамент бастығы Жанат Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, тексеріс барысында 195 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
– Жол-көлік оқиғалары көбінесе жүргізушілердің кінәсінен болғанымен, апаттылық деңгейін төмендету үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша департамент қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы автомобиль жолдарына 1 711 тексеру жұмысын жүргізіп, жолға жауапты 195 маманды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ал ағымдағы жылдың 3 айында жүргізілген 493 тексерудің қорытындысында 46 лауазымды тұлға жазаланды.
Егер тұрғындар жолдағы ақауларды байқаса, бұл жөнінде енді полицияға хабарлай алады, – дейді Ж.Сүлейменов.
Жалпы не себепті жол сапасыз салынады? Барлық мәселе тек техникалық бақылауда ма? Әлде мұның өзге де себептері бар ма? Бұл сауалдармен жол құрылысы саласының ардагері Есен Садықовқа қайырылып едік, ол түйткілдің түйіні тереңде жатқанын айтты.
– Өткен жылдың 50-60 жылдары елімізде Автомобиль жолдары министрлігі болған. Осы министрлік әр өңірдегі жолдардың сапасын бақылауды ұйымдастырып тұратын. Жамбыл облысының жолдары Алматы, Шымкент, Ташкент сынды қалалармен бірге «Союздік жолдар» бөлінісіне жатқызылды. Сол тұста бізге Жамбылдағы 3 000 шақырым жол қараған. Ол жолдармен тек 4-5 тонналық жүктемесі бар көліктердің қатынауына рұқсат етілді. Осы жолдарды бір жаңалағанда 10-12 жылға шыдас берді. Тәулігіне 5 000 көлік жүрсе де жол бетіне бір сызат түспейтін.
Ол кездегі жол салуда ең бірінші бетон құйылып, оның үстіне шағал тас төселетін. Оны арнайы көлікпен нығыздағанда тақтайдай тегіс жол шыға келетін.
Қазір де сапалы жол салуға бар мүмкіндік жасалған. Кеңестік кезеңнен асып түсетін, дамыған технологиялар жетерлік. Алайда соны тиімді пайдалана алмай отырмыз. Өткен жолы «Тараз –
Қаратау», «Жаңатас – Тараз» бағытындағы 180 шақырым жолдың тас-талқаны шығып жатқанын көріп, шынында, жаным ауырды. Егер сол жолдарды бастапқыда дұрыс салғанда бүгін екі жұмыс болмас еді.
Қазір көп жағдайда мердігерлер жол құрылысына арзан материалдарды қолданады. Сондай-ақ бір мердігер бірнеше нысанның тендерін жеңіп алып, нәтижесінде жолды қалай болса солай сала салады. Ал техникалық бақылаушының тілін тапқандықтан ол көзді жұмып қол қоя салады. Біздің кезімізде тендер деген атауымен жоқ болды. Бәріміз орталықтандырылған бір мекемеге қарадық. Өзге облыстың адамдары Жамбылдың жолын салып беріп жатыр деген әңгіме санаға сыймайтын. Сондықтан облысқа ғана емес, елімізге сапалы жол керек болса, ең бірінші тендер деген дүниені құрту керек. Өзге салаларға бұл жүйені қолдана берсе болатын шығар, алайда құрылыс саласына жолатпағаны жөн. Осыны біз түсінбейінше, сапалы жол сала алмаймыз, – дейді өмір жолын жол құрылысы саласына арнаған Есен Садықұлы.
Құрылыс саласы ардагерінің сөзі орынсыз дей алмаймыз. Себебі көп мәселе осы жауапсыз мердігерлер мен жосықсыз серіктестердің кесірінен туындап отырғаны жасырын емес. Бір ғана мысал, өткен жылы Байзақ ауданындағы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 78, Т.Рысқұлов ауданындағы«Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 98, Меркі ауданындағы «Айя сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 83 және «Меркі жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 32 жол құрылысы тендерін жеңіп алғанын естіп, төбе шашымыз тік тұрған болатын. Соның кесірінен жыл ішінде 500 жоба жүзеге аспай қалған. Сондықтан бізге сапалы жол керек болса, ең бірінші серіктестіктермен күресу керек сияқты. Сондай-ақ техникалық бақылаушыларды да тәртіпке шақырып, теңгені емес, тікелей жұмысын ойлауды үйреткен жөн-ау. Ал облыс көлеміндегі жолдармен ауыр жүк көліктерінің қатынауын реттей алсақ, нұр үстіне нұр болары хақ.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.