Мердігерлер құрылысты мерзімінде бітіруі тиіс

0 9

Құрылыс саласында ең бастысы –
мерзім мен сапа. Алайда құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі бүгінде әдетке айналды. Әсіресе мектеп құрылысына келгенде мердігерлер жоспарлы жұмысты сағызша созып жүріп алады. Міне, осы мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты қаралды.

Жиында ең әуелі облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен күрмеуі қиын мәселелерге тоқталды.
– Ағымдағы жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 146,7 миллиард теңге құрайтын 207 жобаға бюджеттен 67,6 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Биыл бас-аяғы 150 нысанды тапсыру жоспарланып отыр.
Оның ішінде 76 көпқабатты тұрғын үй, 24 мектеп, 1 колледж, 1 абаттандыру,
10 денсаулық, 11 спорт нысаны,
6 мәдениет, 2 ауыл шаруашылығы және
6 қызмет көрсету нысаны бар.
Аталған жобалардың 131 нысаны (32,0 миллиард теңге) «Нұрлы жер», 23-і «Жұмыспен қамту» (8,6 миллиард теңге), 17-сі «Ауыл – ел бесігі» (3,4 миллиард теңге), 35-і өзге даму бағдарламалары бойынша (13,4 миллиард теңге) және
1 нысан құрылысы Үкімет резервінен (10,2 миллиард теңге) жүзеге асуда.
Құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып, сметалық құны 66,7 миллиард теңге құрайтын 43 жобаның құрылысын жүргізуде. 2021 жылға 29,1 миллиард теңге бөлінді.
Жекелей айтсақ, білім бөлімдері облыстық деңгейге ауысқанына байланысты аудандардан өтпелі мектеп құрылыстары және әзірленген ЖСҚ-лары басқармамен қабылданып, жалғастыруда.
Ағымдағы жылы сметалық құны
22,0 миллиард теңгені құрайтын 26 білім нысаны салынуда. Атап айтсақ, 19 мектеп, 5 мектепке және 1 колледжге жапсарлас ғимарат құрылысы және 1 мектепті абаттандыру жобасы жүзеге асуда. 2021 жылға 11068,3 миллион теңге қаржы қарастырылды.
Биыл 14 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қазіргі таңда 1 нысан ел игілігіне қызмет көрсетуде. Сондай-ақ Тараз қаласында «Мейірім» мектеп-интернатына жапсарлас ғимарат құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек 11 білім беру нысанының құрылысын аяқтауға қаржы толық қарастырылды, – деген басқарма басшысы одан әрі түйінді мәселелерді тілге тиек етті.

– Тараз қаласы Қант зауыты аймағындағы №2 мектептің құрылысы 2 айдан бері тоқтап тұр. Аталған нысан тамыз айында пайдалануға берілуі керек болатын.
Бұдан бөлек үш мектептің сметалық құны қайта есептелуде. Олар Айша бибі ауылындағы, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин және Қордай ауданындағы Арал мектептері.
Жобалаушылардың қателігінен Байзақ ауданындағы Шахан және Сеңкібай ауылдарындағы мектептердің де құрылысынан ақау шықты. Жобалау кезінде екі қабаттық нысанға лифт орнату үшін 9 миллион теңге қойылған. Сондай-ақ жиһазға 32 миллион, ал компьютерге 78 мың теңге бекітілген. Мұндай қаржыға тек сапасыз компьютерлер алуға болады.
2019 жылы басталған Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы №3 колледжге жапсарлас ғимарат құрылысы 90 пайызға дайын. ЖСҚ-ға түзету жасалынып (галерея, фасад, абаттандыру), сараптама қорытындысы алынды. Нысанды аяқтап, пайдалануға беру үшін облыстық бюджет комиссиясының шешімін және іске асыруға 58 миллион теңге қаржы қарастыруды сұраймыз, – деген басқарма басшысы тұрғын үй және спорт саласындағы құрылыс нысандары туралы да баян етті.
Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Машбекұлы тиісті басшылардан жеке-жеке жауап алды.
– Ерлан Құрмантайұлы, Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы 300 орындық, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин және Қордай ауданындағы Арал мектебінің жобалық-сметалық құжаттарына өзгеріс енгізіліп жатыр.
Осы кемшіліктерді құрылыс бастамай жатып талдауға немесе анықтауға болмайды ма? – деп құрылыс басқармасының басшысына сауалын төтесінен қойды. Ерлан Орынбаев олқылықтың орнын толтыру үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Келесі кезекте аймақ басшысы «Талас құрылыс» ЖШС басшысынан Тараз қаласындағы №2 мектептің құрылысы не себепті кестеден қалып келе жатқанын сұрады. Серіктестік басшысы сан сылтауды алға тартқанымен, алайда Бердібек Машбекұлы өткен жылы да уәдені үйіп-төккен мердігердің жұмысына нашар деген баға берді.
Бұдан бөлек облыс әкімі №22 мектептің құрылысы 2 айдан бері тоқтап тұрғанын, Қордай ауданы Күнбатыс-2 ауылындағы мектеп құрылысы да кешеуілдеп жатқанын, Тараз қаласындағы №22 мектеп пен Шалғай Қарасу алқабындағы 600 орындық мектепке электр желісінің жүргізілмей жатқанын, Байзақ ауданындағы Сеңкібай мен Шахан ауылдарындағы мектеп құрылысының жобасына лифт орнатуды кіргізгенін, Тараз қаласындағы құрылысы басталып кеткен көппәтерлі 8 үйдің құрылысының тоқтап тұрғанын, Жуалы мен Байзақ аудандарында 22 үй құрылысының мердігері әлі күнге анықталмағанын және Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылындағы 80 пәтерлі үйдің абаттандыруы шешілмегенін қатаң сынға алып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал жиын соңында облыс әкімі құрылыста ең бастысы мерзім мен сапа екенін ескертіп, жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқтау үшін құрылыс басқармасы мен аудан әкімдері бірлесе жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.