Мердігерлер өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруы керек

0 13

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының Гвардейский қалашығында құрылысы жүріп жатқан биофармацевтикалық зауытты және өндіріс орнының қызметкерлеріне арнап салынған үш көпқабатты үйдің жай-күйін көзбен көрді.

«БазисДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 880 миллион теңгеге құрылысын жүргізген 60 пәтерлік алғашқы ғимарат дайын тұр. Серіктестік директорының орынбасары Омар Утабаевтың айтуынша, қазіргі таңда сыртқы әрлеу, іргетастың қапталуы, пәтерлерге керме төбелер орнату, қабырғаға арналған тұсқағаздарды желімдеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті кадрлар тартылыпты.
Пәтерлерге санитарлық-техникалық жабдықтар және газ плиталары орнатылған. Үй сәуірдің басында дайын болуы керек. Облыс әкімі атап өткендей, енді тұтастай ауылды газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды жеделдету қажет.
Ал «АгроСпецСтрой» серіктестігі тағы екі үйдің құрылысын сәл кейінірек бастаған. Мұнда жертөленің жұмыстары аяқталып, бірінші қабаттың құрылысы басталыпты. Кәсіпорын директоры Марат Рахымбердиевтің айтуынша, әр үйге 75 миллион теңге жұмсалған.
Сондай-ақ мұнда бірыңғай кешен құру жоспарлануда. Кешен құрамына спорттық-сауықтыру орталығы да кіреді. Орталық құрылысы жақын арада басталатын болады.
Облыс әкімі аталған аумақты аралау барысында мердігер компаниялардан барлық жұмыстардың қатар жүргізілуін талап етті. Сондай-ақ өңір басшысы атап өткендей, енді қосалқы нысандардың қуатын арттыру мәселесіне назар аудару керек. Инженерлік коммуникацияға қосылу жұмыстары ауылдың тұрғындарына барынша қолайсыздық тудырмағаны дұрыс. Балалар мен жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешен қоршауының құрылысын ұмыт қалдырмаған жөн. «Қалған екі үйді 20 маусымнан кешіктірмей пайдалануға беру керек», деген аймақ басшысы абаттандыру шараларына, жайлы ойын алаңын құруға, аумақты көгалдандыруға ерекше назар аудару керектігін де міндеттеді. «Бұл барлық жағынан үлгілі кешен болсын!», деп атап өтті Б.Машбекұлы.
Сонымен қатар аймақ басшысы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтының директоры Күнсұлу Закарияға пәтерлерді бөлу мәселесін тек комиссиялық тәртіппен шешуді жүктеді.
Биофармацевтикалық зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қосалқы нысандар, оның ішінде қазандық дайын. Қазіргі кезде желдету жүйелерін ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зауыт ғимараты екі қабаттан тұрады, жоғарғы жағында өндірістік зертханалар мен таза бөлмелер орналасқан.
Шағын құрамдағы кеңесте облыс әкімі құрылыс жұмыстарын әлі де жеделдете түсуді тапсырды. Аталған шаруалар наурыз айының соңына дейін аяқталуы керек. Мердігерлер онымен қоса көгалдандыру жұмыстарымен айналысу қажет.
Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев институт директоры Күнсұлу Закарияны 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
– Күнсұлу Дальтонқызы болмаса, бұл жоба да болмас еді, ол тоғыз ай бойы ер азаматтармен қатар жұмыс істеді. Күнсұлу Дальтонқызының арқасында Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина шығаруды жолға қойған санаулы мемлекеттердің қатарына кіреді,– деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.