Мерекеде наурыз көжені қайдан ішуге болады?

0 4

Ұлыстың ұлы күні наурыз көже жасап, көпшілікке дәм татқызу қазақ халқында байырдан келе жатқан салт. Оған қоса наурыз көже жеті түрлі астан жасалатындықтан жетпіс жеті дертке ем дейтін наным да бар. Десе де кейінгі жылдары ұлттық тағамымызды мереке қарсаңында ғана дайындайтын жағдайға жеттік. Мүмкін, өркениет адам таңғаларлық қарқынмен дамып, заман күн санап өзгеріп жатқан кезде бұлай болуы заңды құбылыс та шығар. Дегенмен өткенімізді жаңғыртпай, болашаққа нық қадам жасай алмайтынымыз тағы белгілі.

Әлемдік пандемия жағдайында ағайынға ат шаптырып, басын қосып, ұлан-асыр наурыз көже бере алмаспыз. Десе де мереке күндері наурыз көжеден дәм татқысы келетіндердің аз болмасы анық. Ендеше, Ұлыстың ұлы күні наурыз көжені қай мейрамханадан ішуге болады?
Негізі наурыз көженің қасиеті, құрамы, жасалу тәсілдері тым ерекше. Бойына айрықша қасиет жиған ұлттық дәмді жасау оңай шаруа емес. Тараз қаласында 20 жылдан бері аспаз болып жүрген Убай Жадиловтың айтуынша, мерекелік асты әзірлеу үшін шеберлікпен қатар, ерекше талғам да қажет екен.
– Қазір қалада жақсы көже пісіретін бірен-саран ғана аспаз бар. Ал қалғандары «Тағамның бәрі бірдей ғой», деп білгенін істеп жүр. Тіпті кафелерде кәуап пісіріп жүргендердің Наурыз мерекесі күні көже пісіріп жатқанын көзім көрген. Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені көжеге қосылатын жеті түрлі дәмді де нақпа-нақ дәл әрі өз тәсілімен қоса білмесең, оныңнан дәмді ас шықпайды.
Әрбір жанұя Ұлыстың ұлы күні өз үйінде наурыз көже пісіріп, көрші-қолаңға дәм татқызғанға не жетсін? Алайда жаңа түскен келін түгілі, үлкендердің өзі қазір көже пісіруді қиынсынады. Сондықтан бізге шақырту түседі.
Мен өз қызметімді адал атқару үшін көженің қазанына 20 000 теңгеден аламын. Бірақ бұл қаржыны өтеу үшін асты байыппен істеп, тапсырыс берушінің көңілінен шығуға тырысамыз, – дейді аспаз.
«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегенді ескерсек, дәмді тағамды білікті аспаз жасағаны жөн. Байырғы заманнан келе жатқан ұлттық мерекемізде өзіміздің төл тағамымызды әзірлей білмесек, қазақылығымызға сын.
Рас, қалтасы қалың тұрғындар Убай сынды аспаз­дар­ды жалдап, наурыз көже пісіртер. Алайда 20 000 теңгені кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні анық. Ал үй жағдайында наурыз көже жасауға әркімнің ебі келе бермейтіні де белгілі. Сондықтан халық наурыз көжеден дәм тату үшін кафе мен мейрамханаларды жағалайды. Ал мереке күндері мейрамханалар наурыз көжені ас мәзіріне енгізген бе?
Ұлттық тағам десе, ең алдымен «Ғибрат» мейрамханасы еске түседі. Бірнеше жылдың бедерінде тек ұлттық тағамымызды ұлықтап келе жатқан мейрамхана наурыз көжені 19 наурыздан бастап ас мәзіріне енгізбек. Құны 800-900 теңге аралығында. Мұнда наурыз көжемен қоса, бал татыған қымызбен де шөл бассаңыз болады. Алайда мұнда наурыз көжені үйге жеткізіп беру қызметі жоқ. Тапсырыс беруші өзі алып кетуі қажет.
Тараз қаласындағы «Сәлем» кафесі де 21 наурыздан бастап көпшілікке көже ұсынады. Мұндағы баға 980 теңге болып белгіленген. Ал «Бераду» кафесі 22 наурыз күні келушілерге наурыз көжені тегін таратпақ. Мейрамхана меңгерушісі Майраның айтуынша, көжені тегін тарату жылдан-жылға жалғасып келе жатқан дәстүр екен.
Міне, осылайша бірқатар мейрамханалар ас мәзірлеріне наурыз көжені енгізіп жатса, кейбірі мұндай дүниені ойламапты. Мәселен «Офеля», «Анель» сынды мейрамханалардың меңгерушілері наурыз көжені мүлде дайындамайтындарын ашып айтты. Ал «Барс», «Марлен», «Босфор» сынды демалыс орындары наурыз көженің нақты бағасын әлі белгілемегендерін алға тартып отыр.
Әрине, әлемдік пандемия жағдайында мейрамханаларға наурыз көжені ас мәзіріне енгізуді міндеттей алмайтынымыз түсінікті. Мереке күндері кафелердің жұмыс уақытының да шектеулі болатыны кәсіпкерлердің қос бүйірінен қысып тұр. Десе де демалыс орындары наурыз көжені тапсырыс арқылы пісіруді неге қолға алмай отыр?
Егер мейрамханалар осындай қызмет түрін ұсынатын болса, тапсырыс берушілердің қатары қалың болатынына бек сенімдіміз. Бұл жағын енді кәсіпкерлер ой елегіне салып, екі жаққа да ұтымды шешім қабылдайды деген үміттеміз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.