Жамбыл жаңалықтары

Мерекедегі қуаныш

Written by Aray2005

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Тараз қаласындағы 15-ықшамауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мерейлі мереке аясында баспаналы болып жатқан тұрғындарды қуанышымен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады.
Қуаныш иелерін жаңа қоныстарымен құттықтаған Бердібек Машбекұлы алдағы уақытта да тұрғындарды баспанамен қамту күн тәртібінен түспейтінін, құрылыс қарқыны арта беретінін жеткізді.
– Халыққа барынша жағдай жасап, баспана мәселесінің оңтайлы шешілуін қадағалау — біздің басты міндетіміз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға барынша басымдық берілді. Осы жылдар аралығында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында баянды бағдарламалар, жарқын жобалар жүзеге асып, миллиондаған қазақстандық баспаналы болу бақытына кенелді.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріп отыр. Президентіміздің тапсырмасына сай облысымызда атқарылған жұмыс аз емес. Бір жылдың өзінде Тараз қаласында екі мыңға жуық пәтер беріліп, мемлекеттік бағдарламалар талайдың алыс арманын жақындата түсті. Бүгінде сол игі дәстүр өз жалғасын табуда. Бұл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біздің әйелдер мен көп балалы аналар үшін ерекше сыйлық болып отыр. Мемлекет қамқорлығын сезініп, пәтерге ие болған баршаңызды қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан шаттық, береке кетпесін, – деген Бердібек Машбекұлы пәтер кілттерін табыс етті.

Ал облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алған тұрғындардың қуанышында шек болмады. Бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болған тұрғындар ҚР Президентіне, облыс және қала басшылығына шексіз алғыстарын айтады.
– Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Түсім секілді әлі де сене алар емеспін. Он жылдан бері армандаған пәтерімізге қол жеткізіп, арқамнан бір ауыр жүк түскендей болып тұрмын. Біз сезінген қуаныш әрбір қазақстандыққа бұйырсын, – дейді екі бөлмелі пәтерге ие болған тұрғын Жансая Әбдірайымова.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы халықты баспанамен қамтамасыз ету ісін ілгерілетуге оң ықпалын тигізуде. Өткен жылы 18 тұрғын үй немесе 1 300 пәтер ел игілігіне берілсе, 2020 жылы 29 үйді тапсыру жоспарлануда екен. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 2019 жылы 323 пәтер өз иелерін тапса, жергілікті бюджеттен бөлінген 1 миллиард 360 миллион теңгеге қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынған. Сол секілді «Қарасу» ықшамауданында көпбалалы отбасыларға арналған 4 көпқабатты әлеуметтік жатақхана құрылысы аяқталса, қазіргі таңда «Арай-2» тұрғын үй алқабында төрт жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР