Астанаға 20 жыл

Мерекелік медальмен марапатталды

Мерейлі мереке аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков облыстық ардагерлер үйіне арнайы ат басын бұрып, қазыналы қарияларды Астананың айтулы белесімен құттықтады. Кездесу барысында Бекболат Серікбекұлы еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Сағындық Әміреқұлов, Сембек Сейдәзімов, Сансызбай Жорабеков, Өскенбай Мәдиев, Күләш Назарбекова секілді еңбек ардагерлеріне «Астана – 20 жыл» мере­ке­лік медалін табыс етті.

– Жалпы, әрбір өңірдің Астанаға қарап бой түзейтіні ақиқат. Демек, бас қаланың қанатын кеңге жаюы – еліміздің даму деңгейінің көрінісі. Небәрі 20 жылдың ішінде облысымызда 350 әлеуметтік нысан бой көтеріпті. 120-дан астам кәсіпорындар ашылып, 6 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Облыстың бюджеті 123 миллиард теңгеден асып жығылды. Бұл жақсы көрсеткіш, көңіл тоғайтарлық табыс. Бұл тұрғыда өңірдің, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген ардагерлер қауымына айтар алғысымыз шексіз. Сіздерді осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Бекболат Серікбекұлы.

Марапатқа ие болған азаматтардың қатарында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев те бар. Ол бұл марапат өзіне қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыра түсетінін айтады.

– Астананы Алматы қаласынан Ақмолаға көшіру туралы идея 1994 жылы айтылғаны есте. Десе де, араға 3 жыл салып барып, ұлы көштің алғашқы легі солтүстікке бет түзеді. 1998 жылдың жаз айында Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өтті. Содан бері бас шаһарымыз ұдайы даму үстінде болды. Өз кескін-келбетімен әлемдегі ең сұлу шаһарлардың қатарына қосылды. Астана халықаралық маңызы жоғары түрлі жиындар өтетін, бейбітсүйгіш елдің, қауіпсіз мекеннің ордасы ретінде дүниежүзіне танылды. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясатының жемісі, – дейді ол.

Жалпы, жиын барысында бас-аяғы 16 адам «Астана-20 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты. Бұл елдің ынтымағын, береке-бірлігін, ұрпақ қамын ойлаған аға буынға деген үлкен құрмет екені анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР