Мерекең құтты болсын, Мәңгілік ел!

0 8

Ұлттың жүрегіне, ұрпақтың маңдайына алтын әріппен жазылған Тәуелсіздік – анадай қадірлі, әкедей құдіретті, бауырдай ыстық, інідей ізгі, қарындастай аяулы, батырдай батыл, ақындай шыншыл, би-шешендей әділ, өмірдей қымбат, бақыттай қастерлі ұлы ұғым. Алмағайып заманаларда алғаш асауды мініп, асуларды бағындырған, тұңғыш темір балқытып, одан алты қарыс алдаспан жасап, кең даласын жаудан қорғаған бабалардың теберігі, қызғалдақтай аяулы аналардың аманаты. Тәуелсіздік – алты алаш бесігінде тағдырлы тарих тербеткен Тәңірдің перзенті. Ел мен Елбасының ар-намысы, Ұлы даладағы бейбітшіліктің, бақ пен берекенің бойтұмары.

Кешегі елім деп ерліктің туын жықпай, ұрпағым деп ұрандаған арыстарымыздың бір жағадан шыққан алтын бастарына алдаспан, бір жеңнен шыққан қолдарына кісен салынған далада тәуелсіздік ірге қалап, уақыттардың уығына шаншылған егемендіктің шаңырағы биікке бой көтерді. Бүгінгі біздің ел сол кешегі билер мен батырлардың тікелей ұрпағы. Әділдік пен ерліктің, тарих пен тағылымның төл мұрагері. «Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым, түркі ұрпағы үшін» деп баяғы елдің тағдырын балбал тасқа қашап кеткен Күлтегін мен Тоныкөктің тарихи жалғасы. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» деген Сұлтанмахмұттардың дуалы ауыз ұраны, жеңіс үшін жебеге, Отан үшін оққа байланып кеткен ақеділ бабаларымыздың, ұмыттыруға уақыттың да құдыреті жетпейтін ерен ерлігі қазақтың ұрпағын азаттыққа жеткізді. Байтақ даласын бөрідей қорғаған алаш баласы, ашық аспанын да қырандай қорғауға ұмтылды. Бүгінде еліміздің ұраны алты құрлықтың биігі мен төрт мұхиттың тереңдігіне жетіп, найзаларымыз керегеге, қалқанымыз шаңыраққа, ал бес қаруымыз білім мен ғылымға айналды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» десе, ендігі бір сөзінде жалынды жастарға жанашырлық таныта «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік» деп баса айтқан болатын.
Көне тарихтың күретамырынан қайнап аққан қазақтың қаны мен жаны қашанда қайсарлықтан қайтқан емес. Сонау баһадүр бабалардың ізімен ілгері басып, қара бас пен қарынның емес, «қара қазан, сары бала қамы үшін» шыбын жанын пида еткен Желтоқсан жауқазындары да ел жадынан ешуақытта ұмытылмайтын ерліктің иелері. Ұлысымыздың қаһарман ұлы, бар қазақтың мақтанышы, ардақты жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековтің:
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат! – деп «Ақтық сөзін» және «…алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, Құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық» деген рухты сөзін ешқайсысымыз ұмытқан жоқпыз. Оның сөзі, ерлігі ешқашан ұмытылмайды да.
Қазақстаным – жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым.
Аңсаған бабам, аңсаған елім,
Бостандық еді-ау – асыл арманың, – деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі жырлағандай, берекелі байтақ далаға баянды бақыт орнады. Бұл жағдайды белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова:
Дүниеде мұң ғана мұңнан да ауыр –
Мұңайғанда жол таппай тұрған бауыр,
Кегі кеткен далама келдің бе есен,
Тарихи әділетті туған дәуір!
Еске түсіп, езіліп отыр ішім,
Тарих қойны қан мен жас – өкінішім.
Таулар шөгіп,
батырлар шейіт болған
Тәуелсіздік таңына жету үшін, – деп шынайы кестелейді.
Расымен, Отан-Анамыздың осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға жетуі, майдан даласына айналған кең байтақ жеріміздің Мәңгілік Ел болуы жолында бабалардың ізін жалғап, Тәуелсіздіктің шырақшысына айналған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ұшан-теңіз еңбегі ерлікпен пара-пар.
Ұлтымыздың баянды бақыты үшін жан аямай күресіп, ұрпаққа қамқор болған Мемлекет басшысы бұл күннің маңызын тағы бір сөзінде; «Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі. Тәуелсіздік кешегі батыр бабалар өсиет еткеніндей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі. Біз жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясат – халықтың даналығы. Қазақстанды өркендету жолындағы күллі жауапты шешімдердің даналығы. Халқымыздың асқақ абыройының, қонақжайлылығы мен кең пейілінің даналығы. Тәуелсіздік дегеніміз – бұл жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі» деп ерекше атап өтіп, барша қазақстандықтарға рух берді.
Елбасының дара саясатының арқасында жоғымыз түгенделді, барымыз бағаланды. Тәуелсіздіктің әр күні мерекеге айналды. Ықылым замандардан бері ынтымағы ыдырамай, ырысы сарқылмай төрткүл дүниеге танылған ұлтымыздың бағындырар белесі әлі де көп. Әлемге тек қайсарлығымен, мықтылығымен танылып келе жатқан еліміз осынау 27 жылдың ішінде ондаған ғасыр бойы жүзеге аспаған ой-армандарды шындыққа айналдырды. Тәуелсіз Ұлы даланың ханшайымы – ару Астанаға жер-жаһан ғашық болды. Кешегі Әміре Қашаубаевтай әз дауысты саңлақтардың ізін басқан Димаш Құдайбергеновтей ұрпақ тәуелсіз қазақ баласының үнін әлемге жаңғыртып, батыс пен шығыстың жүрегін баурап алды. Қанат Исламдай спорт шеберлері кешегі Махамбет пен Исатайлардың бойындағы жойқын жауынгерлікті алты құрлыққа жеткізді. Елбасы тағайындаған «Болашақ» бағдарламасының стипендиясымен әлемнің түкпір-түкпіріне білім қуып, азат елдің атын шығарып жүрген өрендер қаншама?! Осылайша ақ жаулықты ананың да, періште-пейіл сәбидің де ұйқысы тыныш, күлкісі риясыз ғазиз ғұмыр орнады. Осының барлығы Тәңір мен тәуелсіздіктің арқасы. Мерекең құтты болсын, Мәңгілік Ел! Мейрамыңмен, мәртебелі Ұлы дала!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.