Астанаға 20 жыл

Мерей. Мақтаныш. Мәртебе

Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған бас қала осыдан 20 жыл бұрын қандай еді?! Ерке Есілдің оң жағалауында орналасқан сол кездегі Ақмоланың 200 мыңдай тұрғыны болса, ондағы мәдени-әкімшілік ғимараттары, оқу орындары саусақпен санарлықтай ғана болатын. Ал, бүгін көмескі көріністер келмеске кеткен. Қазіргі таңда тұрғындары миллионнан асып жығылатын алып шаһар еліміздің саяси және мәдени орталығына айналды.

Бір сөзбен айтқанда, бас қалаға қарап басқалар бой түзейді. Осы орайда, Елорданың құрметіне көптеген әлеуметтік нысандар мен көшелердің «Астана» аталуын жақсылыққа балауымыз керек. Жамбыл жерінде де бас қаланың атауы берілген орындар аз емес. Бір ғана мысал. 2005 жылы Тараз қаласында бой көтерген жаңа ықшамауданға «Астана» атауының берілгенін жұртшылық жақсы біледі. Бүгінде мұнда 31 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның нәтижесінде жүздеген жерлесіміз қоныстойын тойлады. Қазір олар «Біз «Астанада» тұра­мыз!» дегенді мақтанышпен айтады. Жаңа аумақтан алғашқылардың қатарында пәтер алғандардың бірі – Болат Кеншімбек. Ол ықшамауданның ашылуына ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың келіп, тұрғындармен жүздескенін ешқашан ұмытпайтынын айтады.

– «Астана» ықшамауданының арқасында көптеген отбасы бірден жаңа тұрғын үйге ие болды. Олардың қатарында менің де жанұям бар. Қуанышымызда шек болған жоқ. Ал, ықшамауданның ашылу салтанатына Мемлекет басшысының өзі келіп қатысып, құтты болсын айтуы жақсылықтың бастамасы болғандығы сөзсіз. Өйткені, мен сол жерден пәтер алғаннан кейін бір айдан соң қызды болдым. Бүгінде Астана аттас ықшамауданда үбірлі-шүбірлі болып, бақытты күн кешудеміз. Жаңа аумақта жыл өткен сайын құлпырып келеді. Мұнда гүлзарлар салынып, монумент бой көтерді. Мұның бәрі де елдің игілігі үшін жасалып жатқан тындырымды тірліктер, – дейді Б.Кеншімбек.

Жалпы, аталған ықшамауданда жаңа үлгідегі 280 орындық балабақша да бүлдіршіндердің шаттық мекеніне айналған. 1 029 орындық Қаратай Тұрысов атындағы №53 орта мектеп – жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жатқан іргелі білім ошақтарының бірі. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау барысында Атырау облысы тарту еткен арнайы демалыс сквері де алыстан көз тартады. Гүлзар аумағында субұрқақ, екі барельеф орнатылған. Қазір бұл аумақтан кісі қарасы үзілмейді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Визарт НТ» ЖШС құрылысын жүргізген «Гүлденген Қазақстан» атты монументалды-архитектуралық кешені де «Астананың» ажарын аша түсті. Монумент триумфалды арка пішінде жоспарланған. Шығыста арка мәңгілік махаббат пен бақыттың символы болып келеді, шаңырақ – мемлекеттің түп негізі отбасының бейнесі. Ал, сегіз бұрышты жұлдыз Қазақстанның болашаққа бастар жолы іспетті жобаның мағынасын аша түскен.

Сондай-ақ, облыс орталығында Елорданың құрметіне ашылған «Astana Park» кинотеатры да жұмыс істейді. Жас кәсіпкер Олжас Қуандықов нысанның атын бас қаламен байланыстырудағы мақсат, Астана секілді өсіп-өркендесе деген ниеттен туғанын айтады.

– Бүгінде «Астана» атымен аталатын футбол, бокс, баскетбол клубтары бар. Олар халықаралық аренада тек бас қаламыздың ғана емес, бүкіл еліміздің атын шығарып жүр. Менде де сол секілді кинотеатрды брендке айналсын деген оймен атадым. Жалпы, «Astana Park» кинотеатры былтырғы жылы ашылған болатын. Ал, оған дейін Абай даңғылы бойында «Астана синема» деген кино көрсететін орталығымыз болған. Байқап тұрғандарыңыздай, Астана ұғымы жаныма жақын, – дейді О.Қуандықов.

Бүгінде аталмыш нысанда 3 кино көретін зал бар. Сондай-ақ, балалар ойнайтын арнайы орын да қарастырылған екен. Мұндағы ерекшеліктердің бірі, кофе ішіп отырып кітап оқуға мүмкіндік мол. Ол үшін орталық басшысы кітап қорын жастар талғамына сай толтырып қойған.

Облыс орталығында Астана атын алған ықшамаудан мен кинотеатрдан өзге көп сала­лы колледж де бар. Бір қуанарлығы, аймақ­тағы көнерген көше атаулары да жаңа дәуір идеологиясына сай қайта жаңғыруда. Оның ішінде, Астана атаулары да кездеседі. Мәселен, Байзақ ауданының Қосақ ауылындағы бұрынғы Центральная көшесі қазір Астана аталады. Сонымен қатар, аталған ауданның орталығы Сарыкемер ауылындағы мемлекеттік балабақшаның бірі Астана атын алса, ондағы жұрттың сүйікті орындарының біріне айналған саябақ та бас қаланың 10 жылдығына арналған. Бұдан өзге, Жамбыл ауданына қарасты Түркісіб ауылындағы Седовка көшесін жергілікті билік 2009 жылдан бастап Астана деп атауды жөн көріпті. Бүгінде Меркі ауданы, Плодовоягодная ауылындағы Ленин көшесі, Мойынқұмдағы Ақсүйек ауылындағы Дальная көшесі де Елордамен аттас. Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылының да бір көшесі бас қаланың атымен аталады. Сонымен бірге Талас ауданы, Қасқабұлақ ауылындағы Центральная көшесі былтыр Астана атын алыпты.

Астана – болашақтың каласы мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы – жас мемлекетіміздің жасампаздықка ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының белгісі. Сондықтан, жер-жерлерде бой көтерген нысандарға Астана атауының берілуі құптарлық қадам.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР