РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ Рухани жаңғыру

Мерейі тасыған Ниязқұловтар әулеті

Written by Aray2005

Жұртшылықтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен адамгершілік қасиетін арттырып, отбасылық құндылықтарды сақтауға, үлгілі отбасылардың қатарын көбейтіп, ұлттық салт-дәстүріміз бен болмысымызды нығайтуға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Жалпы, сәуір айында өткізілген байқаудың бірінші кезеңіне Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 165 отбасы қатысып, оның 44-і облыстық кезеңде бақ сынаған. Оған қатысушылардың арасында көп балалы және жас отбасылар мен түрлі этнос өкілдерінен құралған, кәсіптік шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп отырған жанұялар да бар. Ал, кеше осы әулеттердің ішінде облыстық кезең қорытындысы бойынша суырылып алға шыққан 5 отбасы марапатталып, мерейі үстем болды.
Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов жүлдегерлерге жылы лебізін арнап, Т.Рысқұлов ауданынан келген бас жүлде иегері – Ниязқұловтар отбасына 500 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
– Облыстық байқауда оза шапқан отбасылардың барлығы да бас жүлдеге лайық. Олардың салт-дәстүрге берік, өзгеге үлгі боларлықтай қасиетке ие, өскен-өнген әулеттер екені бізді қуантты. Олар халқымызға тән өнегелі құндылықтарды құнттаумен қатар, дамытып, отбасы мәртебесін арттыруға айрықша үлес қосып жүр. Сондықтан, байқауға қатысушыларға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан алғыс білдіремін. Десе де, байқау шарты бойынша бір ғана отбасы жеңімпаз атануы тиіс. Комиссия мүшелерінің шешімімен біз «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің бас жүлдесіне Ниязқұловтар отбасын лайық деп таптық, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
«Мерейлі отбасы» атанып, мерейі үстем болған Ниязқұловтар әулетінің үлкені Өмен Ниязқұлов. 83 жастағы ақсақал осыдан 50 жыл бұрын білім саласында жемісті қызмет атқарғаны үшін «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін кеудесіне таққан. Кезінде ауылдық кеңестің бірнеше мәрте депутаты болған ол Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығында «Тыл ардагері» медалін иеленген. Білім және ғылым министрлігінің, облыстық және аудандық әкімдіктердің арнайы медальдарымен және Құрмет грамоталарымен де марапатталған екен.
– Мемлекет мыңдаған отбасылардан құралады. Еліміздегі әрбір отбасының босағасы берік, ынтымағы мығым болса, онда елдің де ертеңі жарқын. Менің барлық саналы ғұмырым ұстаздыққа арналса, соның көпшілігінде мектеп басшысы болып еңбек еттім. Ұлтымыздың ертеңі саналатын ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесім көптің алдында. Ал, әулет жайлы сөз қозғасақ, әкем соғыста командир болып жүріп қаза тауып, мен жалғыз өстім. Анам мен әжемнің арқасында жетіліп, ұжымшар басшысының қызы Баянмен көңіл жарастырып, бүгінде 8 ұл, 4 қыздан 32 немере, 20 шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Марапатқа ие болып отырған 6 маусым мен үшін ешқашан ұмытылмайды. Себебі, нақ осы күні бастықтың қызымын демей әжелерің маған тұрмысқа шыққан еді. Ұл-қыздарым құқық қорғау саласында қызмет еткенімен, келіндерім, немерелерім ұстаз, – дейді қария.
Ал, байқаудың бірінші орынын жеңіп алған Шу ауданынан шыққан, республикаға танымал мүсінші, суретші, карикатурашы Қали Қораласбаевтың отбасына 400 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Екінші орыннан көрінген меркілік Қадырхановтар отбасы 300 мың теңгенің сертификатына қол жеткізсе, Жамбыл ауданынан келген Мұсаевтар отбасы мен байзақтық Тілеубердиевтер отбасы үшінші орынды теңдей бөлісіп, әрқайсысы 200 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Айта кету керек, бас жүлде және бірінші орын иегерлері республикалық конкурста бақ сынайтын болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР