Мерген Меруерт

0 2

Мына жарық дүниені әйелсіз елестете алмаймыз. Халқымыздың ілгеріден келе жатқан таным-түсінігі мен дәстүрлі тіршілігінде, ұлылық ұғымында әйелдер қауымының қоғамдағы орнына айрықша мән берілген. Олар ана ретінде тек үй шаруасы, бала тәрбиесіне ғана жауапты болып қоймай, ұлт тағдыры, ел намысы үшін қажет кезде атқа қонып, саяси және мемлекеттік деңгейдегі түрлі даулы мәселелерді шешуге де бел шеше араласқаны тарихтан белгілі.

Бүгін де әйел-аналар, қыз-келіншектер адам құқығы, отан қорғау, бизнес, спорт, мемлекеттік қызмет секілді кез келген салада өз ісіне қамшы салдырмай, ер адамға бергісіз іс тындырып келеді. Мысалы, облыстық полиция департаментінің көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасының аға инспекторы, полиция капитаны Меруерт Тәжібаеваның құқық қорғау саласында еңбек етіп келе жатқанына 12 жылдан асқан. Шымкент қаласында туып, орта мектепті Арыс ауданы, Ақдала ауылында бітірген ол әу баста құқық қорғау саласында қызмет етемін деп ойламаған екен. 1999 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, еңбек жолын 2004 жылы Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде дизайнер болып бастаған ол арада үш жыл өткенде бұрынғы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне шақырту алған. Полиция қызметкерлерінің жұмысына сол ортада жүріп қаныға бастағаннан кейін, осы салада қызмет етуге аңсары ауған. Содан ол үш жыл ҚР Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматыдағы академиясында оқып, 2012 жылдан ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беретін нағыз маман ретінде жұмысқа кіріседі. Салаға деген ынтасы мен қарым-қабілетінің арқасында әріптестер арасында абыройы асқақтап, жұмысы жүйесін табады. Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арман Тұрдалиев кез келген адамның табысқа жетуі оның қарым-қабілеті мен ерік-жігеріне, іскерлігі мен алға қойған мақсат-мүдделеріне байланысты екенін айтады.
– Облыстық полиция департаментінің заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасында елу адам еңбек етсе, соның бірі – Меруерт Тойлыбайқызы. Ол «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы ұйымдастырған қыздар арасындағы жарыстардың екі дүркін жеңімпазы. Одан бөлек, Калашников автоматын белгілі бір уақыт ішінде шашып-қайта жинау, нысананы дәлдікпен ату секілді бірнеше кезеңдік сайыстардың жүлдегері. Бөлімшелер арасындағы Макаров тапаншасынан оқ ату жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы болған ол өзі бағындырған белестерге іскерлік қарым-қабілетінің, жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында қол жеткізді деуге толық негіз бар. Жалпы Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамасын бұзушының деректерін анықтау, олардың жолын кесу, алдын алу бағытында атқарған еңбегі ескерусіз емес. Басқа марапаттауларды айтпағанда, Ішкі істер министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарын иеленген. Осындай өжет, алғыр, намысшыл, жеңіске деген құлшынысы айрықша, іскер, жауапкершілігі жоғары бұрымдыларға біздің артар сеніміміз зор, – дейді Арман Әселханұлы.
Иә, мерген Меруерттің қызметін басшылық осылай жоғары бағалауда. Кешегі сұрапыл соғыста атой салып, ерліктің ерен үлгісін өзгерткен Әлия Молдағұлова сынды батыр арулардың ізін жалғап келе жатқан Меруерттің «құралайды көзге атқан» мергендігі талайды таңғалдыратыны даусыз. Ал елге қалтқысыз қызмет етуді маңызды міндет санайтын Меруерт Тәжібаева бүгінде бірінші сыныпты тәлімгер. Кейінгі жастарға үйретері көп. Өмірлік жары да ішкі істер саласының қызметкері. Үш ұлдың анасы атанып отырған оның айтуынша, отағасы да осы салада жемісті еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан.
– Біз әйелдер қанша жерден абыройымыз асқақтап, беделіміз биіктегенімен, бәрібір ер азаматтарға арқа сүйейтініміз шындық. Менің осы қызметті ұршықтай иіріп алып кете алуыма отағасы да демеу болғанын, одан үйренгенім көп екенін жасырмаймын. Біз жанұя жылуын, шаңырақ шаттығын сақтауға, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін қадірлеп, оны дамытуға, ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстауға тиіспіз. Құқық қорғау органдарындағы мен секілді кез келген нәзік жандылардың қызметпен қатар, отбасы мәселесін де бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені, жұмыстан кейін, бізді баланың тәлім-тәрбиесі, тамағы мен киімінің дұрыс болуы секілді үй шаруасына қатысты мәселелер күтіп тұрады. Қысқасы, түзде жүріп, үй табалдырығын аттағанда бәрібір ана кейпіне енеміз. Ер адам ақылымен, қайратымен бізден биік тұрса, біз мейірім, отбасына деген берік махаббатымызбен жанына демеу боламыз, – дейді ол.

Қоғамдағы тұрақтылық пен ел тыныштығының қалыпты болуына, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда әйелдердің рөлі жоғары екені ақиқат. Себебі, әйел отбасының ғана емес, қоғамның, мемлекеттің тірегі болғандықтан оларға артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Сол үшін де халқымыз бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен ананы ерекше сыйлап, құрмет көрсеткен. Ендеше, қызметпен қатар, ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырмай, ерін пір тұтып, елін сүйетін аналар қауымының қатары көбейе берсе екен дейміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.