Қоғам

Меритократия – білімділер мен біліктілер билігі

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ең алғашқы бағытында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне айрықша басымдық берілгені белгілі. Бұл түсінікті де. Өйткені, ел игілігіне бағытталған елеулі бастамалардың жүйелі жүзеге асуы кадрлардың білімділігі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Міне, осы орайда елімізде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында арнайы реформа әзірленген болатын. Оның негізгі қағидасы – бюрократия мен технократияны жоюға септігін тигізетін меритократияны енгізу. Бір сөзбен айтсақ, тамыр-таныстықпен емес, лайықтыны мемлекеттік қызметте мансаптық жолмен жоғарылату. Бұл әрине, қатаң әрі әділ бастама. Бірақ, оны біздің қоғамда жүзеге асыру мүмкін бе? Осы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жолындағы өзге де қолға алынған шаралар төңірегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Мақсұт Ыбрайханұлы, ең алдымен Ұлт жоспарында көрсетілген жоғары лауазымдағы орындарға төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлерді тек қана конкурстық негізде жылжытуды міндеттеген меритократия қағидаттары хақында әңгіме өрбітсек. Бұл жүйенің тиімділігі неде?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қатысты бірқатар міндеттер жүктегені мәлім. Осыған байланысты 2016 жылдың 1 қаңтарында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл Заңда мемлекеттік қызметтің мансаптық моделін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттеріне байланысты айқындалады. Қызметтік саты ең төменгі лауазымнан басталады. Яғни, мемлекеттік қызметте жоғарылау үшін алдымен төменнен бастау керек. Ал, мансаптық жоғарылау тек қана конкурс арқылы жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі мемлекеттік қызметте «әке-жәкеге» жол берілмейді. Өз біліктілігі мен білімін дәлелдеген мамандар ғана мемлекеттік қызметтен орын таба алады.
– Ал, енді меритократия қағидаттары облысымызда қалай іске асырылуда? Осы талап бойынша қанша мемлекеттік қызметші лауазымдарын жоғарылатты?
– Былтыр облыстағы барлық мемлекеттік органдарда 2097 бос әкімшілік лауазымды орындарға конкурс жарияланды. Олардың ішінде ішкі конкурс бойынша тіркелгені 1 136 орын болса, жеңімпаздар саны 511 адамды құрады. Сондай-ақ, меритократия қағидаттары негізінде 303 мемлекеттік қызметшінің лауазымы конкурстық негізде жоғарыласа, төменгі сатыға конкурстық негізде жалпы 630 азамат мемлекеттік қызметке қабылданды.
– Мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін конкурстар ашық әрі объективті жүргізіліп жатыр деп нық сеніммен айта аласыз ба?
– Мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілгендей, қызметке орналасу конкурстық негізде жүргізіледі. Конкурс кез келген азаматтың тең құқығын қамтамасыз етедi. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурсты өткiзудiң шарттары мен тәртiбiне сәйкес конкурс жүргізу әр мемлекеттік органда конкурстық комиссия құру негізінде жүзеге асырылады. Аталған комиссиялардың жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін отырысқа байқаушылар шақырылады. Оған Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, заңнамада белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдары, басқа да мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық құрылымдардың және саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері енгізілген. Былтыр біз жыл қорытындысында белсенді байқаушыларды шақырып, арнайы Алғыс хаттармен және грамоталармен марапаттадық.
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 6-қадамында көрсетілген еңбекақыны нәтиже бойынша төлеу жүйесіне тоқталып өтсеңіз. Мәселен, қызметшілердің жұмысы жеке жылдық жоспарларды орындағанына қарай бағаланады делік, ал әкімдердің жұмысы мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы және инвестиция тарту көрсеткіштеріне қатысты көрсетіледі. Үкімет мүшелерінің еңбегі болса, интегралдық макроэкономикалық индикаторлармен байланысты екені түсінікті. Сонда оны кім саралайды, қызметкерге кім баға береді?
– Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 6-қадамына сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу факторлық балдық шкала бойынша есептеледі. Қазір бірқатар органдарда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің пилоттық режимі енгізілді. Ол «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларын басшылыққа ала отырып жүзеге асырылуда. Факторлы балдық шкала бойынша еңбекақы белгілі бір қызметкер емес, мемлекеттік органның мақсаты мен міндетіне қол жеткізу бойынша лауазымның пайдалылығын ескере отырып бекітіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда бағалау жөнінде комиссиялар құрылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалайды.
– Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруды, құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартуды, қайталанатын рәсімдерді жоюды, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді толық электрондық форматқа көшіруді тапсырғаны мәлім. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір терезеден басқаратын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған. Бүгінгі таңда бірнеше пилоттық жобалар іске қосылып, мемлекеттік қызметтер композиттік түрде көрсетілуде. Яғни, бір өтініш негізінде бірнеше қызмет көрсетіледі. Мысалы, бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізу мен бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау және мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшаға кезекке қоюды бір өтініш арқылы жүргізуге болады. Бірнеше салалық қызметті де осылай бір өтінішпен жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
– Қалай ойлайсыз, дәл қазір мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы көпшіліктің көңілінен шығып жатыр ма?
– Біз қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, мемлекеттік қызмет көрсететін орындарда қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту әрекеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді анықтау үшін былтыр мамыр айынан бастап «Жасырын тұтынушы» әдісімен «Қоғамдық бақылау» жобасын қолға алдық. Бұл жоба бойынша кез-келген қызмет алушы қандай да бір мемлекеттік қызметті алу барысында қызмет көрсетуші тарапынан орын алған кемшіліктерді бейне және аудио жазбаға түсіріп, департаментке жолдай алады. Соған сай біз өз тарапымыздан кемшіліктер анықталған органдарға тиісті шаралар қолдану үшін ұсынымдар жолдаймыз. Осылайша мемлекеттік қызмет көрсетуді барынша ашықтық принципі бойынша жүргізуге күш салудамыз.
– Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім сала екені айтпаса да белгілі. Осы тәуекелдерді болдырмауға немесе алдын алуға сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолға алынуда? Және атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Мемлекет алдында тұрған басты міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүзеге асыру. Сондықтан, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясы қабылданды. Ол бүгінде өз нәтижесін беруде. Халықаралық Транперенси Интернешнл ұйымының жыл сайын жариялайтын Жемқорлықты қабылдау индексінде еліміз былтыр тоғыз сатыға жоғарылап, 122-орынға шықты. 2016 жылы 131-орында тұрғанбыз.
Жемқорлыққа жол бермеуге мемлекет пен қоғам бірдей мүдделі болуы тиіс. Агенттік өз тарапынан қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар жобалар іске асыруда. Мысалы, мектеп оқушылары үшін «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнінің білім жүйесіне енгізілуі өскелең ұрпақты осы індетке қарсы қоюға бағытталған нақты қадам болып тұр. Ал, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен ақпараттық түсіндіру шараларын жүзеге асыру бағытында «Парасыз болашаққа – бірге!» мобильді тобы құрылып, «Есіктен – есікке» жобасы іске асырылуда. Бұл бастамалардың барлығы бүгінде өз тиімділігін көрсетіп, жемісін беруде. Аталмыш жұмыстарды біз жылда жаңартып, жүйелей түсетін боламыз.
– Биыл мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына 20 жыл. Осы айтулы мереке аясында әріптестеріңізге қандай тілек тілер едіңіз?
– Еліміздің ең басты ұстанымы – ол мемлекеттік қызметтің мінсіздігі. Осы салада қызмет етіп келе жатқан әріптестерімді 20 жылдық белеспен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, дендеріне саулық, жұмыстарына жеміс тілеймін. Ел алдындағы қызметтері адал да, абыройлы болсын!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан С.Тілеужан

ПІКІР